2025 жылы Сауд Арабиясында киберспорттан алғаш рет олимпиада өтеді. Ол қандай спорт дейсіз ғой? Бұл – компьютер арқылы жекелей немесе командамен ойналатын жарыс. Яғни қатысушылар бір-бірімен шынайы емес, виртуалды өмірде бақ сынасады.
Мұндай шешім Парижде өткен Халықаралық олимпиада комитетінің 142-сессиясында қабылданды. Комитет мүшелері жарысты екі жылда бір рет өткізуді ұсынды. «Олимпиадалық киберспорт ойындарының құрылғанын растай отырып, біз цифрлық революция қарқынына ілесеміз. Киберспорт қауымдастығы бұл бастамаға құлшыныспен қарайды. Халықаралық комитет пен Сауд Арабиясы осы виртуалды бәсеке аясында 12 жыл серіктес болады», деді Халықаралық Олимпиада комитетінің президенті Томас Бах.