Бойына небір құпия жасырған қазақ даласының сыры күндер алға көшкен сайын ел тұрғындарын ғана емес, барша әлемді таңғалдырып, айдай әлемді аузына қаратып келе жатқаны аян. Ғылым мен техника дәуірлеген сайын оларға мойын бұрып қарамасыңа, ден қойып зер салмасыңа болмайтынын бағамдайсың.
Жақын күндері әлеуметтік желіде ұрсаң сыңғырлаған қоңыраудың үніндей дыбыс беретін тастар туралы бейнежазба тарады. Жалпы, бұл тастар туралы алғашқы бейнематериалдар 2019 жылдан бері бар. Сол кезден бастап желі пайдаланушылары үшін үлкен қызығушылық пен таңданыс тудырған еді. Қоңыраулы тастар құпиясын білмек болып аталған бейнежазбадағы Абайдың Жидебайдағы музей-үйінің меңгерушісі Айқын Ақболатовқа хабарластық.
«Бұл тастар Жидебайдан қырық шақырым шамасында Жиренше қыстауының маңында жатыр. Жиренше «Абай жолы» роман эпопеясында айтылатын ақынның жақын досы, жан серігі болған адам. Елді мекеннің арғы бетінде тау-тасты аймақ болғанымен, дәл осы екі тас ұрсаңыз сыңғырлаған қоңыраудың үнін шығарады. Біздің жобалауымызша, аталған тастардың құрамында металл көп болғандықтан болар деп ойлаймыз. Бақ дарып, кие қонған Шыңғыстау өлкесінің бұл да бір шешілмеген құпиясы», дейді Айқын Берікболұлы.
Қоңырау үнін шығаратын тастар АҚШ-тың Пенсильвания штатында, Ресейдің Карелия республикасында кездеседі. Мұнда туристер үшін барынша жағдай жасалған. Абай елінің көнекөз қарттары тастың тұрағын көбіне жар салып айта бермейді. Аталған тастар мемлекет тарапынан қорғауға алынса деген өтініш білдіріп, қараусыз жатқаны көңілге кірбің ұялататынын айтады.
Ғылыми-зерттеу еңбектеріне сүйенсек, мұндай дыбыстар тау жынысының тығыздығы мен ішкі кернеудің жоғары дәрежесіне байланысты шығатыны белгілі. Шыңғыстау өңіріндегі осынау тастар туралы бұған дейін геолог мамандар тарапынан Семей ядролық полигон ошағындағы жарылыс салдарынан сол жердегі тау жыныстарының өзгерген түрі болуы мүмкін деген болжам айтылған.
Абай облысы