• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Технология 31 Шілде, 2024

«TaiSan» компаниясының табысы

70 рет
көрсетілді

Отандасымыз Санжар Тайжанның «TaiSan» компаниясы инновациялық натрий-ионды аккумуляторлар әзірледі. Электромобильдерге арналған батареялар дайындап, 1,7 млн еуро тартты.

24 шілдеде Санжар Тайжан­ның британдық компаниясы инвес­тициялардың «pre-seed-раундын» сәтті өткізген. «Taisan» жетекші инвесторлары – «EIT InnoEnergy» және «TSP Ventures» болды. Мәмілеге «Heartfelt VC» пен «Exergon» да қатысты. Негізінен «Eit InnoEnergy» қорын Еуропалық одақ 2010 жылы құрған еді. Бұл шешім жасыл энергетика саласындағы ескі инновацияларды дамыту үшін корпоративтік сектордың қатысуымен жасалды. Ұйымның құрамына 36 акционер кіреді. Оның ішінде «Volkswagen», «Renault», «Siemens», «Schneider Electric», «Total Energies», «Santander Bank» бар. Қор қазірдің өзінде 25 миллиард еуроға 200-ге жуық түрлі жобаны қаржыландырып отыр. Ал «TSP Ventures» – ғаламның өткір климаттық мәселелерін шешетін жобаларды қаржыландыратын британдық қор. Скандинавия аймағындағы «at InnoEnergy» компаниясының бас директоры Лавина Лундстрем мен оның ұйымы бірнеше жылдан бері осы саладағы ең жоғары әлеуетке ие натрий-ионды аккумуляторлардың дамуын бақылап келе жатыр. Сол себепті де отандасымыздың жетістігі оларды қатты қызықтырған.

– Бұған дейін біз бұл технологияны тіркелген сақтау жүйелеріне опция ретінде пайдаланғанын көрдік. Дегенмен «TaiSan»-ды тапқан кезде біз натрий-иондық аккумуляторларды тартқыш батареялар немесе электр көліктеріне арналған жоғары қуатты батареялар сияқты жаңа, күрделірек қолданбаларды пайдалану мүмкіндігін бірден байқадық. Біз «TaiSan» командасымен ынтымақтастықты бастағанымызға өте қуаныштымыз, – деді Лундсрем компанияның ресми баспасөз хабарламасында.

Санжар Тайжанның өзі «Forbes.kz» сайтына берген түсіндірмесінде әлеуетті инвесторлармен раунд өткізу бойынша алдын ала келіссөздер сегіз айға созылғанын айтты.

– Транзакцияның өзі екі аптаның ішінде жүзеге асты. Бұл – біздегідей инженерлік-технологиялық стартап үшін өте қысқа мерзім. Біздің стартаптың ерекшелігі инвестиция көлемінен де көрінеді. Бұл сала үшін 1,7 миллион еуро – алдын ала раунд үшін өте жақсы келісім. Инвесторлар дәстүрлі түрде бағдарламалық қам­тамасыз етуді әзірлеу саласындағы стартаптарды қаржыландыруға көбірек ынталы, – деді отандасымыз.

Сонымен қатар ол өзінің де, инвесторлардың да батарея жасау­да қолданылатын технологияның ұрланбауына мұқият қарайтынын атап өтті.

– Біздің серіктестер бұл мәселеге байыппен қарайды әрі олар осы мәселелерді шешуге көмектеседі. Бақытымызға орай, біз аккумуляторларды әртүрлі зауытқа сынақтан өткізуге жіберген кезде, контр­агенттеріміз өте сапалы әрекет ете­тінін, біздің құқығымызды бұзуға тырыспайтынын көрдік. Дегенмен батареяларды қайтарған кезде, біреу оларды бөлшектеуге немесе «микробағдарламаны» зерттеуге тырысатынын байқауға болады. Бірақ мұндай оқиға әлі болған жоқ, – деді ол.

Бұған дейін Санжар Тайжан өзінің стартапын Ұлыбританияда тіркеген еді. Оның компаниясында сегіз адам, оның ішінде MIT және Imperial College ғалымдары бар. Олар функционалды натрий-ионды аккумуляторлардың жаңа технологиясын әзірлеп жатыр. Әзірлеуші­нің айтуынша, оның батареялары тезі­рек зарядталады әрі энергияны көп қажет етпейді. Яғни ұзақ сапар­ға бір заряд жеткілікті. Сондай-ақ батареялардың қызмет ету мерзімі ұзағырақ және дәстүрлі литий-ионды аккумуляторларға қарағанда қор­шаған ортаға зияны аз.

Кейінгі екі жылда Санжар Тайжан Ұлыбританияның бірнеше үкімет­тік және ғылыми ұйымдарынан, соның ішінде көлік департаментінен, Фарадей институтынан, innovate UK, озық қозғалтқыштар орталығынан, Корольдік инженерлік академиядан шамамен 500 мың фунт стерлинг алды. Ол әлемнің әртүрлі еліндегі авиа­компаниялармен ынтымақтастық туралы 10-нан астам меморандумға қол қойды.