Облыс орталығындағы әдебиет және өнер музейіндегі құнды қазынаның бірі – «Диуани хикмет» кітабының қолжазба көшірмесі.
Ғалымдардың пікірінше, Қожа Ахмет Ясауидің бұл еңбегі ХVІ-ХVІІ ғасырда қайта көшірілген. Түрік халықтарына ортақ ескі әдеби тілде жазылған. Көшірме бұқар қағазына таңбаланған. Мамандар ішіндегі көп сөз қазақтың әдеби тіліне орайлас дейді. Бұрынғы нұсқалар оғыз диалектісінде жазылған екен. Қолжазба нұсқа ең ескі әрі сирек кездесетін үлгі. 90 беттен тұратын қолжазбаны бұрыннан мәлім үш нұсқамен салыстырудың нәтижесінде транскрипциялық, мәтіндік, көркем поэтикалық үлкен айырмашылықтың, өзгешіліктің бетін ашуға болады. Бұл қолжазба қазақ әдебиеті үшін де, тіл тарихы үшін де, ежелгі діни философия үшін де құнды, маңызды рухани мұра санатында.