АСТАНА. 22 қаңтар. Бас Прокуроры Асхат Дауылбаев пен Италия республикасының төтенше және өкілетті елшісі Стефано Раваньян Қазақстан мен Италия арасындағы қылмыскерлерді ұстап беру туралы және қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шарттарға қол қойды. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.
А.Дауылбаев осы маңызды оқиғаның Еуропалық қауымдастықпен құқықтық қатынастың үдемелі дамуының және Қазақстанның құқықтық жүйесіне сенімнің көрінісі екенін айтып өтті.
Италия қылмыстық-құқықтық саладағы мемлекетаралық шарттардың толық жинағын жасасқан алғашқы еуропалық елдердің бірі болып табылады. 2013 жылдың қарашасында екі ел арасында сотталған адамдарды тапсыру туралы келісімге қол қойылды және Қазақстан оны өткен жылдың күзінде ратификациялады.
Шарттар күшіне енген соң, екі елде де өзара құқықтық көмек көрсету, азаматтардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауға құқықтық негіздер пайда болады.
Тараптар атап өткендей, шарттарға қол қою қылмысқа қарсы күрес саласындағы әріптестікті нығайту, аталған бағыттағы қадағалау және құқық қорғау органдары жұмыстарының тиімділігін арттыру жолындағы маңызды қадамдардың бірі болды.
Жолдыбай Базар.
Дерек, сурет: Бас прокуратураның баспасөз қызметі.