• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Экономика Бүгін, 09:05

Табысқа жеткізген табандылық

74 рет
көрсетілді

Әнуардың кәсіпкер болуына тікелей әсер еткен әкесі – Мұрат Ұзақбайұлы. Ол 80-жылдардың орта тұсынан заманның желі басқаша соға бастағанын жақсы түсінді. Келіншегі Гүлсім екеуі Жезқазғанда алғашқылардың бірі болып кәсіпкерлікке бет бұрды. Ескі мен жаңаның тайталасып тұрған шағы емес пе, көпшілік «кәсіпкерлік» дегенді мүлдем түсінбейтін. Бірі көзіне айтып, енді біреулері сыртынан «Бұлар капиталист болғалы жүргендер» деп мысқылдап жататын.

Бірақ Мұрат бұған мән бермеді. Бір жер­­төлені жалға алып, сол жерден шағын азық-тү­лік қоймасын жасап алды. Сол үшін қаншама қағаз жинады, кірмеген есігі қалма­ды. «Рұқсат алу» деген аспан­дағы айды қолға түсірумен бір­­дей еді. Кейін мемлекеттің тіке­­­­лей қамқорлығымен кәсіпкер­­­лік­­ке көпте­ген же­ңіл­дік жасал­­­ды. Ал ал­ғаш­­қы кездерде... ­«­Енді бәрі рет­­телді» деп жұ­мыс­қа кірісе бастағанда, тау­сы­лып болмайтын «тексеру­ші­лер» бірінен соң бірі же­тіп келіп, әбден титықтатып жіберетін. Қазір соның бәрі көрген түс тәрізді. Айтуға оңай, әрине. Сауда жасау үшін азық-түліктің өзі де таптыра бермейтін. Қолына ілікке­нін сәл-пәл үстеме қосып, базар­ға шығарып сатады. Кейде сонысы өзін-өзі ақтамай да қалады. Бірақ Мұрат бұған еш қысылмайтын. «Бүгін бермесе, Құдай ертең береді» деп өз-өзін шыдамдылыққа шақырып, барды қанағат тұтатын.

Әнуарбек есейе келе әке­сінен осындай әңгімелерді есті­генде сенер-сенбесін білмеді. Ол, әрине, әкесі кәсіпкерлікті аяғынан нық тұрғызған кезде оң-солын тани бастады ғой. Тіпті сол кездің өзінде де әке­сінің күндіз-түні тынымсыз тір­лігін көріп өсті. «Тер төк­песең ісіңде мән болмайды» деп отыратын әке сөзі бұған өмірлік өсиет іспетті болып, жадында жатталып қалды.

Осыдан бес жыл бұрын әкесін мәңгілік сапарға атандырып салды. Кәсіпкерліктің бар салмағы өзінің иығына түскенін түсінді. Әке ісін алға жетелеу – міндет. Өйткені науқасы меңдеп жатқанда әкесінің «Балам, ендігі шаруа­ның бәрі өзіңе қала­тын түрі бар. Еңбектенуден шаршама, сосын қолыңнан келгенінше қайырымдылық жасаудан қашқақтама» деген екі сөзін есінен шығарғысы жоқ.

«Сенің әкең кәсіпкерлік­ті бастағанда әрі шопыр, әрі жүк­ші, әрі құрылысшы, әрі са­тушы болып жүретін. Еңбек­қорлығына қайран қала­тын­быз. Саған Мұраттың сол қасиет­тері жұққан екен». Әке­сі­нің достары мұның істе­ріне сүй­сінісін осылайша біл­ді­­ріп жатады.

Әнуарбек Әлсейітов әке­сі­нің көзі іспетті «Ақтоты» азық-түлік дүкенінің аясын кеңейтіп, азық-түлікті халық­қа неғұрлым қолжетімді бағамен ұсынып келеді. Әрине, бұл өздігінен бола қалмайды, тынымсыз ізденіс керек. Мыса­лы, ол өнімдері елімізге кеңі­нен танымал «Сұлтан» компаниясымен келісімшартқа отырды. Компанияның барлық макарон өнімдерін тікелей алады, дүкенінде сатады. Сондай-ақ компанияның Ұлытау же­ріндегі дистрибьютері ре­тінде де қызмет көрсетіп ке­ле­ді. Ұлытау облысы құрыл­ған­нан кейін «Ұлытау» әлеу­меттік кәсіпкерлік корпора­циясы» АҚ құрылды. Әнуар­бек бұл компаниямен де бір­ден бірлесіп жұмыс істей бас­тады. Яғни «Ақтоты» ар­қы­лы тұрақтандыру қо­ры­ның өнімдерін арзан баға­да халыққа ұсынып отыр. Жез­қазған халқының «Ақтоты» дүкенін арзан дүкендердің бірі ретінде санайтыны сондықтан болса керек.

Ә.Әлсейітов – жай ғана кә­сіп­кер емес, қоғамдық жұмыс­тар­ға да белсенділікпен атсалыса білетін азаматтардың бірі. Ол – Жезқазған қалалық мәслихатының депутаты.

«Кәсіпкерлік – заман ағы­мы, уақыт талабы. Ең бас­тысы – халықтың қалтасына ауырлық түсірмейтін жол іздеу, мінсіз қызмет көрсету. Депутат ретіндегі міндетім де солай. Бір-біріне қайшылығы жоқ», дейді жас кәсіпкер.

 

Жезқазған