Елімізде зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларға арнайы көмек бағдарламасы енгізіліп жатыр. Мақсат – зорлық-зомбылыққа, қатыгездікке, буллингке ұшыраған, сондай-ақ қылмысқа куә болған балаларға уақтылы жәрдем беру. Бастаманы Оқу-ағарту министрлігі жүзеге асырады.
Бағдарлама жасөспірімдердің эмоциялық, когнитивтік және мінез-құлқындағы салдарды еңсеруге бағытталған. Онда арнайы көмек көрсету алгоритмі және медициналық, психологиялық, педагогикалық, әлеуметтік және құқықтық негіздер қамтылады. Әрі бағдарлама шеңберінде кәмелетке толмағандардан бөлек, олардың ата-аналарына да бірыңғай әдістеме әзірленеді.
– Әр бала зорлық-зомбылықтан қорғалуға тиіс. Бұл бағдарламаның қабылдануы мемлекет пен қоғамның бала құқығын қорғау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі міндеттемесінің көрінісі. Бастама балаларға зардап салдарымен күресу және психологиялық тұрғыда қолдау жүйесін құрудағы маңызды қадамның бірі, – деді Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Юлия Овечкина.
Көмек көрсету бағдарламасы облыстық деңгейде психологиялық қолдау орталықтарының, аудандық білім бөлімдерінің базасында іске асырылады.