Мәжіліс Төрағасының орынбасары Дариға Назарбаева ГФР-дың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Гидо Херцпен кездесті. Елшімен әңгіме барысында Мәжілістің парламенттік делегациясының жақын уақытта Германияға жасайтын сапары жайы талқыланды, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Сапар мақсаты – Германия Федералдық канцлері Ангела Меркельге Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне Қазақстанның кандидатурасын ілгерілетуге қатысты жолдауын табыс ету.
Вице-спикер алдағы сапардың маңыздылығына назар аудара келіп, Германия мен Қазақстанның жақын әрі сенімді әріптестер екенін атап өтті.
Біздің елдеріміздің екіжақты қарым-қатынасы тұрақты саяси үнқатысу, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыстарды жүйелі кеңейту жолында дамып келеді. БҰҰ, ЕҚЫҰ және басқа да ұйымдар шеңберінде өзара іс-қимылды одан әрі нығайту жайы да назардан тыс қалған емес, дей келе Дариға Назарбаева:
– Ғаламдық қауіпсіздік мәселелерінде, әріптестік, достық қатынаста, әлеуметтік, экономикалық және мәдени салалардағы өзара іс-қимылды дамытуда біздің елдеріміздің көзқарасы ортақ. Олардың барлығын Германияға сапарымыз барысында және делегация бағдарламасында белгіленген кездесулер кезінде талқылайтын боламыз, – деді.
Өз кезегінде елші Германияның Қазақстанның маңызды халықаралық бастамаларын қолдайтынын және біздің елімізбен ықпалдастықты одан әрі дамытуға мүдделі екендігін алға тартты.
Кездесу иелері әріптестік басымдықты сөз етіп, екі ел арасындағы байланысты, соның ішінде, парламентаралық дипломатияны жаңа белеске көтеру қажеттілігін атап өтті.
Кездесуге Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы Виктор Рогалев қатысты.