Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы, Қазақстан Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіқалықованың жетекшілігімен селекторлық кеңес өтті, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.
Кеңеске Астана, Алматы қалалары мен облыстар әкімдерінің орынбасарлары – әкімдер жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиялардың төрағалары қатысты. Оның барысында Мемлекет басшысының «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауының негізгі ережелерін іске асыруға арналған Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның 2015 жылғы жұмысының негізгі бағыттары белгіленді.
Г.Әбдіқалықова Ұлттық комиссияның биылғы жұмысында өңірлік дамуға баса мән берілетінін атап өтті. Мемлекеттік хатшы кеңеске қатысушылардың назарын әйелдерді жұмыспен қамту, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру, әйелдер кәсіпкерлігіне қолдау көрсету мәселелеріне аударды. Г.Әбдіқалықова: «Еңбекке қабілетті және жұмыс істеуге мүмкіндігі бар бірде-бір әйел жұмыссыз қалмауы тиіс!» – деді.
Қазақстан халқы Ассамблеясы жылында отбасын нығайту жұмысы Ұлттық комиссияның негізгі міндеттерінің біріне айналуға тиіс. Бұл орайда, неке және отбасы институтын нығайтудың, отбасылық құндылықтарды дәріптеу мен сақтаудың айқын дәлелі болып табылатын «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы маңызды рөл атқарады. Мемлекеттік хатшы: «Отбасын нығайту – қоғамдағы тұрақтылықтың, яғни елдегі татулық пен келісімнің кепілі!» – деп атап өтті.
Мемлекеттік хатшы өңірлер әкімдерінің орынбасарларына Жеңістің 70 жылдығын мерекелеу аясында Президенттің Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне қолдау көрсету жөніндегі бастамаларын іске асыруды қамтамасыз етуді тапсыра отырып, әйелдер арасынан шыққан соғыс ардагерлерінің, майдангерлер әйелдерінің, тылдағы еңбекші әйелдердің сіңірген еңбектеріне тоқталып өтті.
Селекторлық кеңес қорытындысы бойынша Мемлекеттік хатшы бірқатар нақты тапсырмалар берді.