Елорда әкімі Әділбек Жақсыбеков Астана қаласының жастар мәслихатының өкілдерімен кездесті.
– Жастар мәслихаты елорда жастарының қоғамдағы бастамалары мен мүдделерін жақтайтын қоғамдық институтқа айналуы қажет. Сіздер өз мақсаттарыңыз үшін күресе алатын, өздеріңіздің соңдарыңыздан адамдарды ерте алатын жастарсыздар. Сіздердің Мемлекет басшысының идеяларын насихаттап, тұрақтылықты қуаттайтындарыңыз біз үшін өте маңызды, – деді әкім.
Ә.Жақсыбеков Елбасының 5 институттық реформаны жүзеге асыруға байланысты ұсынған 100 нақты қадамды жүзеге асыру аясында Астананы Еуразияның іскерлік, мәдени және ғылыми орталығына айналдыру үшін сапалы білім беру, жастар арасында ғылыми және шығармашылық әлеуетті арттыруға барлық жағдай жасалуы керектігін де ескертті.
Әкім ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне жастарды волонтер ретінде тарту мәселесін де баса айтты. Биылдан бастап «Жасыл ел» бағдарламасы аясында ЭКСПО қалашығының құрылысына студент-жастар құрылыс отрядтарын тарту жұмыстары қолға алынды.
– Сіздер өз тараптарыңыздан жастарды көптеп қатыстыру мақсатында бұл жобаны насихаттауға үлес қосуларыңыз қажет, – деді Әділбек Жақсыбеков.
Әкім, сондай-ақ, қаладағы саламатты өмір салтын қалыптастыру мен спорт мәселесіне де тоқталды. Ол жастарды ірі спорттық шараларды ұйымдастыру мен өткізуге белсенді қатысуға шақырды.
– Астана бұқаралық спорт қаласына айналуы керек. Қазіргі кезде қалада спорттық, қоғамдық шараларды өткізудің ауқымды жоспары әзірленіп жатыр және жастар бұл жұмысқа белсене араласуы қажет. Бастамашыл жастар тарапынан елорданы одан әрі дамыту бойынша жаңа ұсыныстар күтеміз, – деп қорытты сөзін әкім.
«Егемен-ақпарат».