• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Денсаулық Бүгін, 13:28

Фармацевтикалық компаниялар дәрі-дәрмек бағасын төмендетуі мүмкін

25 рет
көрсетілді

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова қазақстандық фармацевтикалық компанияларды әлеуметтік жауапкершілікке және дәрі-дәрмек бағасын төмендетуге шақырды, деп хабарлайды Egemen.kz ақпарат агенттігі. 

Әлназарова қазақстандық фармацевтикалық компаниялардың және ірі дистрибьюторлардың өкілдерімен кездесу өткізді. Жиында 2025 жылға арналған дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алу мәселелері талқыланды.

- Сатып алу науқанын бастамас бұрын, өндіруші белгілеген дәрілік заттардың бағасы қолайлы және қолжетімді екеніне көз жеткізу керек. Бұл ретте жергілікті дистрибьюторлардың бағасы регрессивті үстемелер шегінде қалуы керек, – деді министр.

Мемлекеттік бюджет есебінен дәрі-дәрмек сатып алу және сақтау жөніндегі бірыңғай оператор "СҚ-Фармация" ЖШС мәліметі бойынша, қазақстандық өндірушілермен тендер және ұзақ мерзімді келісімшарттар арқылы сатып алу үлесі 88 пайыз болды. 2023 жылы кәсіпорын 21,5 миллиард теңгеге жуық қаржыны үнемдесе, биыл 50 миллиард теңге үнемдеген.

Дегенмен, генерикалық немесе биосимилярлық препараттардың бағасы бастапқы препараттардың құнынан жоғары болатын жағдайлар бар.

- Сатып алудағы отандық өнімнің үлесін арттыру үшін 10 жылға дейін ұзақ мерзімді келісімшарттар жасасуға қолдау көрсету шарасы қарастырылған. Дегенмен, барлық өндірушілер мен дистрибьюторлар жеңілдіктер бермейді, – деді министр.

Әлназарова фармацевтикалық компанияларды "бағаны төмендетуді қайта қарауға" шақырды.

Айта кетейік, бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 6,7 миллиард теңгенің сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтады. Сондай-ақ "СҚ-Фармация" ЖШС қызметінде картельдік сөз байласу белгілерін анықтағанын хабарлаған.

Агенттік мәліметінше, компания ең жоғары баға бойынша тендерлерді ұтып алып, қазақстандық компанияларға қолғаптар, шприцтер мен йод өндірудің орнына шетелден әкелуге көмектескен.

Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты тағы үш ұйымның қызметінде заң бұзушылықтар анықталды. Содан кейін төрт ұйымның басшылары да қызметінен босатылды.