Туған жердің төсіндегі бағзы заманның бейнесін, оқиғалар сорабын уақыт шымылдығы қымтай тұмшалап, көзден тасалап барады. Ел ішінде ескінің ескі естелігін жадына тоқығандар қатары да сиреген. Әйтсе де ұмытылмауға тиісті бірер жай жаныңа жай таптырмай, өзі сұранып тұрғандай.
Қожас тауының сілемдерінің етегінде, аумағы атшаптырым алқапта ел үшін қан майданда басқыншы жаумен шайқасып, шыбын жанын қиған есіл ерлердің мәңгілік тыныс тапқан орны бар. Сәуле аулының оңтүстігінде, заманында Абылай ханның қара жолы көктей басып өткен Жыланды төбе маңында ел қорғаған ерлерге топырақ бұйырған көп бейіт қараусыз жатыр. «Абылай ханның қара жолы» экспедициясының ғылыми жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Қ.Еңсеновтің пайымдауынша, жауынгерлерді жерлеу ғұрпы ХVІІІ ғасырға сәйкес келеді. Ажал аңсаған сұр жебе қарша борап, бес қаруын беліне байлаған басқыншы жау төбесінен төніп тұрғанда жорық жолындағы дәстүрмен шейіт кеткен есіл ерлер туған жердің қойнауына табысталған.
Енді тарих тылсымына сүңгіп көрелік. Бұл жерде 1741 жылы жоңғар хандығының қонтайшысы Қалдан Сереннің тапсырмасымен Орта жүз жайлаған өлкені басып алмаққа келген лама Доржы мен Септен нояндардың жер қайысқан қалың әскеріне қарсы тұрып ерлікпен шайқасқан қанқасап майданда опат болған жауынгерлер жерленген деседі. Мамай аулының маңындағы қорымға төңірегі орланып қазылған соң жету қиындап, осы шайқаста ерлікпен қаза тапқан атақты Нұры батырдың ұрпағы Манарбек Бұрмағанов есіл ерлердің ерлік ісін паш ететін ескерткішті жолдың қарсы бетіне орналастырыпты. Сәуле аулының маңындағы тойған қозыдай томпайып жатқан Жыланды төбенің етегіндегі үлкен қорымның маңы уақыт табымен тозып, шөп басып, жерменжексен болып кеткен. Елдің қазына қарттарының айтуларына қарағанда, 50-жылдары бейіттің маңы мал баспау үшін орланып қазылған екен. Уақыт өте келе ор да бітелген.
– Кейінгі ұрпақ қара қорымды қоршаса, нағыз елдік іс болар еді, – дейді экспедиция жетекшісі, Біржан сал ауданының құрметті азаматы Мұрат қажы Ыдырысұлы. – Аталарымыздың осы бір ғажайып ерлік үлгісі, туған жерге деген перзенттік асыл махаббаты кейінгі ұрпаққа әдемі үлгі, өміршең өнеге болмас па? Атамыз қазақта «өлі разы болмай, тірі байымайды» деген астарына кәтепті қара нарға жүк болар салмақ салатын сөз бар емес пе?! Ескерткіштің жалпы нобайы, қазіргі тілмен айтқанда, эскизі дайын. Көп қаражат та қажет емес. Қалың қорымның жайылған малдың табанының астында жатқанын көргенде көкірегің тұз құйғандай ашып, жаныңды қоярға жер таппайсың. Алдағы уақытта ауданның іскер азаматтарын жұмылдырып, жұтындырып қоршап қойсақ, ел қорғаған ерлердің алдында парызымызды өтер едік.
Мұндай елге үлгі болар жақсы мысал баршылық. Осы Абылай ханның жорықты жолдарының ізін індеткен экспедиция барысында Мұрат қажы бастаған азаматтар 2021 жылы Кенесары ханның мерт болған жері Кекілік Сеңгір тауының етегіндегі Майтөбеге ел атынан ескерткіш тас қойыпты.
Тағылымды тарихты алыстан іздеудің қажеті жоқ. Жөкей көлінің жағасында Біржан салдың Көкжартасы (х) деп аталатын биік жартас бар. Семіз жылқының қартасы іспетті бұйра-бұйра болып жатқан һас шебер табиғаттың төл туындысы. Көгілжім сағымға оранған сайын далаға жіті назар салсаңыз, қозыкөш жер құтты алақаныңызға салған бір шөкім жақұттай жарқырап, көз тартып, көңіл арбар еді. Бізге жеткен аңызға қарағанда, асқақтата шырқаған Біржан салдың әні қозыкөш жерден естіледі екен. Ең өкініштісі, қазіргі жұрт арыдағы Алаштың ән өнеріне өшпес үлес қосқан Салдың сыбағасын ұмытқан сыңайлы. Қазір жаңағы жартас «Кирзуха» деп аталады. Жөн білмейтін, ел тарихынан хабарсыздардың аузында осы атау жүр. Қайдан шыққан, түп төркіні қалай қалыптасқан деп іздеп едік, осы маңда ертеректе Кирза деген орыстың мұжығы шөп шапқан екен. Табиғаттың өзі келімсекті жақтырмаса керек, мұжықтың өгізін аю жарып кетіпті. Көгілдір Көкшені, бар қазақтың даласын асқақ әнімен әлдилеген Біржан салдың атымен аталған Көкжартасты Кирзухаға айналдырған соң намыс қалай қыспасын?! Жартастың іргесін жанай, етегін баса қоныстанған демалыс орындары Кирзуха деген сілтеме қойыпты. Міне, қисынсыздың қиысқан жері.
– Маусым айында Біржан сал және Бурабай аудандарының әкімдері Достанбек Есжанов пен Арай Садықовқа Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі, Еуразиялық дизайнерлер одағының құрметті мүшесі Манарбек Бұрмағанов екеуміз жолығып, ескерткіштерді орнату мәселелерін талқылап, эскиздерін ұсындық. Қолда бар мәліметтерді бердік, – дейді Мұрат қажы Ыдырысұлы.
Ендігісі елдегі ұлтжанды азаматтардың ниеті мен іскерлігіне байланысты. Атамыздан аманат болып қалған Көкжартастың Кирзуха атанып тұруы сүйекке таңба.
Ақмола облысы, Біржан сал ауданы