Азия Даму Банкі (АДБ) Қазақстанның БЭЖ оңтүстік аймағының электр желісін 58,2 млрд теңгеге күшейту жөніндегі жобаны қаржыландыратын болады. Бұл кредиттік келісімді жасасу халықаралық қаржы институттарының «Самұрық-Қазына» АҚ тобының сатып алу рәсімдеріне, сондай-ақ халықаралық листингілік компанияларға сәйкес келетін «KEGOC» қызметіне деген сенімін растайды.
Мердігерлер жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Кейіннен жалпы ұзындығы 475 км болатын 2 электр жеткізу желісін (қуаттылығы – 500 кВ) салуды, сондай-ақ 500 кВ «Шу», «Жамбыл» және «Шымкент» үш қосалқы стансасын реконструкциялауды және кеңейтуді көздейтін құрылыс-монтаждау жұмыстарын орындайды.
Бұл жоба электр энергиясын, оның ішінде жаңартылатын энергия көздерінен ірі ауқымда генерациялауды желіге интеграциялауға, елдің оңтүстігінде электр энергиясын жеткізуді күшейтуге және тұрақтандыруға, сондай-ақ еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.
«АДБ-ның «KEGOC» АҚ-мен серіктестігі біздің елге нөлдік шығарындылар, энергия ауысуы және жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды кеңейту бойынша мақсаттарға қолжеткізуге көмектеседі. Бұл жоба жаңа генерациялайтын қуаттарды енгізумен синхрондалған, электр энергиясын жеткізу кезіндегі ысырапты азайтуға мүмкіндік береді және өңірдің экономикалық дамуына оң әсер етеді», дейді АДБ-ның жеке сектордағы операциялар жөніндегі бас директоры Сюзанна Габури.
«АДБ «KEGOC» АҚ-ға көмек көрсетеді және жаңартылатын энергия көздерін интеграциялау және Ұлттық электр торабын дамыту бойынша техникалық консультациялар береді».
«Ұлттық электр торабының жаңа архитектурасы оңтүстік өлкенің жаңартылатын және дәстүрлі энергия көздерінің орасан зор әлеуетін энергия теңгеріміне тартуға мүмкіндік береді. Экспорттық және транзиттік әлеует едәуір артады және бүкіл өңірдің энергетикалық қауіпсіздігі күшейтілетін болады. Осындай маңызды жобаларда бірлесіп жұмыс істеу мүмкіндігі үшін Азия Даму Банкіне алғыс айтамыз», деп атап өтті «KEGOC» АҚ басшысы Нәби Айтжанов.