Әйгілі француз биологі Луи Пастердің «Ғылым-білімнің отаны жоқ» деген сөзін жиі айтамыз. Себебі техникалық прогресс жылдам дамыған заманда білім-ғылымдағы ынтымақтастық көбейді. Соның бір дәлелі – жаңа оқу жылында Таразда Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университеті филиалы есігін айқара ашпақ. Қазір оқу орны ресми жұмысын бастады. Мұнда химик-технологтер даярланады. Бір ерекшелігі, олар екі түрлі елдің дипломын алып, республикалық өнеркәсіптің элитасына айналмақ. «Жаңа жоғары оқу орнына қалай түсуге болады, студенттерге қандай жағдай жасалған, түлектер бірнеше жылдан кейін сұранысқа ие сарапшылардың бірі бола ала ма?» деген сауал кімді болсын мазалайтыны анық. Осы сұрақтар аясында РХТУ басшысы, техника ғылымдарының докторы, профессор Илья Воротынцевпен әңгімелестік.
Алдымен сөзді біздің елімізде ашылған Ресей химия-технологиялық университетінің филиалынан бастасаңыз?
– Біз бұған дейін де М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетімен әрі осы елдегі кәсіпорындармен жақын ынтымақтастықта болдық. Сондықтан біздің университет филиалының ашылуын уақыттың өзі тудырды. Осы бағыттағы белсенді жұмыс былтыр қаңтарда Тараздан келген әріптестерімен ынтымақтастық туралы келісім жасалғанда басталды. Соның нәтижесінде өткен жылдың қыркүйегінде біз «Химия» бағыты бойынша бакалавриаттың алғашқы желілік білім беру бағдарламасын іске қостық. Сондай-ақ университетіміз «Қазфосфат» ЖШС қызметкерлері үшін қосымша кәсіптік білім беру бағдарламасын жүзеге асырды. Химия мен математиканы тереңдетіп оқитын оқушылар үшін «Менделеев сыныптары» әлі де белсенді даму үстінде. Ал химия саласын дамытудың осындай жоғары қажеттілігі мен перспективаларын түсініп, қос елдің Ғылым және жоғары білім министрлері Таразда университет базасын құру туралы тиісті бұйрыққа қол қойды.
– Илья Владимирович, сіздерде мұндай тәжірибе бұрыннан бар. Ташкентте бір филиал ашылды. Бізге енді білім беру үдерісі қызық болып тұр. Сол туралы айтсаңыз?
– Білім беру үдерісін ұйымдастыру оқытушылар біздің шетелдік филиалдарымызға келген кезде пысықталады. Сіз айтып отырған «Ташкент» тәжірибесі де солай. Яғни гибридті формада жұмыс істейміз. Дәрістің бір бөлігі онлайн режімде өтсе, бір бөлігін Мәскеу оқытушылары Таразға барып өткізеді. Ал күндізгі режімдегі сабақтарды М.Х.Дулати университетінің оқытушылары береді. Біздің оқуымыз тәжірибеге бағдарланғандықтан, заманауи талапта жұмыс істеуіміз керек. Сондықтан да бағдарлама мынадай әмбебап құзыретте жүреді: цифрлық сауаттылық, ақпарат іздеу дағдылары, қайта өңдеу, командада жұмыс істеу, қарым-қатынас жасау, азаматтық ұстанымға ие болу, кең ой-өріс, қалыптасқан дүниетаным. Осының бәрін біз Тараздан келген әріптестеріміздің қолына береміз. Ал ерекшелігіміз – RHTU оқытушыларына органикалық түрде оқытылатын пәндер. Сонда жауапкершілікті екі университет оқытушыларына тең бөлеміз. Негізгі пәндер бойынша дәріс пен тәжірибелік сабақты Менделеев оқытушылары берсе, зертханалық дәрісті қазақстандық әріптестеріміз өткізеді. Бірақ кәсіби дағдыларға, яғни hard skill-қа келсек, оны өз мойнымызға аламыз.
– Түсінгенім қос диплом жобасы жүйелі түрде іске асады. Сіздер пән бойынша оқу нәтижесін есептеп, бірлескен қорытынды аттестаттауды өткізесіздер. Осылайша, студент екі диплом алады. Ал тегін оқу мүмкіндігі қалай болады?
– Бұған Қазақстан тарапынан 30 грант бөлінді. Әрқайсысының құны – 920 мың теңге. Біздің бағдарлама үшін бұл қаржы жеткіліксіз. Сондықтан «Қазфосфат» ЖШС индустриялық серіктесігі грант пен оқытудың нақты құны арасындағы айырмашылықты жабатын болады. Сонда әрбір индустриялық серіктес 580 мың теңге қосымша ақы төлейтін болады. Бірақ балалардың бюджет есебінен оқуы маңызды, олар ешқандай қаражат салмайды. Алайда егер біреу бізге келіп, ақылы негізде оқығысы келсе, онда біз оларды осындай шарттармен қабылдауға дайынбыз.
– Шәкіртақы ше?
– Әрине, бар. Тіпті қалыптағыдан жоғары деңгейде. Біздің индустриялық серіктесіміз мемлекеттік стипендияға қосымша ақы төлеуге дайын. Бюджетте оқитындар үшін жалпы сома шамамен 56 мың теңгені құрайды.
– Қабылдау тәртібі қандай?
– «Химия-биология» немесе «Химия-физика» ҰБТ сертификаттарының иегерлері биылғы 20-шілдеге дейін білім беру грантына тапсыруына болар еді. Ал ҰБТ болмаса, онда химия және орыс тілі бойынша жазбаша тестілеу нәтижелері бойынша түсуге болады. Бұл жағдайда құжат 15 тамызға дейін қабылданады.
– Жаңа филиалдың түлектері қайда жұмыс істей алады?
– Оқудан кейін жас мамандар біздің индустриялық серіктесіміз «Қазфосфат» ЖШС-да жұмыс істейді. Олар – филиал құру туралы идеяның негізгі бастамашыларының бірі. Одан бөлек, кәсіпорын орналасқан Тараз қаласында жақын арада кеңейетін химиялық тыңайтқыш өндірісі бар. Маман тапшылығын болдырмау үшін студенттерді оқып жүргеннен бастап даярлаймыз. Қаншама өндіріс орны біздің студенттерге практикалық дағдыларды үйретеміз деп құлшынып отыр. Тәжірибеден өтуге орын да береді.
– Қазақтың көрнекті жазушысы Жүсіпбек Аймауытұлының «Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ оның кез келгеніне икемділік қажет. Бұл – жай күнелту, тамақ асыраудың ғана жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе» деген сөзі бар. Қазір маман даярлайтын оқу орны көп, бірақ өз мамандығына «өнер» деп қарайтыны аз. Ал сіздер 10 жылдан кейін түлектеріңізді қалай елестетесіз?
– Сөзіңіздің жаны бар. Біздің мақсатымыз – біліктілігі жоғары, жауапкершілігі мол маман даярлау. Болашаққа болжам жасау қиын емес. Түлектеріміз өз мамандығын жақсы көреді деп ойлаймын. Себебі үздік түлектеріміз қос елдің химия өнеркәсібінің дамуына зор үлес қосып жүргенін білемін. Сондықтан бұған бек сенемін. Жетістіктің бәрі түлектердің дамуы жолын қалай таңдайтынына байланысты. Егер олар ғылым жолын таңдаса, онда кандидат дәрежесін иеленуге он жыл жеткілікті. Қысқасы, біз білім мен жаңалық ашуға келген түлектерге құшағымыз ашық.
– Әңгімелескеніңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Елігімай ТӨҢКЕР,
«Egemen Qazaqstan»