Қазір қоғамды алаңдатып отырған өзекті мәселе – ұрпақ яки бала тәрбиесі. Бұған ел ертеңін ойлаған әрбір азамат бейжай қарамайды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әрдайым ұрпақ тәрбиесіне жауапты болуды жүйелі ескертіп-ақ жүр. Мұны Ұлттық құрылтай мінберінен де айтты. Бір сөзінде: «Өскелең ұрпақтың тәрбиесі – өте маңызды мәселе. Ашығын айтсақ, қазір жас ұрпақ әлеуметтік желі арқылы тәрбие алып жатыр. Баланы дұрыс бағытқа бұрып, жол көрсетіп отырмасақ, бұл – өте қауіпті үрдіс», деген-ді. Осы жағынан келгенде, бар салмақ ата-анаға түседі. Өйткені бала тәрбиені алдымен отбасында алады. Отбасында не көрді, не түйді – соны бойына сіңіреді. Бұл ретте сан ғасыр жалғасып келе жатқан ұлттық тәрбиеміздің рөлі зор. Елдік тәрбиенің қайнарына қанып өскен өреннің танымы да терең. Әсіресе қазақ отбасында ата-әже, әке-шеше, бауыр деген ұғымдардың орны бөлек. Қоғам, уақыт өзгерді дегенімен, ұлттық тәрбиеден ажырамаған жөн. Бұған өз ұлтының дәстүрі мен болмысын сақтаған әлем елдерінен көп мысал келтіре аламыз. Сонымен қатар Президенттің «Адал адам» тұжырымдамасы да хакім Абайдың «Толық адам» ілімімен үндеседі. Осы ретте біз бүгін қазіргі жас ұрпақты адалдыққа, тазалыққа, еңбексүйгіштікке қалай тәрбиелейміз, сондай-ақ қоғамдағы ысырапшылдық секілді келеңсіз көріністерді қалай тоқтатамыз деген мақсатпен дөңгелек үстел мәжілісін ұйымдастырып, оған елімізге танымал тұлғалар – тарих ғылымдарының докторы, профессор Өмірзақ Озғанбай, белгілі дипломат, филология ғылымдарының докторы, профессор Әділ Ахметов, ардагер-журналист Сайраш Әбішқызы, мемлекет және қоғам қайраткері Жәнібек Кәрібжанов, Қазақстанның Еңбек Ері Сайран Бұқанов, қоғам қайраткері Шалатай Мырзахметов секілді азаматтарды шақырдық.
– Ата-ананың бала тәрбиесіндегі рөлі ерекше. Сондықтан әңгімені осыдан бастасақ.
Өмірзақ Озғанбай:
– Шын мәнінде, бала тәрбиесінде ата-ананың рөлі зор. Мен бұған қатысты сөзімді Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әке туралы ой-толғау» атты кітабынан бастағым келіп отыр. Бұл еңбекті автордың ата-ана рухын аялаған перзенттік парызы, жып-жылы қошеметі десе болар. Кітаптың өне бойынан байқалатыны: әке Кемел ұл-қызын жеке үлгісімен тәрбиелеген. Соғыстан ауыр жараланып келсе де, қиналғанын білдірмеген. Тіпті демалысқа Алматыдан ұзап та бармаған. Қолы қалт етсе, кітап жазған. Қасым секілді майданда шейіт кеткен ағасының бауырмалдығы мен білімге деген талабын, кеңестік ауыр жылдардағы өз әкесінің, анасының, бөпе қарындасының басындағы трагедияны баяндаған. Қарапайымдық пен тазалық – әке Кемел мен ана Тұрардың үлкен мектебі деп ойлаймын.
Талай жауапты қызмет атқарып келе жатқан Қасым-Жомарт Кемелұлы барлық бастамасында еліміздің өткенін, бүгінін, ертеңін салмақтап әрекет ететіні анық. Міне, осындай жауапты жұмыстың арқауы – ұрпақ сабақтастығы.
Ұлттық құрылтай мінберінен ұрпақ тәрбиесінің айтылуы – көкейкесті дабыл. Сондықтан бұл елдік істе қоғам өз жауапкершілігін терең түсінуі керек.
Әділ Ахметов:
– «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген мәтел тегін айтылмаған. Ата-ананың бала тәрбиесіндегі рөлі осы сөзбен нақышталып тұр. Үйде ауызбірлік болмаса, ата-ананың бір-біріне деген қарым-қатынасы дұрыс орнамаса, ұрыс-керіс орын алса, тәрбие құлдырайды. Балалар көргенін қайталайды. «Сен мықты бол, тәрбиелі бол» деген құрғақ ақылдан ештеңе шықпайды. Ең алдымен ата-ананың өзі тәрбиелі болуы керек. Әкесі темекі тартып, шешесі арақ ішсе, оларды көрген бала қандай болып шығады? Кейін қайталамай қоймайды. Отбасындағы баланың жетілуі ата-ана тәрбиесіне тікелей байланысты. «Адалдық туабіткен қасиет емес, бірте-бірте жүре қалыптасады» деп жүр. Мен бұған келіспеймін. «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деген қазақтың керемет мақалы бар. Атадан балаға қанмен беріледі. Ортаның да үлкен ықпалы бар. Жақсы ортада тәрбиеленген бала текті болып өседі. Бірақ генетикалық тұрғыдан қарағанда, тектілік – тұқым қуалайтын қасиет. Сондықтан текті отбасында тәрбиеленген баланың өзі де текті. Осыған қатты мән беру керек. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дейді. Жоғарыдағы сөзімнің түйіні осы-ақ. Демек, мектепте бала тәрбиесіне қатысты мақал-мәтелдерді жаттатып, санасына сіңіру керек. Сонда үлкен азамат болып қалыптасуына септігін тигізеді. Салт-дәстүріміздегі адами құндылықтарымыз біздің мақалдарымызда түюлі тұр. Осы жағына қатты мән берген жөн. Сен былай бол дегеннен гөрі, сынып сағаты мен тәрбие сағатында әлгіндей мақал-мәтелдерді жаттатып, мән-мағынасын ашып берсе, нұр үстіне нұр. Мақал-мәтелдерді түйсініп өссе, текті болады. Өйткені ол ұлттың тәрбиесі. Атадан келе жатқан жол. «Анасын көріп қызын ал, аяғын көріп асын іш» дейді. Анасы нашардың қызын алма деп тұр. Ар жағында тыйымдар тұр. «Әке тұрып ұл сөйлегеннен без, Шеше тұрып қыз сөйлегеннен без» деген де мақал бар. Өмірлік тәжірибесі мол үлкендер тұрғанда, тілім бар екен деп алды-артын ойламай жастар сөйлеген қайбір жақсы? Киелі кітаптарда да көп мысал бар. Ненің күнә, ненің күнә еместігі Құранда түзулі тұр. Менің ғылыми жұмысым тиымдармен байланысты болған соң айтып отырмын мұны. «Әй дейтін ажасы, қой дейтін қожасы болмаса», бала бетімен кетуі ғажап емес. Дұрыс жолға салатын – ата-ана.
Сайраш Әбішқызы:
– Ата-ана – баланың алғашқы мектебі. Олардың өмір салтынан санаға сіңіп, бойға дарыған адамшылық қасиет жас өркенді жақсылыққа жетелейді. «Отбасы – шағын мемлекет» деген сөз бар. Әр шаңырақтың отағасы мен отанасы өсірген ұл-қыз есейіп, жеке-жеке отау тігіп, әулет болғаны – шағын мемлекет емес пе? Ол – ұрпақ сабақтастығының алтын бесігі. Қазіргі уақытта отбасы институтын дамыту мәселесі мемлекеттік деңгейге көтерілгені – аса құптарлық, қуанарлық бағдар. Бұл орайда отбасынан, білім мен тәрбие бастауынан нәр алған қаракөздеріміздің азаматтық қалыптасу өткелі іспетті мектептің де атқарар міндеті, көтеретін жүгі аса жауапты. Отбасы мен мектеп ынтымақтастығының осал буынға айналғаны қоғамды алаңдатып отырғаны – орынды. Жас ұрпаққа сапалы білім мен тәрбие беру ісі – отбасы мен мектептің қоғам алдындағы ортақ міндеті. Басқасын айтпағанда, өте нәзік сезімталдықты, биік адамгершілікті, жоғары білімділікті қажет ететін жасөспірім қыздар мен ұлдар тәрбиесінің жауаптылығын көтеру – ең әуелі отбасының, одан кейін мектеп мұғалімінің бірлесе отырып атқаратын киелі парызы. Мұндай ынтымақтастық жиі естіліп қалатын ата-ананың мектепке, мектептің ата-анаға көңілі толмайтын әртүрлі әңгіменің де жолын кесе алады.
Жәнібек Кәрібжанов:
– Бала тәрбиесіндегі басты тұлға – ата-ана. Сондықтан бала санасына адалдық, мейірімділік, қайырымдылық, инабаттылық, әдептілік және елі мен жерін сүю секілді жақсы қасиеттерді сіңіру – әке-шешеден қалыптасады. Өйткені бала көргенін істейді. Ата-ана ұлы мен қызына ештеңе айтпаса да, мінезі, сөзі, қала берді, жүріс-тұрысы қандай, соның бәрін сіңіріп алады. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген нақыл содан шыққан секілді. Қазір біздің жасымыздағыларды бала тәрбиесі қатты толғандырады. Өз балаларымыз есейіп кеткенімен немерелеріміздің келешегіне алаңдаймыз. Бүгінде балаға ата-анадан бөлек, оған өзі өмір сүріп отырған қоғамы, білім алатын мектебі, араласатын ортасы да әсер етеді. Одан кейін смартфонның да ықпалы күшті. Қысқасы, қазір баланың тәрбиесіне, оның азамат болып қалыптасуына әсер тиетін жақсы да, жағымсыз да дүние көп. Дегенмен, ата-ана бала тәрбиесіне басты жауапты. Егер ол кішкентай күнінен баласына обал-сауапты, адалдықты, тазалықты, «үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» көрсету секілді қасиетті ұғындырып өсірсе, ол бала жақсы адам болып қалыптасады. Қанша дегенмен, бала есейіп кетсе де, оның ата-анадан алған тәрбиесіндегі қателігін қоғамдық тәрбиеде түзету қиын. Сондықтан бала тәрбиесінің негізі ата-анадан қалыптасады. Арқалы ақын Ғафу Қайырбеков «Ана туралы жыр» атты өлеңінде «Есейіп кетсем де, мен саған сәбимін» деген жолдар бар. Кез келген бала ержетіп, қанша жасқа толса да, ата-анасына сәби көрінеді. Бұл – өте терең ой. Шын мәнінде, адам қанша жасқа толса да, әу бастан әке-шешесінен алған тәрбиеден, өнегеден алысқа ұзамайды. Осы тәрбие адамның мінез-құлқын қалыптастырып қана қоймай, ол атқарған кез келген істің негізі болады.
Шалатай Мырзахметов:
– Барлық ата-ана ұл-қызының ақылды, өжет, парасатты болып өсуін қалайды. Қазақта «біреудің ала жібін аттама», «ұят, обал болады» деген тағылымды сөздер бар. Осы ұғымдарды балаға жасынан сіңіру керек. Сонда жас ұрпақтың бойына қазақы рух сіңіп өседі. Әлі есімде, жасым 13-ке толып, бірінші мүшелді еңсергенімде, әкем жанына отырғызып: «Балам, сен енді ер жеттің, он үш жас отау иесі» деп жайлап, аптасына немесе екі аптада бір рет құлағыма тәрбиелік сөзді құя бастады. Сұрақ қойып, ой-өрісімді дамытуға ықпал етті. Сонда әкем айтатын: «Балам, жаман адам болмайды, өсе келе тәрбиесіне байланысты жаман атанады. Ертең өскенде қызметің көтеріліп, басшылық қызметке келіп жатсаң, қарамағыңдағы адамдарға қамқор бол. Олардың да бала-шағасы бар, соларды ойла» дейтін. Мұны айтып отырған себебім, әрбір ата-ана осылай ұл-қызымен ашық сөйлесіп, тәрбиелесе, бұл ертең олардың өмірлік ұстанымы, кредосы болады. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін жолдамамен Ақтөбе облысы Байғанин ауданында жаңадан құрылған Абай кеңшарына бардым. Құрылыс шебері болып қызметке араластым. 3-4 айдан кейін директор мені шарауашылық құрылысының жетекшісі етіп тағайындады. Құрылыста басшылық қызметте 13 жыл, аудандық атқару комитетінде 11 жыл істедім. 24 жыл ауданда басшылық қызмет істеп жүргенде бірде-бір адамды жұмыстан шығармауға тырыстым. Әсіресе құрылыста ашуға мініп, кейде бір жұмысшыларды салғырттығы үшін жұмыстан босатыңдар деп тапсырма бергенде де, түнімен ойланып, оның да бала-шағасы бар ғой деп райымнан қайтып, таңертең шалғайдағы басқа құрылыс нысанына жіберетінмін. Бір сөзбен айтқанда, ата-ананың бала тәрбиесіндегі рөлі өте жоғары.
– Ал ұлттық тәрбиенің бала тәрбиесіндегі орны туралы не айтасыздар?
Сайраш Әбішқызы:
– Ұлттық тәрбие деген – баламен қазақша сөйлесу ғана емес. Ата-аналар қазақтың тілі арқылы оның діліне тереңдеуі қажет. Сонда мұхиттың тереңінен маржан сүзгендей ұлт бойындағы асыл қазыналар ақтарыла береді. Қазақша сөйлеумен қатар, қазақша ойлау керек, қазақша өмір сүру керек. Бабамыздың бай дәстүрі – бәйтеректің тамырындай. Біз бүгінгі адалдық пен еңбекке бағытталған мемлекеттік саясат дәстүрімізді де реттейді деп сенеміз.
Әділ Ахметов:
– Отыз жыл Сингапур үкіметін басқарған Ли Куан Ю дейтін тұлғаның сөзі бар. Ол «мемлекеттің ұлылығын тек жер көлемі айқындай алмайды. Ұлылықты жұдырықтай жұмылған халықтың жігері мен бірлігі, табандылығы мен тәртібі және сол мемлекетті құтты мекенге айналдырған ұлтжанды көшбасшылардың сапасы сомдайды» дейді. Тереңірек үңілгенде, тек көшбасшыға қатысты айтпайды. Қай халықтың ішінде зиялы қауым көбірек болса, сол мемлекеттің келешегі зор. Зиялы қауымның сапасына байланысты. Мәселен, көрші өзбек ағайындарда ақсақалдық институт жақсы дамыған. Ауылдық жерлерде тентектерді ақсақалдар тыйып ұстайды. Сол сияқты, ұлттық дәстүр сақталса, бәрі түгенделеді.
Шалатай Мырзахметов:
– Жалпы, әр этнос өкілі өзінің ұлтын жоғары санайды. Шамасы ұлттық рух пен сана сонымен де биіктесе керек. Марқұм әкем «Өнер алды – қызыл тіл» деп, сосын Абай атамыздың «Адамның мінезін түзеуге болмайды деген кісінің тілін кесер едім» деген сөзін жиі айтатын. Содан кейін әкемнің «Қазақ – сөзге тоқтаған халық. Бірауыз сөзбен-ақ елдің, жердің тағдырын шешкен» деген сөздері де есімде қалды. «Сондықтан, балам, сөйлегенде абайла. Өйткені айтылған сөз – атылған оқ. Сөз айтылғанша сен оның егесісің, айтылған соң егесі болмайсың. Ол сөз енді елге тарайды. Сондықтан қай кезде де өзіңнің қазақ екеніңді ұмытпасаң, өзіңнің сөзіңе еге бола біл» деуші еді. Сондықтан балаға тәрбие берген кезде сен ұлы халықтың ұланысың, уәжге тұрған ұлттың баласысың деп құлағына құю керек. Мен жоғары қызметтерде жүргенімде мектеп жасынан бастап балаларға негізгі пәндерге қазақ халқының қасиетін, жақсы мінезін үйрететін ой, дерек енгізу қажеттігін көтергенмін. Бұл әлі де көкейкесті. Намысқойлық, сөзге тұру, шешендік, қонақжайлық, досқа адалдық бастауыш сыныптан оқушыларға оқумен де, тәрбиемен де сіңсе дейміз. Осы істе ата-ананың, қоғамның жауапкершілігі айрықша.
Өмірзақ Озғанбай:
– Ұлттық тәрбиенің ерекшелігі дегенде, оқырманға ой салатын мына ғибратты әңгімені айтсам деймін. Бір жас жігіт әлжуаз, жасы жетіп қартайған, өңінен әрі тайған анасын ертіп мейрамханаға келіпті. Көңілі қалаған әртүрлі ас мәзіріне тапсырыс береді. Алдарына дәм келіп, тамақтанып жатқан кезде кәрі ананың қолы қалтырып, қасығындағы тағамды көйлегіне төгіп алады. Оны байқап отырған көпшілік «осындай қартайған адамды мейрамханаға әкеле ме екен?» дегендей жақтырмаған кейіп те танытады. Бірақ баласы сұқ көздерді елеместен дереу анасының үстін тазартып, қисайып кеткен көзәйнегін түзеп, қобырап кеткен шашын тәртіпке келтіріп, тамақтандыруды жалғастырады. Әбден ауқаттанып алғаннан кейін анасын жетектеп кетіп бара жатқанда, көп ішінен бір салиқалы азамат: «Інім не тастап кеттің?», дейді. Жас жігіт: «Еш нәрсе ұмытпадым», деп жауап қатады. Сонда бейтаныс кісі: «Жоқ, інім, сен қалдырған заттың салмағы қорғасындай ауыр. Баладан қайырым күтіп, үміт оты сөне бастаған ата-ана жүрегіне жылу бердің, мейірімі азайған ұрпақтың санасына имандылық пен инабаттылық нұрын құйдың», деген екен.
Сайран Бұқанов:
– Негізі, о баста адам баласы шыр етіп дүниеге есігін ашқанда, мейлі ол неміс, орыс немесе қазақ болсын, көз әлпеті мен түр-түсі өзгеше болғанымен, ақыл-есі мен қарым-қабілеті, мүмкіндігі жағынан бірдей болып жаратылады. Рас, еңбекке бейімділік, шаруаға ептілік, кәсіби шеберлік сияқты қасиеттер белгілі бір дәрежеде қанмен келетінін жоққа шығаруға болмайды. Бірақ өмірге келген сәбидің еңбекқор я жанаяр жалқау болып қалыптасуы, ең алдымен, өскен ортасына, қоғамға, үйдегі тәрбиеге, әке мен анаға байланысты. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген сөз осындай өмір тәжірибесінен алынған. Баланы тәрбиелеу – ол оған ақыл айту емес. Қазір көбіміз осы екеуін шатастырып алып жүрміз. Балаға көп ақыл айтудың қажеті жоқ. Өзің дұрыс жүріп, ізденіп, адал еңбек етсең, шағын ғана отбасыңның шаруашылығына мығым бола білсең, қасыңдағы бала көргенін істейді. Ертең ол да өзің сияқты әр істің ебін білетін еңбекқор, шаруақор азамат болып өседі. Сондықтан табыс табудың жалғыз жолы бар екенін, ол зерделі білім мен табанды еңбек екенін, осы екеуін ұштастыра білген адам игі мақсаттарға жететінін бала біліп өсуі керек.
Қазір елге, қоғамға қарата айтылған әділеттілік пен адалдықтың кілті – еңбек пен жауапкершілікте деп санаймын.
Жәнібек Кәрібжанов:
– Жалпы, ұлттық тәрбиенің маңызды түрі – баланы жасынан еңбекке баулу. Бұған мысалды өз заманымнан келтірейін. Біздің бала күніміз 50-жылдарға тап келді. Соғыстан кейінгі кезең. Ел еңсесі енді көтеріліп келе жатты. Ауылда тұрамыз. Атам өте еңбекқор еді. Құр қарап отырмайтын. Өзімен мені де ертіп жүріп, еңбекке баулыды. Жазда екеуміз шалғымен шөп шабамыз. Атамның өзі маған ыңғайлап жеңіл шалғы жасап берді. Қысқа отын дайындаймыз. Күн сайын құдықтан су тасып, бақша суарамын. Арамшөп жұламын. Замандастарымның көбі осы мектептен өтті. Қарап отырсаңыз, осының бәрі – тәрбие. Әрине, ауыл балалары еңбекке бір табан жақын болып өседі. Ал қалада өскен өрендерді де еңбексүйгіштікке тәрбиелеуге болады. Оған мысал көп.
– Адалдық, еңбексүйгіштік, жасампаздық және ысырапшылдыққа жол бермеу секілді қасиетті жас ұрпақ бойына қалай сіңіреміз?
Сайран Бұқанов:
– Қазақтың үйлену тойы, құдалығы, шілдеханасы, тұсаукесері, туған күні бар – әйтеуір тойы бітпейді. «Тойдан айырмасын» деген халықтың жақсы тілегін мен де бір адамдай түсінемін. Бірақ той күнделікті шаруаңа, сол шаруаңды реттеп отырған тәртіпке зиянын тигізбеуге тиіс. Яғни той өткізетін мүмкіндік болу керек. Сондықтан той дегенде әркімнің көрпесіне қарай көсілгені абзал. Өзім шаруашылық басқарып жүргенде талай көрдім. Науқанның қызып тұрған шағында «Бір-екі күнге қалаға барып келу керек еді. Қайным 40-қа, жақыным 70-ке толып жатыр» деп қиыла сұранады. «Айналайын-ау, көзің көріп тұр ғой, орылмай жатқан егін анау. Ауа-райының түрі мынау. Бір-екі күнің не? Бізге әр сағат қымбат қой. Соған бармай-ақ, былай телефонмен құттықтап, жағдайыңды түсіндіруге болмай ма?» десең, қызметкерім: «Ұят қой, аға», дейді. Шаруаға деген көзқарасының түрі осы. Бір жылдары ауылда бір кісі қарыз сұрап келді. «Балам әскерге кететін еді, алыс-жақын ағайын, өзімнің, ұлымның достары бар – барлығының басын қосып, той жасағым келеді. Несие алайын десем, өзімде де, әйелімде де кредит бар. Банк бермей жатыр», деп. «Енді жағдайыңның түрі мынау. Балаң әскерге кетіп бара жатса, үлкен той жасамай-ақ, бір табақ ет асып, үлкендерді үйге шақырмайсың ба? Ұлың үлкендердің батасын алады» десем, бұл да «ұят қой», дейді. Етегімізден тартып, ілгері бастырмай тұрған да осы жалған ұят. Бір жақынымыз шақырған тойымызға келе алмай қалса, оны жаудан бетер ғып аламыз. «Бар жиған-тергенің тойға шашылсын» деген мақал бар біздің халықта. Қазір осы мақал елдің басты ұранына айналды. Тірнектеп жиған дүниені неге тойға ғана шашу керек? Оны жұмсайтын басқа игіліктер бар емес пе? Мұның артында не жатыр? Бәленше бәленбай қуанышына той жасамады деген сөзге қаламыз, көптен ұят болады, елден қалмау керек. «Біз мына адамнан кембіз бе?» деген жалған намыс жатыр. «Біз пәленшеден кембіз бе?» дегендегі бақталастық. «Пәленше» қаны бөлек, ділі басқа алыстағы бөтен біреу емес, күнде көріп, араласып жүрген өз ауылдасы, өз көршісі, өз жақыны, өз ағайыны. Осылайша, өзгемен емес, өзімізбен өзіміз тартысып, бақталасып, күндесіп күн кешу бар. Қазір бізге жат жанынан түңілетіндей шынайы ұлттық намыс керек. Сол ұлттық намысымыз ұсақталып, отбасылық, рулық намысқа айналып барады. «Ана рудың бір атасы кезінде жауға жалғыз шапқан керемет батыр болыпты, мына рудың бір атасы киелі әулие екен...» деп, осыған тайлы-таяғымыз қалмай қаржы жинап, тас қойып, тай шаптырып, той жасау жадағай үрдіс болып алды. Біз неге бұлай болып кеттік? Өйткені болмашы мақтанышты аңсаймыз. Ол мақтанышты қасымыздан, өз арамыздан таба алмаған соң, сол баяғы үлкендерден естіген аталарымыз туралы аңыз-қиялдан ақиқат іздеп, оны басымызға ту ғып көтереміз. Бұл ұлтты алға бастыратын, ұрпаққа дұрыс өнеге болатын дүние емес. Артта қаулап өсіп келе жатқан өскелең ұрпаққа жақсы өнеге қалдырамын десек, тойға шашатын қаржыны баланың дұрыс білім алуына жұмсайық. Оны заманға қауқар көрсете алатындай сапалы біліммен қаруландырып, еңбекқор етіп тәрбиелейік.
Сайраш Әбішқызы:
– Адамның бойынан үнемі жақсы қасиет табыла бермейді ғой. Кісілік пен кісәпірлік, ірілік пен ұсақтық – өмір өзегінде алмакезек айналып жатқан болмыс сипаттары. Кейде адамның дерт-мерезі қоғамдық деңгейде де кең өріс алып кететіні – ақиқат. Кейінгі дәуір дидарынан аңғарып жүрген сондай жағымсыздау істердің бірі – ысырапшылдық. Әлбетте, оның артында мақтангершілік тұр. Қазір өз руын шегінен тыс әспеттеп, қайбір атасын ұлттық деңгейге дейін көтергісі келетіндердің қарасы көбейіп жатыр. Қолдан тұлға жасап, оған аста-төк ас беру – тарих алдындағы әдепсіздік. Мемлекетіміздің әрбір азаматы қолына бақ-дәулет бітсе, оның ең әуелі халық игілігіне жұмсалуы керегін сезіну қажет. Елдің жыртығын жамайтын іске жұмсалса, ол – қайырлы дәулет. Өз басына береке болып қайтып оралады. Ал бір күндік мақтан мен ду-думан үшін ақшаны сарп ету – барып тұрған білместік.
Өмірзақ Озғанбай:
– Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтай жиынында және бұдан кейінгі бірнеше жиында Мемлекет басшысы әлеуметтік кеселдер – нашақорлықпен, лудоманиямен, вандализммен, ысырапшылдықпен күресу, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол бермеу сияқты мәселелерге ерекше екпін түсіріп, бұларды жаңа Қазақстанның тәрбие жұмысындағы басты кемшілік екенін ашық айтты. Қасиетті дінімізде де Президент айтқан ысырапшылдыққа жол бермеу жиі еске салынады. Онда аста-төк ішім-жем, бағалы және жағалы киімдер, қымбат көлік тәкаппарлыққа және ысырапшылдыққа жол ашады делінеді. Еуропа елдерінде миллиардерлердің көшедегі қарапайым халықтан еш ерекшелігі жоқ, кигені –джинсы шалбар, мінгені – шағын литражды автокөлік, «байлық мұрат емес, кедейлік ұят емес» деген қағидатпен өмір сүреді. Алла ерекше дәулет беріп сені сынаса, оның қадірін біліп қажетті мөлшерде пайдаланып, Жаратқан жолына үлес бөліп, шүкіршілікті қанағат етіп, жарлы-жақыбайларды ұмытпа деп жатады. Дәулет біткен адамдарда сабыр, қанағат, шүкіршілік болғаны абзал. Әлемде жыл сайын 2,2 млрд тонна тамақ қоқысқа төгіледі. Өкінішке қарай, Сайран мырза айтқандай, бізде де аста-төк той жай қуанышта да, топырақты өлім дастарқанында жиі байқалады. 2023 жылы Қазақстанда 4 миллион тоннаға жуық тұрмыстық қалдықтар шығып, оның 24 пайызы ғана қайта өңделген. 2021 жылы экологиялық кодекс күшіне енді. Бұл бағыттағы тәрбие жұмысы ұланғайыр. Балабақшада, мектепте, жоғарғы оқу орындарында, қоғамдық орындарда ұқыптылыққа, үнемділікке сананы дайындау қажет.
Мемлекет басшысының «Әке туралы ой-толғау» атты кітабынан осы әңгімеге арқау болып отырған ысырапшылдыққа қарсы бір мысал келтірейін. Кемел ағамызды Жоғары Кеңес жұмысынан босатып, «Жалын» журналында жарияланған болашақ романының тарауын, тұтастай нөмірді жойып, қағаздың шығыны үшін 1000 сом төлеттіріп, отбасы қиын экономикалық жағдайда қалған кезде Қасым-Жомарт Кемелұлы 40 сом стипендиясымен МГИМО-ны үздік – қызыл дипломға бітіріп шығады. Бұл қажырлы еңбек бүгінгі жастарға да өнеге болса дейміз. Маңдай тердің өтеуі сөзсіз келеді.
Әділ Ахметов:
– Қоғамның барлық саласындағы адамдар адалдықпен жүрсе, мемлекет те гүлденеді. Адал еңбек еткен адам ешқашан тәртіп бұзбайды. Заңға бағынады. Ал арамдық жүрген жерде күллі теріс нәрселер мен жамандықтар етек алады. Ысырапшылдық содан шығады. Мемлекет дамуын жылдамдататын адалдықтың тамыры отбасындағы тәлім-тәрбиемен тікелей байланысты. Балабақша, мектеп, есейгендегі ортасына қатысты. Сол тәрбие мен адалдық – мемлекеттің бүгіні мен келешегіне қызмет етуші құбылыс, тірек. Ел даму үшін бүкіл қоғам адал болу керек. Қазір Президентіміз бастаған біздің қоғамның мақсаты – адалдыққа жету, арамдықпен (жемқорлық та осының ішінде) күрес. Түптің-түбінде бәрі отбасылық тәрбиедегі адалдықтан өрбиді. Ет жақындарыңа ғана емес, сырт адамдарға да адалдық таныту шарт. Сонда мемлекет те, қоғам да қарыштап дамиды.
Шалатай Мырзахметов:
– Менің түсінігімше, әрбір ұлт ұрпағының адал боп өсуін қалайды. Кішкентай кезімізде ауылдың қара шалдары: «Балам, біреудің ала жібін аттама!» деп көп айтып отырушы еді, жарықтықтар. Осы сөз қарап отырсақ, адалдыққа апарады екен. Яғни біреудің затына, мүлкіне қол сұқпа, көз алартпа деген сөз ғой. Кезінде кеңестік қоғамда өмір сүрдік. Кейін нарықтық экономика келді. Әлемдік қауымдастықтың бір мүшесі болу үшін де осы құрылымға көштік. Бір кездері мен 8 жылдай «Жібек жолы» әмбебап тауар биржасы деп аталатын басқарманы басқардым. Сол кезде өзіміздің тікелей міндетімізден бөлек бір-бірін алдап соққан қазақ кәсіпкерлерін жарастырып, келістірумен уақытымыз кететін. Оған дүниетаным, көзқарасымыз ол кезде әлі дайын болмағандықтан, солай болған шығар деп ойлаймын. Сол уақытта Ұлыбританияның әйгілі Ливерпуль биржасында іс-тәжірибе тағылымдамасынан өттім. Оларда іскер азаматтардың кодексі 8 баптан тұрады. Соның ішінде ең бірінші бапта «Іскер азаматтар адал болу керек» деп жазылған. Ел алға басу үшін бірінші кезекте азаматтар адал болуы қажет. Біздіңше, Мемлекет басшысының Құрылтайда қоғамды аздыратын кеселдерден сақтандыруы және осыны тыятын заңдарды қабылдауға мұрындық болуы ұрпақ тәрбиесіне тікелей қатысты. Адалдықтың, тәлім-тәрбиенің ең жарқын көрінісі қазақтың салт-дәстүрі мен мәдениетінде, рухында тұр. Сол үшін қазақтың даналығын үйрететін мектеп бағдарламасында арнайы сабақ болуы керек. Өйткені жасында тыңдаған дүниені бала ешқашан ұмытпайды. «Қанағат қарын тойғызар, қанағатсыздық жалғыз атын сойғызар» деген бірауыз сөзбен бабаларымыз ысырапшылдықтың жағымсыз екенін сипаттап берді.
Жәнібек Кәрібжанов:
– Адалдық – адамның ар-ұяты, намысы. Адал азаматтың ары таза. Ондай адамның туған-туысының, достарының, тіпті отбасының алдында ары таза. Ешкімге де бүгежектемей тура қарайды. Марқұм әкем «Адал адам азбайды» деп айтушы еді. Шынында да, адал адамның аты арып, тоны тозғанын көрген жоқпын. Өйткені адал азамат қандай қоғамда өмір сүрсе де сыйлы. Ел оның азаматтығын, адалдығын, тазалығын үлгі тұтады. Құрметтейді. Президентіміз жүйелі айтып, іске асырып келе жатқан адал азамат, адал еңбек, адал қоғам қағидаты ел ішіндегі жат қылықтарды, масылдық пен жөнсіздікті мейлінше азайтуға бағытталған. Әрине, осының бәрі ұрпақ тәрбиесіне сәт сайын жауапты болуды талап етеді. Ең бастысы, қоғам да осыны қалап отыр.
Дөңгелек үстелді дайындағандар –
Азамат Есенжол,
Жәнібек Әлиман,
«Egemen Qazaqstan»