Ұлттық статистика бюросының ақпараты бойынша, 2023 жылдың қорытындысында бөлшек электронды коммерция нарығының көлемі 2,4 трлн теңге болды. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 24,3 пайызға жоғары көрсеткіш. Жалпы бөлшек саудадағы электронды коммерция үлесі рекордты 12,7 пайызға жеткен. Айта кету керек, бүкіл электронды коммерция айналымының 72,4 пайызы – маркетплейстерге тиесілі. Тек 27,6 пайызы ғана кәсіпорындардың жекелеген интернет-ресурсы арқылы іске асырылады екен. Демек маркетплейстер электронды сауда-саттық нарығын қалыптастырып отыр деп байлам жасай аламыз.
Негізінен, шағын кәсіпорындар маркетплейсті көбірек пайдаланады, олар нарықтың 93 пайызын еншілеп отыр. «Ranking» сарапшыларының айтуынша, маркетплейс электронды сауда нарығы мен шағын және орта бизнеске оң ықпал етіп қана қоймайды, сонымен қатар бюджетке де мол түсім түсіреді.
«Салық түсімдері бойынша абсолютті көшбасшы атағын «Kaspi.kz» (Kaspi Дүкен, Kaspi Travel, Kolesa) иеленеді. 2023 жылы компания ел бюджетіне 102,7 млрд теңге жіберген. Бұл – өте ауқымды қаражат. Аталған сома елдегі басқа ірі маркетплейстердің салықтық түсімінің 81,5 пайызын құрайды. Жыл сайын сома үлкен қарқынмен өсіп келеді. Кейінгі 4 жылда маркетплейстерден түсетін салықтың орташа жылдық өсу қарқыны 81 пайызға жетті», деп мәлімдейді «Ranking».
ТОП-5 салық төлеуші қатарына мына маркетплейстер кіреді:• «Wildberries.ru» (2023 жылы қазынаға 13,5 млрд теңге түсірген);• «Ozon.kz» (5,2 млрд теңге); • «Olx.kz» (3 млрд теңге); • «Halykmarket.kz» (996 млн теңге).Одан кейінгі орындарда: • «Shop.kz» (240 млн теңге);• «Forte.kz» (206,3 млн теңге);• «Jmart.kz» (79,5 млн теңге) және басқалар.
Сарапшылар талдау барысында «Satu.kz», «Clevermarket.kz», «Lamoda.kz», «Tomas.kz» және «Маркетплейс.kz» жобаларын да қарастырған. Қытайлық маркетплейстер де елімізде белсенді сауда-саттық жүргізеді, алайда қазынаға салық төлемейді.
Былтыр маркетплейстер арқылы телефон мен гаджеттер (486,2 млрд теңге), тұрмыстық техника (205 млрд теңге), компьютер, ноутбук, бағдарламалық қамтамасыз ету, компьютерлік тауарлар (178,4 млрд теңге), автотауарлар (140,5 млрд теңге) және құрылыс пен жөндеу жұмыстарына арналған тауарлар (85,7 млрд теңге) көп сатылған.
Ең көп сатылатын санаттар былай қалыптасты: • Жиһаз; • Тамақтану өнімдері; • Үй мен саяжайға арналған тауарлар; • Сән мен денсаулыққа арналған тауарлар; • Киім-кешек; • Аяқкиім;• Спорттық тауарлар.
Ал маркетплейс көмегімен тұтынылған қызметтер қатарында билет сатып алу және транспорттағы орынды брондау (495,8 млрд теңге), жолаушылар тасымалы бойынша қызметтер (488,1 млрд теңге), жарнама саласындағы қызметтер (53,5 млрд теңге), тапсырыс бойынша азық-түлік жеткізу қызметтері (43,6 млрд теңге), орналастыру орындарының қызметтерін брондау және төлеу (31,7 млрд теңге) бар.