Былтырдан бері қолданысқа енгізілген жеке тұлғаның банкрот атануына мүмкіндік беретін заң нәтижесінде елімізде 12 мыңнан астам адам банкрот мәртебесін алған. Дегенмен бұл – бүкіл өтініш берушінің 15 пайызынан да аз көрсеткіш. Қазіргі уақытта жалпы қарыз көлемі 25 млрд теңгеден асады.
Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарлауынша, банкрот атануға қатысты үдеріс кезінде мақұлдау алмаудың бір себебі – қарызды реттеу бойынша жүргізілген шаралар туралы құжаттың жоқтығы. Енді аталған талап алынып тасталуы мүмкін. Қаржы министрі Мәди Тәкиевтің айтуынша, қазір банкроттық үдерісін қиындататын талаптарды жою мәселесі қарастырылып жатыр.
«Жеке тұлға ешқандай артық әрекетсіз өтінім бере алады. Солай оңтайлы болмақ. Сонымен қатар заңнамалық деңгейде тұтынушылық несие түсінігін енгізу ұсынылып отыр. Сондай-ақ банктер үшін сома 5 млн теңгеден асса, микроқаржы ұйымдары үшін сома 3 млн теңгеден асса, ондай несиелерді берілмейтін ететін тетік енгізілмек. Өзгертулер төлем қабілетін қалпына келтіру процедурасына да қатысты», дейді министр.
Дәрменсіз борышкерлермен жұмыс басқармасының басшысы Меруерт Сейсембаева да банкроттық мәселесінде ыңғайлы өзгерістердің болатынын айтады.
«Егер қазіргі күнде төлем қабілетін қалпына келтіру үдерісі қарыз берешегінің төленбегеніне бір жылдан асқан азаматтарға ғана қолданылса, ендігі өзгерістер бұл норманы біраз жақсартпақ. Несие төлемдері бойынша проблема туындаған жағдайда олар 12 айды күтпей-ақ, осы үдеріске жүгіне алады. Яғни кредитормен реттеу үдерісі төлем қабілетін қалпына келтіру үдерісі аясында жүргізіледі. Сондай-ақ бұған дейін азаматтың шетелге шығуына тыйым салынса, енді бұл шектеу де алынып тасталады», дейді.
Маманның айтуынша, бұл шаралардың бәрі несиелеу кезіндегі тәуекелдерді айтарлықтай төмендетеді деп күтіледі. Дегенмен азаматтар банкрот атану мүмкіндігін «айрықша қамқорлық» деп ұғынуға тиісті емес. Өйткені банкрот атанған адам 5 жыл бойы ешқандай қаржы ұйымынан қарыз ала алмайды және 3 жыл бойы тұрақты бақылауда болады.
«Әрине, барлық банк бірдей банкроттық туралы заңды қабыл ала қоймайды. Өйткені қарызды кешіру банктердің мойнына жүк болып түседі. Олар өздерінің резервтік провизиясы есебінен азаматтардың қарызын кешіреді. Бір жағынан олар қаншама жыл бойы борышкерлердің осы проблемасын шеше алмаса, онда неге банкрот деп танымасқа?
Жыл басынан бері 3 600 адам банкрот деп танылған. Олардың жалпы берешегі – 9 млрд теңге.