АҚТАУ. 22 қаңтар. «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының «Жас Отан» жастар қанатының мүшелері ардагерлерге көмек көрсетуде. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Жастар «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында Маңғыстау облысындағы көптеген ардагер ата-әжелерімізге жәрдемдесті. Солардың бірі – Ақтау қаласына қарасты Өмірзақ ауылының тұрғыны, ардагер Қонашев Дауылтай ата. Ерікті жастар 91 жастағы жалғыз басты қарт кісі үйінің ауласын тазартып, қоқыстарын шығарып, шашылып жатқан темір-терсектерді жинақтады. Ауладан 8 қап қоқыс, бірнеше тал сынықтары шығарылды.
Соғыс жылдарында талай қасіретті бастан өткізген ақсақал, енді ондай соғыстың болмауын тілейді. Көмекшісі жоқ қария жастардың келіп, көмек көрсеткеніне риза болды. «Мені жастардың келіп, хал-жағдайымды сұрағанының өзі қуантады», – деп қуанышын жеткізген ата ақыл кеңесі мен ыстық лебізін аяған жоқ. Жастар да өз кезегінде биылғы жеңістің 70 жылдығымен құттықтауларын жеткізді.
Гүлайым Шынтемірқызы.
Дерек, сурет: egemen.kz.