Оралда атом электр стансасын салу жоспарын талқылаған жиын өтті. Жария талқылауға жергілікті мәслихат депутаттары, атқарушы билік, қоғамдық кеңестер, табиғат қорғау ұйымдары өкілдері, энергетика сала_сындағы жетекші мамандар, ғалымдар мен белсенді тұрғындар қатысты.
Спикерлер еліміз атом энергетикасын дамыту жоспары, сондай-ақ атом электр стансасы құрылысының қауіпсіздігі, экологиялық тазалығы және экономикалық тиімділігі жайында айтып өтті.
Дәл қазір елде атом электр стансасын салу өте маңызды деп санайды еліміздің Энергетика министрлігінің өкілдері. Себебі елде электр қуатын тұтыну көлемі жыл сайын артып келеді. Ал бұған дейін электр қуатын беріп келген құрылым әбден тозған.
«Негізінде атом электр стансасы, ең алдымен, электр энергиясы қуатын өндіру үшін керек. Біз елімізге келешекте керек энергияның қамын қазірден ойлауымыз қажет. Әрине, атомнан басқа да электр стансаларын салуға жоспарларымыз бар. Болашақта шекаралас елдерден электр энергиясын тасымалдамай, өзімізді өзіміз қамтамасыз ету үшін осындай мәселе қарастырылып жатыр», дейді Энергетика министрлігі Атом энергетикасы және өнеркәсібі департаменті директорының орынбасары Гүлмира Мұрсалова.
Ядролық физика институтының жетекші ғылыми қызметкері Данияр Жансейітовтің айтуынша, қазір бізге әлемдік 4 компания өзінің атом электр стансаларын ұсынып отыр.
«Бұл стансалардың реакторлары әртүрлі болғанымен, жұмыс істеу қағидаты бір. Тек механизмдерінде ғана сәл айырмашылық болуы мүмкін. Ал персоналдың жалпы саны барлығында бірдей», дейді.
Жария талдауға қатысқан қоғам белсенділері атом электр стансасын салатын компанияны мұқият таңдау қажет екенін айтады. Олар, әсіресе қауіпсіздік мәселесіне алаңдайды.
«Жалпы, көп адам атом электр стансасының қауіптілігі туралы айтады. Алайда әлемнің көптеген елінде атом энергиясы белсенді қолданылады. Мысалы, Францияда барлық электр энергиясының 72%-ын атом электр стансалары өндіреді. Жиі жер сілкінісі болатын Жапония электр энергиясының 40%-ын атом электр стансаларынан алады. Тіпті әлемдегі ең дамыған елдердің бірі АҚШ-та да жыл сайын бірнеше жаңа энергия блогі пайдалануға беріледі. Әлемдік нарыққа шығу үшін әлемдік жеткізушілер өз технологиясын сенімді етуге тырысады. Жаңа стансалардың сенімділігі мен беріктігі артып келеді», деп атап өтті эколог Орынбасар Тоғжанов.
Жиында сөз алған сарапшылар жаңадан салынатын стансалардың қауіпсіздігіне алаңдауға негіз жоқ дейді. Өйткені атом электр стансаларын салу үшін қарастырылып жатқан технология – 3 немесе 3+ буын реакторлары қауіпсіздіктің барлық талабына жауап береді және экономикалық көрсеткіштері жағынан әлдеқайда жақсартылған. Ал бұл дәстүрлі жылу электр стансаларымен салыстырғанда, атмосфераға зиянды қалдықты аз бөледі.
«Өркениетті ел болу үшін бізге осындай энергия көзі қажет екенін халық түсінеді деп ойлаймын. Біз атом дегеннен қорқып қалған халықпыз. Бүгінгі әңгімеден көріп отырмын, кейбір атом электр стансасының қауіпсіздігі өте жоғары екен. Бұл шындық болса, қорқатын ештеңе жоқ деп ойлаймын. Мен атом электр стансасын салуды толық қолдаймын. Бірақ қай мемлекетке салдыру қажеттігін ойлануымыз керек», деді «Нарын қасіреті» қоғамдық қорының төрағасы Хайролла Сабыров.
Атом электр стансасының салыну мәселесі осы күзде бүкілхалықтық референдумда шешілуі мүмкін.
Батыс Қазақстан облысы