Абай облысы аумағында тарихы терең өнеркәсіп орындары баршылық. Кеңес заманында жеңіл және тоқыма өнеркәсібі кәсіпорындарының үштен бір бөлігін қамтып тұрды. Әсіресе, өткен ғасырдың 60-80 жылдарында қорғаныс өнеркәсібі қарыштап дамыды. Әрине, тоқсаныншы жылдардағы тоқырау зобалаңы бұл өңірге де тиді. Ұзақ уақыт еңсе тіктеп, ес жия алмай отырды. Дегенмен бүгінде серпіліс бар. Өңірлік кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының ұсынған дерегіне сүйенсек, бүгінде Абай облысы бойынша 478 кәсіпорын 13 мыңнан астам адамға жұмыс беріп отыр.
Оның ішінде 359 кәсіпорын өңдеу өндірісімен айналысады. Аймақта негізінен машина жасау, жеңіл өнеркәсіп, металлургия, азық-түлік өндіру және металл емес өнімдерді өндіру салалары қарқынды дамып келеді. Осы орайда облыс орталығы Семей қаласында орналасқан «Kondiz» кондитерлік фабрикасын айырықшалап айтуға болады. 2013 жылы ашылған фабрика аймақтағы жетекші кондитерлік өндірушілердің біріне баланады. Кәсіпорында 200-ге тарта қызметкер жұмыс істейді. Заманауи қондырғылармен жасақталған өндіріс ошағынан жылына 22 000 тонна өнім шығарылады. Өнімдер ішкі нарыққа жіберіледі, сонымен қатар ТМД елдеріне, атап айтқанда Грузия, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресейге және Қытайға экспортталады. Осы бастама ұннан жасалған кондитерлік өнімдерді өндірушілер арасында «Kondiz» фабрикасының жетекші орынға шығуға мүмкіндік беріп, өндірістің өркендеуіне жағдай туғызып жатыр.
Өндіріс орнында орнатылған неміс компаниясының «Werner & Pfeiderer» технологиялық жабдықтарының көмегімен қазіргі уақытта 100-ден астам түрлі печенье шығарылады. Әр өнім кәсіпорын зертханасында мұқият бақылаудан өтеді.
«Біз үшін қызметкерлердің кәсіби және жеке дамуы, әрқайсысының еңбек үлесін әділ бағалау және бәсекеге қабілетті еңбекақы төлеу, пікірлестер командасын қалыптастыру, сақтау маңызды. Өз тобымызды дарынды мамандармен толықтыруға әрдайым дайынбыз. Бізге жаңа жағдайларға бейімделе алатын, мақсатқа ұмтылатын және жауапты, жұмыс пен жеке өмір арасында ақылға қонымды ымыра таба алатын қызметкерлер қажет», дейді «Kondiz» кондитерлік фабрикасының директоры Мирас Шәріпов.
Фабрикада қызметкерлердің біліктілігін арттыру, қауіпсіздік техникасы және еңбекті қорғау бойынша оқыту тренингтері мен семинарлар жиі ұйымдастырылады. Мұндай игі іс-шаралар ұйымшыл ұжымның қалыптасуына септігін тигізіп отыр дейді Мирас Жанарбекұлы.
Жыл сайын жаңа өріс тауып, тың идеяларды құптайтын жұмыс орнында қызметкерлерге барлық әлеуметтік жағдай жасалған. Қызметтік көлікпен қамтамасыз етілген. Сонымен бірге өз өнімдерін сатып алған жағдайда жеңілдіктер де қарастырылған.
Абай облысы