• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Әлем 24 Шілде, 2024

Байденді сынаған байлам

109 рет
көрсетілді

«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» деп қазақ қалай тауып айтқан. Америкадағы сайлауалды үгіт-насихаттың дәл қазіргі дүбірі осы мақалға келіп-ақ тұр. Күтпеген жерден президент Джо Байден саяси бәйгеден бас тартып, қарашаның қара күзінде болатын президенттік сайлауға түспейтінін мәлімдеді. Ал оның басты оппоненті Дональд Трамптың осы жарыста оза шабу мүмкіндігі одан әрі арта түсті. АҚШ-тағы президенттік сайлауалды науқан басталғалы Байден мен Трамптың текетіресін ақпараттық азық қылып келген басылымдар, саяси сарапшылар біраз күннен бері Ақ үй жаққа назарын барынша бұра бастады.

Оңайға соқпаған шешім

Байденнің саяси бәйгеден бас тартып, орнына вице-президент Камала Харристің келуі таң атып, күн батқанға дейін саясатты сапырып отыратын батыстың ақпарат құралдары үшін таптырмас тақырып болды. Дегенмен Байденнің өзі мұндай шешімге келуі оңайға соқпағанын айтты.

Ол өзінің жарыс жолынан шығатынын Х-тегі парақшасы арқылы мәлімдеді. Ұлтқа үн­деуінде Америка халқына қыз­мет ету өзі үшін үлкен міндет, абырой болғанын атап өткен президент, партия мен елдің мүддесі үшін сайлауалды кампаниядан кететінін және ендігі бар күш-жігерді осы кезеңмен аяқталатын өзінің президенттік қызметіне қарай бұратынын атап өтті.

Сондай-ақ мәлімдемесінде АҚШ президенті вице-президент Камала Харриске қызметі үшін айрықша алғыс білдіріп, оны сенімді әрі ерекше серіктес екенін айтты.

Мәлімдемеге дейінгі жағдайға тоқталсақ, Ақ үй мен Джо Бай­ден­нің сайлауалды науқанына қатысты жоғары лауазымды шенеуніктер өткен аптада танымал демократтардың Байденді сайлаудан бас тартуға шақырған ұсыныстарына қарамастан, пре­зиденттің биылғы жарыстан бас тартар ниеті жоқ екенін айтқан болатын.

Ковидке кезекті мәрте шал­дығып, Делавэрдегі резиденциясында емделіп жатқан Байденнің сайлаудағы командасы сенбі күні ол Ақ үйге оралған соң қатысатын үгіт-насихат шараларының кесте­сін жасауға кіріскен.

Алайда жексенбі күні сенім­ді ақпарат көздері арқылы Бай­деннің өз шешімін өзгерткені белгілі болды. Ол сенбі күні кеш­кісін өзінің 50 жылдық сая­си мансабындағы ең күрделі шешімдердің бірін қабылдап, жарыстан бас тарту керек пе, жоқ па деген мәселені мұқият ой елегінен өткізген.

Шешім қабылдау үдерісі аясында ол өзінің ең жақын кеңес­шілерінің бірі Стив Ричетти, бас стратегі Майк Донилон, аппарат басшысының орынбасары Энни Томасини және бірінші ханым Джилл Байденнің аппарат басшысы Энтони Бернал сияқты көмекшілерінің шағын тобымен ақылдасқан.

«ВВС» басылымының жазуына сүйенсек, бұл топ негізінен Байден сайлау науқанында Трампты жеңе ала ма, әлде жол беріп қоя ма деген сұраққа жауап іздеген. Жексенбі күні де Байден Ақ үйдегі салмақты адамдармен бейнеконференц байланыс арқылы мәслихат құрған.

Әрине, тың деректерді, қарсы­ластар қысымын, жақтастардың ұсы­нысын барынша саралаған Демо­кратиялық партияның қай­рат­­керлері бірауыздан Бай­ден­­нің кандидатурасын тоқта­туға тура келетін шешім қабыл­даған.

Дегенмен Байденнің жарыс жолынан шығатынын алғашында Ақ үйдегі санаулы адам ғана білген. Тіпті неге екені белгісіз, бұл мәлімдемені жұртшылыққа қандай жолмен жеткіземіз деген де мәселе туындапты. Ақ үйдегілер бұл хабарды бір-бірінен естісе, АҚШ және әлем халқы Х-тегі Джо Байденнің парақшасынан оқыды.

Бас тартудың басты себебі

Қазіргі президент Джо Бай­деннің сайлаудан бас тар­туының көпшілікке белгілі бірнеше себебі бар. Оның соңғы кездері сөзінен жаңылып, тіпті қайда тұрғанын ұмытып, журналистер қойған кей сұрақтарға біртүрлі жауап қатуы өзге партия өкілдерінің күлкі­сін келтірсе, өз жақтастарының алаңдаушылығын туғызғаны рас. Соңғы дебаттағы Трампқа жол беруі президенттің өзін де біраз ойландырған сияқты. Сарапшылар мұндай келеңсіз жайттарды 81 жастағы Байденнің денсаулығымен тығыз байланыс­тырып, түсіністікпен қарауға тырысып-ақ бақты. Ал бірақ келесі президенттік кезеңде оны қарсыластары ғана емес, жал­пы Америка халқы да көшбас­шы ретінде көре алмайтындарын түрлі сауалнама арқылы жеткізген.

Мәселен, АҚШ вице-пре­зи­денттігіне Республикалық пар­тиядан үміткер Дж.Д.Вэнс қазіргі президент Джо Байден­нің когнитивті қызметінің бұзылғанына қатысты ақпаратқа білдірген пікірінде ондай адам­ның ел басқара алмайтынын айтып, демократтар Байденнен отставкаға кетуін талап етуі керек деген болатын.

Сондай-ақ Д.Трамптың сайлауалды кампаниясын қаржылай қолдап отырған америкалық мил­лиардер, SpaceX-тің негізін қалау­шы және X компаниясының қожайыны Илон Маск та қайбір күні құры қарап отырмай АҚШ президенттігіне кандидаттарға қатысты шарттарды өзгерту қажеттігін де айтып қалды. Ол тіпті Х-тегі жазбасына президенттікке үміткерлердің жасына шектеу қою керек дегенді де қоса кетті. Оған қоймай «Әлдебіреудің ұзақ өмір сүретінін кім ойлапты» деген мағынадағы ауыр әзілін де араластырып, Байденнің жасының келгенін меңзегендей болды.

Байденді көндіруге тырыс­қандардың ішінде әйгілі актер әрі демократиялық партия­ны қолдауға белсенді түрде қаржы тартумен айналысатын Джордж Клуни да бар. Ол «New York Times» басылымының бағанындағы ша­ғын мақаласы арқылы қазіргі президентті сайлауалды жарыс­тан шығуға ашық шақырды. Ол Байденнің осы кезге дейінгі саяси мансабында біраз бәсекеде бағы жанып, топ жарғанын айтып, ендігәрі уақыт өткен сайын бұл жолғы жарыста алға суырылып шыға алмайтынын атап өткен.

Жалпы, Байденге қатысты мұн­­дай әңгімелер Пенсильвания шта­тындағы Трампқа жасалған қастандықтан кейін күрт көбейіп кетті. Тіпті республикашыл пар­тияға мүше америкалықтар бұл озбырлықты Байденнің нұс­қауы­мен болып отыр деп те айыптады. Өйткені ол қас­тан­дыққа қатысты күмәнді жайттар да жоқ емес.

Қайтсем де президент боламын деп жүріп, бір өлімнен қалған Республикалық партия көшбасшысы Дональд Трамп президенттің мәлімдемесінен соң «Джо Байден АҚШ тарихындағы ең сорақы президент болды» деп қойып қалды. Ал Камала Харристі жеңу өзіне Байденді жеңуден де оңайырақ деп, ендігі қарсыласына қарата сайлауалды «психологиялық қысым» көрсетуін бастап кетті.

Демократтар қолдаған Харрис

Әрине, демократтардың енді­гі көзірі болып отырған Камала Харрис вице-президент ретінде он­ша көп таныла қоймаған сая­­си тұлға. Дегенмен оның кан­ди­дат­ты­ғын партияның 50 штат­­тағы бас­­шы­­лары түгел қолдап, дауыс берді.

Осылайша, АҚШ президенті Джо Байден президенттік бәсе­кеден кеткеннен кейін вице-прези­дент Камала Харрис Демо­кра­тия­лық партияның ресми кан­дидаты атанды. Дегенмен, сарап­шы­лар америкалықтар оны мем­ле­кет бас­шы­сы ретінде қатты қа­лап тұр­мағанын айтып келеді. Яғни аме­ри­калықтардың көп­ші­лігі кон­сер­вативті көзқарас ұстан­ған және әйел адамды АҚШ прези­денті етіп сайлауға дайын емес.

Қалай десек те, АҚШ вице-пре­зиденті Камала Харрис Де­мо­­­кратиялық партиядан пре­зи­денттікке үміткер болу үшін де­легаттардың жеткілікті ресми қолдауына ие болды. Бұл туралы Associated Press «Дүйсенбі күні кеш­ке қарай Харрис кем дегенде 2579 делегаттың қолдауына ие болды, AP мәліметтері бо­йын­ша, дауыс берудің бірінші турында жеңіске жету үшін оған 1976 делегаттың даусы жеткілікті бол­ған», деп жазды.

Әрине, бұл цифрлар түп­кі­лікті емес және Харристің ресми кандидатурасын білдірмейді. Делегаттар Чикагода 19 тамыз күні өтетін партия съезінде әлі де дауыс беруі керек. Дегенмен ­CNN хабарлағандай, демократтар Хар­ристің 7 тамызға дейін ресми расталатынан қатты үмітті екен.

Ал Харристің өзі көпшілік­тің қолдауына ие болғанын мақтан тұ­та­тынын айтып, ел-жұрт­тың алдына көп шыға бастады. «Мен кандидатураны жақын ара­да ресми түрде қабылдауды асы­ға кү­те­мін», деді ол өз мәлім­де­ме­сінде.

Бір қызығы, Джо Байден президенттік жарыстың аяқ­тал­ғанын жариялағалы бері Хар­рис­тің науқанға қатысуына қызы­ғушылар көбейіп, жетекші демократтар оның кандидатурасын қолдау үшін тіпті кезекке тұра бастады. Бұған дейін белгілі болғандай, алғашқы 24 сағатта вице-президент Демократиялық партия донорларынан рекордтық сома – 81 миллион доллар жина­ған, ал қайырымдылықтың едәуір бөлігі шағын донорлардан келген.

Қысқасы, Байденнің нау­қан­нан кетуі бұлтсыз күндегі най­­зағай жарқылындай әсер қал­дырды. Расында бүкіл әлем көз тігіп отырған АҚШ-тағы қос пар­тияның сайлау­алды үгіт-наси­хаты нағыз шоуға айналып кете­тіні бар. Әсіресе биылғы бәй­геде Трамптың оққа ұша жаз­дағаны, Байденнің салмақтап барып айтқан тосын мәлім­демесі әлем халқын тың саяси ойларға жетеледі.