Қызмет бабымен әлемнің талай мемлекеттеріне жолым түсті. Діттеп барған шаруаңнан бөлек, сол елдің салт-дәстүр, мәдениетіне, мемлекеттің құрылымына үңіле жүресің. Халқымызда «жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» деген аталы сөз бар ғой. Маған кезінде Елбасымыздың өзі ерекше мән берген Сингапур елінің мемлекеттік құрылымы ерекше ұнады. Күні кеше ғана ағылшын мемлекетінің отары болған, қедей-кепшік ел бодандық қамытын мойнынан сыпырғаннан кейінгі аздаған жылдарда аяғынан қаз тұрып, дүниежүзінің өркениетті елдері санасатындай қуатты мемлекетке айналды. Бес жарым миллиондай халқы бар елдің басшысы Ли Куан Ю қырық жылдың ішінде Сингапурда халықтың қолдауымен сыбайлас жемқорлықты ауыздықтап, мемлекеттік қызметті ең абыройлы мансап дәрежесіне жеткізді. Халқы кедейшіліктен құтылып, дәулетті елге айналды. Біздің Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев та осындай іргелі мемлекеттердің жақсы тәжірибесін үлгіге алып, Қазақстанды қуатты мемлекеттердің қатарына қосты.
Елбасының Жарлығымен жаңадан Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі құрылғандығы өздеріңізге мәлім. Осыған орай, агенттіктің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысының бұйрығымен департамент жанынан 11 мүшеден тұратын Қоғамдық кеңес ұйымдастырылды. Қоғамдық кеңестің құрамына саяси партия, жергілікті өкілетті органдардың және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, сондай-ақ облыстық кәсіпкерлер палатасының төрағасы енгізілді.
Аз-кем түсінік бере кетсек, қоғамдық кеңес – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады. Қоғамдық кеңес өз қызметінде Қазақстан Республикасы Конституциясын, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» және «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Қазақстан Республикасы зандарын және Қазақстан Республикасының басқа да нормативтік құқықтық актілерін, сондай-ақ белгіленген ережені басшылыққа алады.
Қоғамдық кеңестің мақсаты, біріншіден, мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын қолдау, қоғам өмірінің барлық салаларында сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын жетілдіру, мемлекеттің үкіметтік емес ұйымдармен және халықпен өзара іс-қимылын жандандыру.
Екіншіден, мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес және қоғамдық ұйымдардың, қоғам қайраткерлерінің және ел тұрғындарының күштерін азаматтардың қажеттіліктерін қанағаттандыруға, халықтың мемлекеттік органдармен қарым-қатынасын оңайлатуға және қоғам өмірінің барлық салаларында халықты қолжетімді жоғары сапалы қызметтермен қамтамасыз етуге бағытталған.
Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша жүргізілетін жұмыстар шегінде, халыққа мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде мемлекетпен және азаматтық қоғаммен байланысты қамтамасыз ету, жеке және заңды тұлғалармен, үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс- қимыл және ынтымақтастық жасауға қызмет етеді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын жетілдіруге және мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызметтерді сапалы ұсынуын дамытуға жәрдемдеседі.
Оңтүстік Қазақстан облысы тұрғындары үш миллионға жетеғабыл іргелі аймақ. Халық көп болғаннан кейін жарқын істермен қатар көлеңкелі жағдайлар да жиі орын алатындығы белгілі. Әсіресе, мемлекеттік қызметте жүрген кей азаматтар өз міндетіне енетін лауазымдық нұсқауларды, мемлекеттік заңнамаларды біле бермейді. Үстелді тоқпақтап жұмыс талап ететін, адамдардың арына тиіп, жәбірлеп ойына келгенін істейтін, бақырауық бастықтардың заманы өтті. Қазақстан – зайырлы мемлекет. Әлемдегі ең озық отыз мемлекеттің қатарына енуге жақсы талпынысы бар, алдына үлкен мақсат қойған, Орталық Азияда шоқтығы биік ел. Отанымыздың тірегі – мемлекеттік қызметкерлер осы үдеден шығуы тиіс.
Жақында Сарыағаш қаласында өткен алқалы жиында департамент басшысы Мұрат Ахметов Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жұмысын облыстағы атқарылар шаруалармен шендестіріп баяндама жасады.
Көпшіліктің түсінбей жүрген түйткілді сауалдарының түйінін тарқатты.
Сол күні Мұрат Ахметов Сарыағаш ауданы әкімдігінің ғимаратында қоғамдық кеңес төрағасы, облыстық тәртіптік кеңес мүшелерімен бірге жеке мәселелер бойынша азаматтарды қабылдады.
Құркелес ауылдық округі әйелдер кеңесінің төрайымы Әсия Қасымбекова мемлекеттік қызметкерлердің ауысу тәртібін сұраса, аудандық экономика және қаржы бөлімі басшысының орынбасары Мұрат Жүсіповтің білгісі келетіні мемлекеттік сатып алу тәртібі жайлы. Екеуі де маңызды сұрақ. Әсіресе, мемлекеттік сатып алу кезінде бір күндік кәсіпкерлер әдейі ең төмен баға қойып, жеңімпаз болып табылғанымен келісім-шартқа қол қоймай, мекенжайын таптырмай кетеді.
Оны жойдықсыз деп танып, екінші мәрте конкурс өткізгенде тағы бір қаладан әлгіндей фирма табылып, он миллион теңгеге жасалатын жұмысты он мың теңгеге жасап берерін айтып, құжат түзеді. Конкурс бойынша жеңімпаз атанғанымен ол қарасын да көрсетпейді. Уақыт тығыз, жұмыс орындалу үшін тапсырыс беруші мекеме әлеуетті кәсіпкерге бір көзден қаржы бөлуге шешім қабылдайды. Келісімшарт жасайды. Ал, ол заң талабы бойынша сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын амал болып бағаланып, тәртіптік кеңесте мемлекеттік қызметкерлердің мәселесі қаралады.
Мұрат Жамбылұлы осы және тест тапсыру, конкурсқа хабарландыру беру, тұрғындардың арыз-шағымын мезгілінде қарау мәселелері бойынша толымды жауап берді.
Бұл сауалдарды реттеуге қоғамдық кеңестің де орны айрықша. Қабылданған заңдардың бәрі тұшымды, барлық талаптарға жауап береді деуге болмайды. Әлгіндей сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне еріксіз жол ашатын талаптарды жетілдіріп, толықтыру енгізуде бұқарамен еркін байланыстағы қоғамдық кеңес жақсы көмек бере алады деп ойлаймыз. Қоғамдық кеңестің міндетіне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға бағытталған бағдарламадан бөлек, қоғамдық мониторинг қорытындыларының нәтижесі бойынша азаматтық қоғамның ұсыныстарын талқылау жатады.
«Бір көзден» конкурс жеңімпазын танудың сыбайлас жемқорлыққа жол ашатынын айттық. Ондайға ұрындырмас үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің әдістері мен нысандарын жетілдіру мәселелері бойынша ұсыныстар дайындап құзыретті орындарға жеткізу де қоғамдық кеңестің міндеті. Сондай-ақ, кәсіпкерлік субъектілерінің заңды мүдделерін қорғаумен байланысты құқық қорғау қызметін реттейтін құқықтық нормалар бойынша ұсыныстар әзірлеу бүгінгі күннің маңызды талаптарының бірегейі.
Меніңше, қоғамдық кеңес елімізді сыбайлас жемқорлық сияқты індеттен сауықтыруға, агенттікке мемлекеттік қызметке қойылатын талаптарды орындауға байланысты жақсы жәрдемші бола алады.
Сөз басында айтқандай, Сингапур мемлекеті сияқты сыбайлас жемқорлықты бұғаулау үшін не істеу керек?!
Ең алдымен, халықтың билікке деген сенімін нығайту шараларын қолға алу қажет. Мемлекеттік қызметкердің ең бірінші міндеті – халыққа адал қызмет ету, керек болған жағдайда өз мүддесінен ел мүддесін жоғары қою.
Бүгінде құқық қорғау органдарына халықтың сенімі азайып кетті. Кінәлі өздері. Ақ-адал малды ұрлаушылардың ішінде учаскелік полицейлердің жүруі, зорлықшыл қалталылардың сотта зәбір көрген жақтың құқығын аяқасты етіп, аман-есен құтылып кетуі өмірде кездесіп тұратын жағдай.
Сондықтан құқық қорғау органдарының басшыларымен бірлесіп атқаратын жұмыс жеткілікті.
Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев та халыққа жыл сайынғы Жолдауында сыбайлас жемқорлықты жойып, бәсекеге қабілетті өркениетті елдердің қатарына кірудің стратегиялық жоспарын түзіп келеді.
Сыбайлас жемқорлық – мемлекетке абырой бермейді, тәуелсіздікке қатер. Ал, тәуелсіздік – біздің ең басты құңдылығымыз.
Әбілқасым ДОСБОЛОВ,
Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті жанынан құрылған қоғамдық кеңестің төрағасы.
ШЫМКЕНТ.