2024 жылдың II тоқсанында екінші деңгейлі банктер мен жекелеген банктік емес айырбастау бекеттерінде жалпы салмағы 779,2 келі 14 752 алтын құйма сатылды. Халыққа тазартылған алтын құймаларды сату және сатып алу бағдарламасын Ұлттық банк 2017 жылы іске қосқан болатын. Бағдарлама қолға алынғалы жалпы салмағы 7 тонна 185 295 алтын құйма сатылды.
Алтын құймалар бес түрлі салмақта ұсынылады: 5, 10, 20, 50 және 100 грамм. Сатып алушылар арасында өте жоғары сұранысқа ие түрі – 100 грамдық алтын құйма. Жалпы, сатылған құймалар арасында оның үлесі 25% – 46 007 дана. Одан кейін 10 грамдық алтын құйма – 45 781 дана (25%), 5 грамдық құйма – 41 592 дана (22%), 20 грамдық құйма – 29 796 дана (16%), және 50 грамдық құйма – 22 119 дана (12%).
«Алтын құймалар сенімді инвестиция құралы бола алады. Нарықтағы өтімділіктің басты кепілі – банк пен банктік емес айырбастау бекеттері клиентке ақшаны сол күні төлей отырып, алтын құймаларды кері сатып ала алады. Бағдарлама басталғаннан бері екінші деңгейлі банктер мен жекелеген банктік емес пункттер жалпы салмағы 1 тонна 38 374 алтын құйманы кері сатып алған. Бұл – жалпы сатылған алтын құймалардың 21%-ы», делінген Ұлттық банк хабарламасында.
Әрбір құйма қорғау элементтерімен қапталған (құйманың айна беті, микротекст және бедерлі жиегі бар) және механикалық зақымданудан қорғайтын арнайы қорапқа салынып шығады. Сол арқылы құйманың ашылған-ашылмағанын оңай тексеруге болады. Қорғап тұратын қорап сондай-ақ сапа сертификаты болып саналады. Сондықтан алтын құйманы ұқыпты сақтап, қорабын бүлдірмеу керек. Қазір алтын құймаларды «Halyk Bank», «Еуразиялық Банк», «Jusan Bank», «ЦентрКредит Банкі», сондай-ақ жекелеген банктік емес орталықтардан сатып алып, кері сатуға болады.