• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қоғам 27 Шілде, 2024

Қайырымдылықты дәріптеген бал

101 рет
көрсетілді

Назарбаев Зияткерлік мектептері түлектерінің «Alumni NIS» қауымдастығы «Назарбаев қоры» жеке қорының қолдауымен игі дәстүрге айналған «Annual III Fundraising Ball: Celebrating Graduates!» қайырымдылық балы өтті. Бұған 150-ге жуық түлек қатысты.

Мазмұнды іс-шараның мақса­ты – «Өркен» білім беру гранты­на үміткерлер арасында резерв­­тік тізімде тұрған ауыл мектебін­де оқитын, соның ішінде әлеумет­тік жағынан аз қамтылған отбасыдан шыққан 7-сыныптың бір оқу­шысына NIS түлектері атынан Зият­керлік мектепте оқуға қажетті қаражат жинау. Былтыр Түркіс­тан облысы Шәуілдір аулының оқушысына дәл осындай грант беріліп, оның оқу ақысын толық төлеу үшін екі қайырымдылық балы өткен еді. Биыл бұл оқушы Шым­кент қаласындағы химия-био­­логия бағытындағы Зияткерлік мек­тептің оқу жылын үздік бітірді.

Қайырымдылық балда сөз ал­ған «Назарбаев Зияткерлік мек­тептері» дербес білім беру ұйы­мының басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин іс-шараның маңызына тоқталып, оған келіп қатысқан түлектерге ризашылығын білдірді.

– «Alumni NIS» қауымдастығы – біздің үлкен байлығымыз. Біз тәжірибе алмасып, бір-бірімізді қолдау арқылы биік белеске қол жеткізе аламыз. Біз – үлкен отбасымыз, сондықтан біздің күшіміз бірлікте екенін естен шығармайық. Әлемді ізгілік, мейірімділік, қайы­рымдылық арқылы жақсы жаққа өзгертуге болады. Бүгінгі бал тек қайырымды іс жасау ғана емес, сонымен бірге тамаша кездесу алаңы дер едім. Осы залға түрлі саланың өкілі жиналды. Сондықтан бұл іс-шара бәрімізге жылы шуағын төгіп, жаңа мүмкіндік сыйлайтынына сенемін. Шын мәнінде, Зияткерлік мектептер сіздерге көп мүмкіндік берді. Сапалы білім мен адами асыл құндылықты бойларыңызға сіңірді. Енді білім алған мектеп­теріңізді, оқушыларды жан-жақ­ты қолдайтын уақыт келді, – деді ұйым­ның басқарма төрағасы.

Іс-шара барысында Назарбаев Зияткерлік мектептері мен «Smar­TestPrep» компаниясы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Екіжақты келісім Зияткерлік мек­теп оқушылары үшін жаңа мүм­кіндік береді. Алдағы уақытта жүл­де қоры 3 миллион теңге болатын байқау өткізілмек. Сонымен бір­ге оқушыларға емтиханға дайын­далу үшін шағын курстан (IELTS/SAT/NUET) өту, шетелде оқу және т.б. қызмет түрі тегін ұсынылады.

Қайырымдылық балға Бірік­кен Ұлттар Ұйымы, Парламент Сенаты, Ұлттық банк, «Астана» Халықаралық қаржы орталығы, KPMG, «Ernst & Young», «Deloitte», «Binance», «Alstom», «Dyson», «PricewaterhouseCoopers», «Kaspi.­kz», «Beeline» және бас­қа да жетекші отандық және халық­ара­лық ұйымдар мен компанияларда қызмет ететін, сондай-ақ «Ivy League» мен QS рейтингіндегі үздік жоғары оқу орындарында оқитын түлектер қатысты.

Олардың арасында Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мек­тептің түлегі Аделина Луцен­ко да бар. Бүгінде ол Азаматтық авиа­ция академиясының ұшқыш-нұсқаушысы болып жұмыс істейді. Биыл көктемде Аделина нұсқаушы және студент қыздардан құралған оқу ұшағын әуеге көтерді. Бұл оқу тәжірибесі тарихында алғаш рет болды.

– Қайырымдылық балы – тек достарымызбен кездесу ғана емес, түлектер қауымдастығы­ның бас­тамасын қолдауға бағыттал­ған ерекше іс-шара. Мен NIS-те сапалы білім алдым. Сондықтан бұл білім ошағы оқуға ынталы, бі­рақ қаржылық қолдауды қажет ете­тін балаларға қолжетімді болға­нын қалаймын. Біздің әрқайсы­мыз өскелең ұрпақтың дамуына өз үлесімізді қосуға тиіспіз. Мен осындай маңызды істің басы-қасында болғанымды мақтан етемін, – деді ол.