Көктемгі төтенше жағдай су басқан өлкелерді ғана емес, бүкіл халықты алаңдатты. Қиын-қыстауда ағайын береке-бірлігін тағы бір көрсетіп, апат аймағындағы жұртшылыққа ел болып көмек қолын созды. Сол кезеңде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың су тасқынынан зардап шеккен азаматтардың ескерусіз, қолдаусыз қалмайтыны туралы жариялаған үндеуі есі екеу, түсі төртеу күйдегі халықтың көңілін басқандай болды.
Айтса, айтқандай-ақ жедел штаб бар, шығынды есептейтін комиссия бар бәрі көп созбай іске кірісіп кетті. Кейбір аймақтар тасқынды ауыздықтаумен алысып жатса, бірлі-екілі облыстар шығынды өтеп, барар жер, басар тауы қалмаған қауымға үй бере бастады. Президент апат аймағында қалған қауымға қаржылық және басқа да көмек көрсетіліп, материалдық шығындар толық өтелетінін бірден айтты. Шығындарға тоқталар болсақ, 26 шілдедегі жағдай бойынша елде апат салдарынан 19 360 тұрғын үй, оның ішінде жалғыз тұрғын үй деп танылған 7 386 саяжай зардап шеккен. Барлық нысан бойынша техникалық тексеру нәтижелері бар. 1 521 нысан бойынша теріс шешім қабылданыпты. Келтірілген залалды өтеу үшін тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі комиссияның шешімімен жаңа 2 577 тұрғын үй құрылысы аяқталады. Сондай-ақ жылжымайтын мүлік нарығынан 6 067 тұрғын үй сатып алынса, 9 195 нысан жөндеуден өтеді.
Сонымен, су тасқынынан зардап шеккендерді тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында өңірдегі әкімдіктер 2 577 үйдің құрылысын бастаған. Оның ішінде 322 үйдің құрылысы аяқталып, оған зардап шеккен азаматтар қоныстанған (Ақтөбе – 25 үй, Қостанай – 57 үй, СҚО – 235 үй, Павлодар – 5 үй). Осыған қоса тасқында қалған тұрғындарға 4 434 тұрғын үй сатып алынып, 8 470 үй жөндеуден өткен.
Президент айтқандай, тасқынның салдарын жоюға Үкімет бар күшін салып отыр. Мұны біз су басқан өлкелердегі жұмыс қарқынына қарап анық аңғарамыз. Тіпті алдын ала жоспарланған бірнеше ауқымды, халықаралық іс-шаралар бірі кейінге шегеріліп, қаржысы үнемделді. Жыл соңына дейін комиссия нақтылаған шығындардың барлығы реттелетініне, бұл сынақты да бір болып еңсеретінімізге үкімет пен халық сеніп отыр.