Көлік министрлігінің темір жолдар және су көлігі комитетінің қызметкерлері әлеуметтік маңызы бар бағыттарда қатынайтын жолаушылар пойыздарын тексерді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Аталған комитет қызметкерлері жолаушыларды тасымалдау қағидалары нормаларын сақтау бойынша Астана-Алматы, Қызылорда-Петропавл, Астана-Шымкент, Қызылорда-Павлодар, Қызылорда-Көкшетау, Алматы-Жезқазған, Алматы-Саратов және т.б. әлеуметтік маңыздағы 20-дан астам жолаушылар пойызын тексерді.
Тексеріс барысында 284 келісім міндеттемелері бұзылғаны анықталған. Оның ішінде жолаушылар вагондарының ішкі және сыртқы келбетінің нормаға сәйкес келмеуі, вагондарда кондиционерлердің болмауы және ерекше қажеттілігі бар жандардың жағдайы ескерілмеуі, санитарлық-техникалық жағдайдың сақталмауы және басқа да фактілер тіркелді.
Айыппұлдардың жалпы сомасы 10 млн теңгеден асты. Айыппұлдар Ұлттық тасымалдаушыға да, жеке тасымалдаушыларға да салынады.
Айта кетсек, елімізде 110 тұрақты әлеуметтік маңызы бар бағыт бойынша пойыздар қатынайды. Жаздың соңына дейін комитет қызметкерлері қалған жолаушылар пойыздарын кестеге сәйкес тексереді.