• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Саясат 18 Шілде, 2024

Қаржы сауаттылығы дәрісі

146 рет
көрсетілді

«Amanat» партиясы «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында мұғалімдерді қаржылық сауаттылықты оқыту дағдыларына үйретуді ұйымдастырады. Ел бойынша барлығы 7 500 мектеп, колледж және университет оқытушылары арнайы оқытылады. Жоспар бойынша жаңа пән жаңа оқу жылында оқу бағдарламасына енгізілмек.

Астанада оқу семинарының қатысушы­ларымен Мәжіліс спикері, «Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек және Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев кездесті. Мәжіліс спикерінің айтуынша, мұғалімдер әрдайым қоғам­дағы жаңа және прогрессивті бастама­лардың негізгі нұсқаушысы. Сондықтан педагогтердің қаржылық сауаттылық бойынша жаңа пәннің мәнін түсінуі және жастарды оқытуы маңызды.

– Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда қаржылық сауаттылықты арттыру бо­йынша «Қарызсыз қоғам» жобасына ерекше назар аударды. Президент Үкіметпен бірлесіп бұл бастаманы жалпы­ұлттық жобаға айналдыруды және оның ауқымын кеңейтуді тапсырды. Бұл жұмысты, ең алдымен, мектеп пен жоғары оқу орындарынан бастау керек. Біздің Президентіміздің негізгі саясаты – реформаларды халық үшін және халықпен бірге жүргізу. Сондықтан біз сіздерді, мұғалімдерді шақырып, қаржылық сауаттылықты арттыру бойынша жұмыс істегіміз келеді, – деді Е.Қошанов.

Мәжіліс төрағасы бүгінгі отандық білім беру жүйесі өскелең ұрпаққа ең қажетті білімді беріп, оларды қазіргі өмірге барынша дайындауға тиіс екенін ерекше атап өтті. Бұл алдыңғы қатарлы шетелдік елдердің тәжірибесі.

Ол сондай-ақ мемлекет халықтың қа­рыз жүктемесін азайту бойынша жүйелі шаралар қабылдап жатқанын тілге тиек етті. Президенттің тапсырмасы бойынша Мәжілістегі «Amanat» партиясы фракциясы халықтың несиелік жүктемесін азайтуға бағытталған жаңа заң жобасын әзірледі. Бұл заң бірінші кезекте азаматтардың мүдделерін қорғауға бағытталған.

Партия хатшысы Эльдар Жұмағазиев­тің айтуынша, 2024 жылы қаржылық сауаттылықты 100 мың студент және 450 мың оқушы оқиды. Қосымша 200 мың адам оқыту курстарынан өтеді. Осылайша, биыл «Қарызсыз қоғам» жобасымен 750 мың адам қамтылады.

«Қарызсыз қоғам» жобасының әдіскер­лер жұмыс тобының жетекшісі Алма Дощанова 600 мың мұғалім, оқушы және олар­дың ата-аналары арасында арнайы сауал­нама жүргізілгенін айтты. Зерт­теу нә­тижелері бойынша, сауалнамаға қатысқан оқу­шы­лардың 60%-ы қаржылық сауат­тылық­тың маңыздылығын атап өтті. Бұл баста­маны ата-аналар тарапы да қол­дай­ды, 78% респондент балалары­ның қар­жы­лық сауаттылықты оқуға қызығу­шылық таныт­қанын айтады. Әдіскер-жобалаушы Назым Бекжігіттің пікірінше, қаржылық сауатты азамат елдің дамуына негіз болады.

Семей қаласының №5 гимназия мұға­лімі Сайрамгүл Жұмаділованың пікірінше, қазіргі уақытта смартфонның көмегімен несие рәсімдеуге болатын цифрлық дәуір­де баланы қаражатты басқаруға, жоспар­лауға және шығындарды есептеуге үйрету өте маңызды.

– Мектептердегі қаржылық сауаттылық оқыту аса қажет пән, өйткені ол балаларды ақшаны басқаруға: бюджет құру, үнемдеу және ақшаға жауапты болуға үйретеді. Қарыздар мен алаяқтықтан аулақ болуға, кәсіпкерлік дағдыларды дамытуға және болашаққа деген сенімділікті арттыруға көмектеседі. Бұл білім пайдалы және қаржылық тұрғыда тұрақты қоғам құруға көмектеседі, – деді ол.

Кездесу соңында Оқу-ағарту мен Ғылым және жоғары білім министрлері Ғани Бейсембаев пен Саясат Нұрбек «Қарызсыз қоғам» жобасының жоғары өзектілігіне тоқталып, оны білім берудің үш деңгейінде – мектептерде, колледж­дерде және университеттерде толық қолдайтынын айтты. Атап айтқанда, қар­жылық сауаттылық бойынша мектеп олимпиадалары өткізіледі. Осы пәнді оқы­ту қарқыны артады. Ол бүкіл ел бойынша, әсіресе экономикамен байланысты емес мамандықтар үшін барлық жоғары оқу орындарында міндетті болады.

Еске сала кетейік, «Қарызсыз қоғам» жобасы былтыр 2 мамырда басталған болатын. Жобаны іске асыру барысында 150 мыңға жуық адам оқудан өтті. Оқу курсының қатысушыларына ыңғайлы болу үшін qogamfin.kz. онлайн-платформасы әзірленді. Сайт арқылы оқуға жазылып, пайдалы материалдар мен бейне­сабақтарды жүктеп алуға болады.