Еріктілік шекарамен шектелмейді. «Жастар рухы» белсенділері мен «Biz Birgemiz» қоры Қырғызстандағы алапат селден зардап шеккен тұрғындарға гуманитарлық көмек жіберді. 40 тонналық жүк Алматыдан Ош қаласына жедел жеткізілді.
Қырғыз Республикасының Ош облысындағы сел салдарынан тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды қоса алғанда 800-ге жуық ғимаратты су басты. 14 шілдедегі толассыз жауын-шашыннан алты адам қаза тапты. Жергілікті жауапты өкілдердің мәліметінше, табиғи апат қайталанып, бір аурухана, сауда үйі, бес көпір зақымданып, 23 автокөлікті су ағызып кеткен. Осынау қиын тұста отандастарымыз тасада қалмады. «Biz Birgemiz» қоры мен «Жастар рухы» Жастар қанатының еріктілері эвакуацияланған тұрғындары үшін азық-түлік, киім-кешек және қажетті заттарды жинап, көмек көрсетуге кірісіп кетті.
– Елімізде орын алған төтенше жағдайлар кезінде қырғызстандықтар қолдау көрсетіп, жанымыздан табыла білді. Қиын халде қалған Ош облысының тұрғындарына да тиісті демеу білдіру – біздің парызымыз деп білемін. Дайындалған заттар ішінде ұзаққа жарамды азық-түліктер, төсек орындары – матрас, жастық, жамылғыш және тағы басқа алғашқы уақытта қажет дүниелер бар, – деді «Biz Birgemiz» қорының жетекшісі Перизат Қайрат.
Өз кезегінде гуманитарлық жүктерді тиеуге және жөнелтуге көмек көрсету үшін аз уақыт ішінде «Жастар рухы» Алматы қалалық филиалының 20-дан астам еріктісі жұмылдырылған.
– Біздің еріктілер кез келген жағдайда көмек көрсетуге әрқашан дайын. Бауырлас қырғыз еліне қолдан келген көмекті аямайтын боламыз. Төтенше жағдайлар кезінде тәжірибе жинақтаған жастармен Ош қаласына жол тарттық, – деді «Жастар рухы» Алматы қалалық филиалының төрағасы Әкежан Кеңесов.