• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Ғылым 30 Шілде, 2024

Бес мықтының биігі

176 рет
көрсетілді

Иранның Исфахан қаласында өткен IPHO-2024 халықаралық физика олимпиадасында озат оқушыларымыз төрт күміс және бір қола медальға қол жеткізіп, 100 пайыз нәтиже көрсетті.

Дәстүрге айналған халық­ара­лық физика олимпиадасы жыл сайын жоғары сынып оқу­шы­лары арасында өтеді. Биыл үздік нәтиже көрсеткен Қазақстан ко­мандасының құрамында Астана қаласы дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Әмір Пішенбаев, Ақтөбе облыстық дарынды жас­өс­пірімдерге арналған ма­ман­дандырылған «Білім-инно­ация» лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Артур Ким, Алматы қаласындағы «Мирас» халық­ара­лық мектебінің 12-сынып оқушысы Досжан Бейсенбі, Алматы қаласындағы Респуб­ли­калық физика-математика мектебінің 11-сынып оқушысы Марғұлан Нұрсағатов және Астана қаласындағы Рес­пуб­ли­калық физика-мате­ма­­тика мек­тебінің 9-сынып оқу­шысы Ілияс Қазымбек бар. Ал құрама команданың жетек­шілері – SDU University доценті, PhD доктор Самат Мақсұтов пен SDU University физика пәні мұғалімі Назарали Айтжанов.

«Қазір әлемде халықаралық деңгейдегі беделді 7 олимпиада бар. Олар математика, физика, химия, информатика, география, лингвис­тика, биология пәндерінен дәс­түрлі түрде өтеді. Соның бірі – халықаралық физика олимпиадасы. Аталған білім бәй­гесі алғаш рет 1967 жылы Польшаның Варшава қаласында өтті. Ал Қазақстан құрама командасы бұл сайысқа 1997 жылдан бері қатысып, 113 медаль иеленді. Нақтырақ айтсақ, 14 алтын, 45 күміс, 29 қола, 25 құрмет грамотасына қол жеткіздік», дейді Дарын республикалық ғылыми-практикалық орталығы директорының орынбасары Нұрлан Жұмагелді.

Айта кетейік, халықаралық олимпиадаға әр мемлекеттен тек бір команда ғана қатыса алады. Ал бір командада әрі кетсе бес оқушыдан болуға тиіс. Сайыс екі кезеңнен тұрады. Біріншісі – теориялық, екіншісі – эксперименттік. Осы екі кезеңнен де сүрінбей өткен оқушылар жеңіс тұғырынан көрінеді.

Құрама команданың жетек­ші­сі Самат Мақсұтовтың айтуын­ша, сайысқа қатысушы әр оқу­шы кемінде төрт-бес жыл дайындалады.

«Бұл білім бәйгесі халық­аралық деңгейде болған соң, са­йыс өте тартысты өтті. Жарыстың шарты бо­йынша барлық қатысу­шы­ның сегіз пайызына алтын, он жеті пайызына күміс, жиыр­ма бес пайызына қола медаль беріледі. Жалпы алғанда қатысушылардың тең жартысы жүлделі болады. Аталған бәсекеге жыл сайын 80-нен аса мемлекет қатысатын. Ал осы жолы ұйымдастырушы Иран мемлекеті болған соң, саяси жағдайларға байланыс­ты қатысушылар жыл­дағыға қа­ра­­ғанда әлдеқайда аз болды. Нақ­тырақ айтсақ, 46 мемлекет қатыс­ты. Бұл – сәйкесінше медальдар саны да өте аз болады деген сөз. Соған қарамастан елі­міз­­дің құрама командасы төрт күміс, бір қола медальға қол жет­кізіп, айтарлықтай жақсы нәтиже көрсетті. 2-орынның тұғы­рынан көрінген төрт үздігіміз – 11, 12-сынып оқушылары. Ал қола медаль иегері Ілияс Қазымбек 9-сыныпта оқиды. Демек бұл да – мақтануға тұрарлық нәтиже».

– Бәрекелді! Осы бес оқу­шыны қалай іріктедіңіздер?

– Әуелі республикалық олим­пиадаларда оза шауып, жүз­ден жүйрік, мыңнан тұлпар деп танылған үздік 15-20 баланы оқу-жаттығу жиында­ры­на шақырамыз. Мәселен, құрама команда биыл 12-19 шілде аралығында Мәскеу физика-техникалық институты базасында оқу-жаттығу жиын­­да­рына қатысты. Солардың іші­нен іріктелген 8 баланы кейін Азиялық олимпиадаға апарамыз. Сол сегіздің ішінен суырылып шыққан бес мықтыны Ирандағы халықаралық олимпиадаға алып келдік. Мінекей, сенім артқан сайыпқырандарымыз ел үмітін ақтай білді.

– Сайыс әлемдік деңгейде болған соң, тапсырмалар ағыл­шын тілінде болған шығар?

– Иә, бірақ қатысушылардың ағылшынша білуі шарт емес. Біздің оқушылар жауаптарын орысша жазды. Кейін олардың жазғанын біз, яғни жетекшілер шет тілінде қорғаймыз, – деді С.Мақсұтов.

Айта кетейік, қазақстандық оқушылар 2024 жылы 12 халық­аралық олимпиадада 361 медаль жеңіп алды, оның ішінде: 41 алтын, 134 күміс және 186 қола. Сондай-ақ оқушылар Сингапур, Қытай және АҚШ-тағы роботты техника бойынша халықаралық чемпионаттарда ерекше жетіс­тікке жетті. Лос-Анджелестегі Дүниежүзілік ғылыми және инженерлік көр­­меде, Өзбек­стандағы Ави­ценна атындағы халықаралық ма­­­тематикалық олимпиадада және биология олим­пиадасында, Грузиядағы қыздарға арналған ха­лықаралық математикалық олимпиадада, Қы­тайдағы химия бойынша Халық­аралық Менделеев олимпиа­дасында 100 пайыз нәтиже көр­сетті. Еліміздің оқу­­шылары Балқан түбегінің ең мықты жас мате­матиктерінің үш­тігіне енді.