Президент Іс басқармасы жанындағы Парламентаризм институты мен «Amanat» партиясы дайындаған отандық азық-түлік өндірісін қорғауға арналған «Сауда қызметін реттеу мәселесі бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы» заң жобасын талқылау аяқталды. Құжат мәтіні бизнес және мемлекеттік орган өкілдерінің жұмыс тобының отырыстарында жан-жақты талқыланды. Регламентке сәйкес заң жобасы Үкімет қорытындысын алуға жіберілді.
Отандық азық-түлік өндірушілер сауда орындарынан үнемі теперіш көріп, мемлекеттік органдардың қолдауына мұқтаж болып жүретін. Екі жылға жуық уақыттан бері осы мәселені көтеріп, ішкі нарықта отандық өндірушіні қолдап, қорғайтын заң керек екенін айтып келді. Заң дайын болды. Енді Сауда және интеграция, Денсаулық сақтау, Ұлттық экономика, сондай-ақ Ауыл шаруашылығы министрлігі заң жобасындағы ұсыныстарды талдап, өз бағасын беруге тиіс.
«Азық-түлік өндірушілер үшін бұл заң өте маңызды. Бүгінде барлық отандық тұтынушыға елдегі дүкендерде импорттық азық-түлік өнімдері басым екені анық. Бұл ретте импорттық азық-түлік пен отандық азық-түлік арасындағы бәсекелестік көп себепке байланысты мүлдем әділетсіз. Сондықтан нарықтағы қатынастарды реттеу, елдегі сауда желілеріндегі өнімдерді сату үдерісін адал және әділ ету қажет. Заң жобасының ережелері дәл осыған бағытталған. Біз бейінді министрліктердің, жалпы Үкіметтің қолдауына үміт артамыз. Заң жобасы оң қорытынды алып, күзде депутаттардың кәсіби талқылауы үшін Парламент Мәжілісіне түседі деп сенеміз», деді «Қазақстан сүт одағының» директоры Владимир Кожевников.
«Қазақстан ет өңдеу кәсіпорындары қауымдастығы» атқарушы директорының орынбасары Юлия Намның айтуынша, отандық өндірушілер импорттық өнімдермен сапасы мен ассортименті бойынша еркін бәсекеге түсе алады.
«Бірақ баға бойынша ұтыламыз. Өйткені оған бізге тәуелді емес көптеген фактор әсер етеді. Ең бірінші, отандық азық-түліктің ішкі нарықтағы сауда сөрелеріне қолжеткізу факторы тұр. Өндірушінің сауда желілеріне сыйақысы, қызметі үшін төлем, «ретробонустар» деп те аталатын сыйақысы бар. Мұның бәрі отандық азық-түлік өндіруші үшін қиын мәселе. Бұл мәселені нақты реттеу керек. Бизнес субъектілері саудамен қарым-қатынасын тепе-тең негізде құруы үшін сауда үстемесінен басқа барлық алым мен төлемді алып тастауы керек. Сауда компаниялары отандық өндірушіні шығыны жабылатын сауда үстемесі мөлшерінде шектемеу керек. Бірақ сыйақының басқа түрлеріне тыйым салу керек. Дәл осы тәсіл заң жобасына енгізілген және бүгінгі таңда мемлекеттік құрылым өкілдерінің отандық өндірушіге құлақ салып, ұлттық экономикалық мүддені қорғауы біз үшін өте маңызды», деді Ю.Нам.
Заң жобасын дайындауда жұмыс тобына жетекшілік еткен Мәжіліс депутаты, Аграрлық мәселелер жөніндегі комитет мүшесі Нұржан Әшімбетов жаңа заң алдын ала талқылаудың қиын кезеңінен өткенін айтты.
«Импортталған азық-түлік өнімдерінің сауда сөрелерінде алатын орны артып келеді. Өйткені сауда компанияларына олармен жұмыс істеу тиімдірек. Отандық өндіруші көбіне тысқары қалады немесе салыстыруға келмейтін шығынды көтеруге мәжбүр болады. Мұндай жағдай елдің ұлттық экономикасының мүддесіне сай келмейтіні анық. Сондықтан оны түзетуге тиіспіз. Ішкі нарықты қорғаудың барлық тетігін пайдалану қажет. Президент экономикада протекционистік тәсілдерді енгізу міндетін қойып отыр. Біздің ойымызша, отандық өндірушілер саудада басымдыққа ие болуы шарт. Бұл мемлекет мүддесі үшін керек. Отандық тауарлардың кепілді көлемі бар арнайы сөрелер, сауда залындағы ең жақсы орындар, жергілікті өндірушілер күні, түрлі акция, дәм тату, мерекелер ұйымдастырып отыру қажет», деді Н.Әшімбетов.
Үкіметтің оң қорытындысын алған жағдайда заң жобасы алдағы күзде талқылау үшін және дауыс беру үшін Мәжіліске жіберіледі.