Кеше Мәдениет және спорт министрлігінде қысқы және жазғы спорт түрлері федерациялары жұмысының қорытындысы мен федерациялардың министрлікпен өзара әріптестігін одан әрі жетілдіру мәселесіне арналған жиын өтті. Оған Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев қатысты.
Жиында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы өткен жылда атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады. Ол спорт федерацияларының жұмысы, спортшылардың былтырғы жетістіктері, бұқаралық спортты дамытуда істелінген шаралар туралы айтып, министрліктің алдағы кезге жоспарланған жұмыстарына кеңінен тоқталды. Онда министр 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпия ойындарына қазақстандық спортшылар кемінде 115 лицензия иеленуі керектігін, осы мақсатта спортшыларымызды жарыстарға дайындау жұмысына баса назар аударылып жатқанын атап өтті.
Оның айтуынша, Олимпиадаға спорт түрлері бойынша лицензиялар иелену жоспары бекітілген. «Осыған байланысты еліміздің ұлттық құрама командалары Лондон Олимпиадасынан кем лицензия иеленбеуі керек. Биыл спортшыларымыз Олимпиада жолдамасы сарапқа салынатын жарыстарға қатысады. Осы сындардан сүрінбей өту үшін отандастарымыз жарыстарға тыңғылықты дайындалуы керек», деді ол.
Сонымен бірге, А.Мұхамедиұлы ұлттық құрама командалардың сапалы дайындықтарын қамтамасыз ету үшін «Самұрық-Қазына» қоры тарапынан қосымша қаржыландыру мәселесі шешілсе деген ұсынысын айтты. Одан кейін ведомство басшысы коньки тебушілердің кәсіпқой клубын ашу қажеттігі туралы мәселе көтерді. Оның айтуынша, қазіргі кезде қысқы спорт түрлерін дамыту өзекті мәселеге айналып отыр. Бүгінде елімізде қысқы спорттың 15 түрі бойынша 8 федерация мен 2 қауымдастық қызмет етіп келеді. Алайда, еліміздің қысқы спорттағы нәтижесі көңіл көншітерлік емес. «Сондықтан коньки тебушілердің кәсіпқой клубы құрылса, спортшыларымыздың Олимпиада, Азиада сияқты кешенді жарыстарға дайындығы жақсарар еді», деді ол. Осы жерде министр тағы да бұл жобаны «Самұрық-Қазына» қорының қолдауынсыз жүзеге асыру мүмкін еместігін атап өтті. Жалпы, ол қысқы спорт мәселесіне келгенде спортшыларды спорт нысандарымен, жаттығатын жерлермен қамтамасыз ету керектігін айтты.
Осыдан кейін министрліктің Спорт және денешынықтыру істері комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов, Ұлттық паралимпиада комитетінің президенті Дархан Қалетаев, Ауыр атлетика федерациясының президенті Жанат Түсіпбеков, Шаңғы спорты түрлері қауымдастығының вице-президенті Владимир Смирнов, Дзюдо федерациясының бас хатшысы Абай Қаймақов сөз сөйлеп, былтырғы жылы атқарылған жұмыстары туралы айтып берді.
Жиын соңында Б.Сапарбаев спорт федерацияларының жұмысы мен спортшылардың жарысқа дайындығын жақсарту мәселесіне қатысты өз ойын білдірді. Ол алдымен футбол федерациясының жұмысын сынға алды. Үкімет басшысының орынбасары біздің елде көбіне сырттан келген футболшыларға жағдай жасалатынын, ал балалар мен жасөспірімдер футболына тиісті деңгейде көңіл бөлінбейтінін ескертті. Онда ол өз еліне қажеті болмай қалған келімсектерге мыңдаған доллар ақша төлегенше, өз еліміздің жеткіншектеріне жағдай жасап, спорт алаңдарын салып берген әлдеқайда маңыздырақ деп қадап айтты. Дегенмен, ол Қазақстан футбол федерациясының жаңа басшылығы жақсы нәтижелер көрсетуге тырысады деген сенім білдірді. Премьер-Министрдің орынбасары жақсы нәтиже көрсетіп жүрген бокс, ауыр атлетика, теннис федерацияларының жұмысын оң бағалады. Ал қысқы спортқа келгенде Б.Сапарбаев Щучьеде салынып жатқан олимпиадалық базаның құрылысын тездетіп, қысқы спортқа арналған спорт нысандарын көбейту керектігін атап өтті. Осыдан кейін ол спортпен айналысатын Қазақстан халқының үлесі 30 пайыздан кем болмауы керектігін, бұл – Елбасының жүктеген міндеті екенін еске салды. Одан әрі Б.Сапарбаев спорт федерацияларына жұмысты жақсарту үшін Спорт комитетімен, жергілікті билік органдарымен және демеушілермен жұмыс істеуді тапсырды.
Дастан КЕНЖАЛИН,
«Егемен Қазақстан».