Әулиелер мен хакімдерден кейін пайғамбарлық аманатты арқалайтын – ақындар. Тілім-тілім жүрегінен шашыраған Тәңірінің сәулесін жаһанға жаятын осы санат сарбаздары. Ол дүниеге келген кезде аспанның алты қабатындағы мәликелер мейрам етіп, бақиға бет түзегенде, көзінің жасын әбден бұлайды. Ал Тәңірлік әлемнің табалдырығын ашық-әшкере аттамай, жоқтыққа шым батып кеткен қалам иелерінің тағдыр таланын қай өлшемге сала аламыз? Замандастары бес күн жалғанға екі-ақ күн түнеген Әділ Ботпановтың да ләмәканға сіңіп жоғалғанына әлі сенбейді. Құдды қасымызда жүргендей, күндердің күні күлімсіреп алдымыздан шығатындай күтеді. Ал кей достары оны өлеңнің қандай болу керектігін көрсетті де, ғайып-ерен қырық шілтеннің артына ілесіп кете барды дейді.
Ж
ас жүрегіне адамзаттың ауыр жүгін артып алған Әділдің поэзиясы сұрғылт суретке, күңгірт көлеңкеге толы. Бірақ ақын осынау қоп-қою түнектің түбінен, асылы жүректің түбінен жап-жарық бір сәулені көреді. Онысын оқырмандары да сезеді. Ақынның қолынан ұстап беймағұлым жарыққа бірге ұмтылады. Сол ұмтылыстағы қорқу мен толқу сезімдерін, одан кейін балқу мен шалқу сәттерін бойынан өткеретіні үшін Әділдің әлемін жақсы көреді жыр оқыр жұртшылық. Ендеше, оның өлеңдерін тағы бір еске түсіріп, ақын жүрегіне үңіліп көрейікші.
«Менің кеудем – менің ұлы
мешітім,
Мешітіме мұң бере көр,
құдайым.
Құзырыңды қабырғаммен
есітіп,
Мұң артынан нұр көргенше
жылайын.»
Жаратқанын таныған жақсы пенде түбектегі емес, жүректегі мешітіне көбірек зиярат етеді. Себебі ол Хақтың төрі сонда екенін іштей біледі. Ұлы мешітінде, яғни көңіл күмбезінде мінәжат етіп отырған шайырдың шалықты үні осылай басталады. Келесі ғазалында ол мешіт атасының қолымен тұрғызылған құттыхана екенін аңғартады.
«Қайтесің, тағдыр,
ұлы болсаңшы
тоқтамның
Менде бір күш бар,
Бар жасап берем жоқтан мың.
Шалдар айтады: «Анау
Ақсақал-
Тәуіптің маңында
Мешіті тұр, деп, Ботпанның».
Алладан аян, бабалардан баян алып жазған ақынды үрегейлердің үнінен, дүрегейлердің дүмінен үнемі қорғап қояды құдірет. Ақын да оны сезеді. Анталаған жауынан, қалқалаған аруағын қасиет тұтады. Кейін түр-түсін күн қажалаған, кірпішін құм мазалаған мешітінің іргесін қайта көтеруге талпынады. Бұл жолы өлеңнен...
«Шашымды сипап, жұбатады
күз кейуана,
Ботасын жалғыз тастауға ол да
қимады, ә?..
Мінәжат қылар бір кезде
Өлеңнен мешіт тұрғызып
жүрген диуана…
Диуана шығармын…»
Әділ Ботпанов 2-курс оқып жүрген жылы оқудан шығып кетіп, туған елі Қызылордаға оралған еді. Сонда қалалық теледидарда істеп жүрген жерінен із-түссіз жоғалып кетеді. Бұл 1996 жыл болатын.
«Кебін киген келмейді, кебенек киген келеді» деген бар. Ол өлген жоқ. Біз әлі күдерімізді үзбейміз, дейді дос-жарандары. «Бақсы-балгердің бәріне бардық. Осы күнге дейін өлді деген бірде-бір көріпкел жоқ. Бәрі тірі дейді. Бірақ тірі болса, қайда жүр?» деп күрсінген еді ертеректе Әділдің әкесі Әнуарбек Ботпанов.
Аңызда белдесуге шақырған балуаны өзінің әкесі Ерәлі баһадүр екенін білген Мәді ұяттан жерге кіріп кетіпті дейді. Баласын қайтадан жер үстіне шығара алмай зар қаққан Ерәлі ақыры пайғамбардың сөзінен жұбаныш тапқан көрінеді. «Күндердің күні болғанда, дүние құрты қозғанда, жақсыдан жаман озғанда, сенің балаң жер астынан шығып, жаһанға әділеттік орнатады» деген екен пайғамбар сол жолы.
Кім білсін, із-түссіз жоғалып кеткен ақынымыз да ғайыптан тайып, бір күні жарқ ете қалар...