Абай облысының Көкпекті ауданында Доре қорытпасын өндіру кәсіпорнын іске қосу бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарының соңғы кезеңі басталды. «Altyn Samruk Qazaqstan» АҚ-ның еншілес компаниясы – «Eastern Gold» ЖШС жүзеге асырып жатқан жоба өңірдің индустрияландыру картасына енгізілген.
Фабриканың жобалық қуаты – жылына 200 мың тонна кен өңдеу және 200 келіге дейін тауарлық өнім өндіру. Алтын-күміс қорытпасын шығаратын жаңа кәсіпорын 2024 жылдың IV тоқсанында өнеркәсіптік пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.
Кен «Родниковое» және «Белая Горка» кен орындарын игеретін жақын маңдағы карьерлерден келеді. Осылайша, кен өндіруден бастап Доре қорытпасын өндіруге дейінгі жаңа толық циклді кәсіпорын пайда болады. Кеніштің қазіргі расталған минималды қоры фабриканың кем дегенде 8-10 жыл жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін жеткілікті.
Жобаның жалпы құны – 1 млрд теңге. Алтын өндіру фабрикасының құрамына ұсақтау-сұрыптау кешені, гидрометаллургиялық цехтың технологиялық желісі, зертхана, әкімшілік-тұрмыстық кешен, қызметкерлерге арналған тұрмыстық, санитарлық үй-жайлар кіреді. Фабриканың салынып, іске қосылуының арқасында 60-қа жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Жұмысқа жақын маңдағы елді мекен тұрғындары қабылданады.