Бүгін Францияның Париж қаласында ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарының алауы тұтанады. Ел спортшылары дербес делегация ретінде жазғы Олимпиада ойындарына сегізінші мәрте ат байлап отыр.
Франция осымен үшінші мәрте жазғы Олимпиада ойындарын өткізіп жатыр. Бұл жолғы жазғы Олимпиада ойындарының ресми ашылу салтанаты спорт нысанында емес, Сена өзенінің үстінде өтеді. Қатысушы мемлекеттердің делегациясы су бетінде қозы көш жерді қайықпен жүзіп шығады. Еуропаның еңселі қаласының көрікті жерлерін көктей өтетін көңілді керуен көшінде біздің елден барған делегацияны ту ұстап боксшы Асланбек Шымбергенов пен жеңіл атлет Ольга Сафронова бастап шығады.
Спорттың 25 түрінен 92 лицензияны иеленген 80 спортшы додаға қосылады. Америкалық талдау компаниясының қорытқан болжамы бойынша еліміздің спортшылары Париж жазғы Олимпиадасынан 2 алтын, 3 күміс, 5 қола медаль олжалауы мүмкін. Бірақ бұл тек пайым ғана, нақтысын дода айқындайды. Үш жыл бұрын Жапонияның Токио қаласында өткен жазғы Олимпиада ойындарында спортшылар 8 қола медальді місе тұтып, жалпы есепте 83-сатыға тұрақтаған еді.
Париж жазғы Олимпиадасында спортшыларға қалайда алтын медаль алу міндеті жүктелді. Бұл Олимпияға 80 спортшыны баптап 67 бапкер, 15 дәрігер, психолог сынды мамандардан жасақталған ғылыми кешенді топ қоса бара жатыр. Бұрын-соңды спортшылардың жеке бапкерлері дәл мұндай қалың шоғыр болып барған емес. Мемлекет тарапынан көрсетілген қамқорлық пен қолдаудың қайтарымы болмаса, саңлаққа серт!