• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Жәдігер 24 Шілде, 2024

Ақтоқтыдан қалған бір белгі

71 рет
көрсетілді

Таяуда облыс орталығындағы әдебиет және өнер музейіндегі жәдігерлерді тамашалап жүріп бұл күнде кездесе бермейтін «Зингер» тігін машинасына көзіміз түсті.

Сұрастырып білсек, Арқаның ардагері Ақан сері ғашық болған Ақтоқты Бақтыбайқызының іс тіккен тігін машинасы екен. Біздің білуімізде «Зингер» тігін машинасын немістің осы аттас компаниясы шығарған. Ақан сері мен Ақтоқтының заманында қияндағы Көкшеге қолға түсе бермейтін зат қалай келді екен? Ол заманның адамдары да өркениет көшіне ілесе білген-ау. Әрі осындай тігін машинасымен көз жауын алатын көркем дүниелер тіккен арудың шеберлігі қандай болды екен деп қиялға берілесің.

Ел ішінде сақталып қалған есті естеліктерді көңіл сүзгісіне салсаңыз, Алаштың ару қыздары әдемілігімен ғана емес, ісмерлігімен де ерекшеленетінін аңғарар едіңіз. Қазақстанның халық жазушысы Сәкен сері Жүнісовтің «Ақан сері» романында да Ақтоқты бейнесі біршама бедерлі баяндалған. Ал тігін машинасымен іс тіккендігі туралы біле бермейді екенбіз. Жәдігерді заманында осы музейде ғылыми қызметкер болып жұмыс істеген әнші-композитор, қаламы қарымды журналист Кәрім Ілиястегі Зеренді ауданындағы Қызылағаш аулында тұратын Жалмұханның ұрпақтарынан қалап алып тапсырыпты. Жалмұхан ұрпақтары өздері үшін айрықша құнды саналатын тігін машинасын оп-оңай бере қоймағанға ұқсайды. Әжемізден қалған көз десе керек. Сонысымен қымбат. Бірақ сөзге шешен, адаммен тіл табыса білетін Кәрім аға ел игілігіне жарасын, рухани қазынаға қосылған бір тамшы олжа болсын деп әкелгенге ұқсайды.

Ақтоқтыдай ару қолданған тігін машинасы сол қалпы сақталыпты. Бүгінде музей төрінде жалғыз Ақтоқтының ғана емес, ілкі замандағы Алаштың ай нұрлы, ару сипатты бар қызының болмыс-бітімін баяндап тұр.

КӨКШЕТАУ