• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
22 Қаңтар, 2015

Ақтауда жаңа зауыт салынады

427 рет
көрсетілді

АҚТАУ. 22 қаңтар. Ақтауда күн энергиясын пайдалану зауыты салынады. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Ақтау қаласының әкімі Е.Т.Жаңбыршин, Маңғыстау облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры С.Ж.Доспаев және «Империал ренюбл Энерджи Казахстан» компаниясының директоры Н.Қожамұратов құны 85,5 млн АҚШ долларын құрайтын инвестициялық жобаны іске асыру туралы үшжақты меморандумға қол қойды. Биыл құрылыс басталып, 140 га. көлемінде жер учаскесіне орналасатын зауыт күн сәулесін пайдалану арқылы қуаты 50 МВт электр энергиясын, тәулігіне 10 мың текше метр тұщытылған су өндіре алады. Құрылысты жүргізетін БАӘ-нің «Империал ренюбл Энерджи Казахстан» компаниясы зауытты 20 жыл басқарып, сонан соң ақысыз мемлекет меншігіне өткізеді. Ал зауыттың жұмыс істеу кепілді мерзімі 25 жыл делінеді, алайда жабдықтарын жаңартса, одан әрі жұмыс істей беретін болады. Инвестициялық құны 85,5 АҚШ долларын құрайтын зауытта 150 адам жұмыспен қамтылады және оның 10-15-і ғана шетелден әкелініп, қалғандары жергілікті тұрғындардан құралмақ. Сондай-ақ, мамандарды дайындау үшін өңірдегі жоғары оқу орнымен келісім жүргізіліп, арнайы ғылыми орталық ашу жоспарлануда. Бұл туралы БАӘ-нен келген Empereal компаниясының негізін салушы Манож Дивакаран баяндады. Аталған жобаны жүзеге асыру мақсатында жер телімін белгілеу, зауыт орнын анықтап, егжей-тегжейлі жобасын жасақтау және өнімді пайдалану келісімін жасау міндеттемелері бойынша қала әкімдігі, облыстық кәсіпкерлер палатасы және «Империал ренюбл Энерджи Казахстан» компаниясы арасында энергия ресурстарын жаңғырту туралы үшжақты меморандумға қол қойылып, негізгі мәселелер талқыланды. «Жоба Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «жасыл экономиканы» дамыту, альтернативті энергия қуатын тиімді пайдалану сынды тапсырмаларын іске асыруға, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің мақсатына сай келеді. Инвесторлардың Маңғыстауға келіп, күн энергиясын пайдалану технологиясын салуы, бұл – еліміз үшін де, энергетика саласы мен коммуналдық қызмет үшін де зор жетістік. Бұл жаңа жұмыс орындарын ашумен қатар, инновациялық технологияның қоршаған ортаны ластауды болдырмауына, тарифтерді тұрақты ұстауға, Ақтаудағы жаңа шағын аудандарын дамытуға ықпал етеді», деді Ақтау қаласының әкімі Еділ Жаңбыршин. Гүлайым Шынтемірқызы.                      Дерек, сурет: egemen.kz.