• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Мәдениет 31 Шілде, 2024

Жас талант қағып қанатын...

114 рет
көрсетілді

Жуырда ғана ел астанасының мәдени жауһарына айналған «Astana Opera» халық­аралық опера академиясының екінші түлектері оқуын тәмамдады. Мәде­ниет және ақпарат министрлігінің қолдауымен бір жыл бойы жас вока­листер еліміздің үздік және шетелдік коучтердің жетекшілігімен өздерінің ше­бер­ліктерін жетілдірді. К.Байсейітова атындағы камералық зал сахнасында өткен «Туған тілде» концерті оқу бағдарламасының шешуші түйіні болды.

Академистердің 2023-2024 оқу жы­лындағы жетістіктерін еске ала отырып, академияның екінші құрамының барлық концерті зор табыс­пен өткенін айта кетуіміз керек. Жас солистер К.Байсейітова атындағы камералық зал сахнасында өнер көрсетіп, әсіресе көрерменге ерекше әсер сыйлаған «Браво, Опера!» концертін ұсынды. Сондай-ақ классикалық музыканы ұна­татын жандар XI театр маусымы бойы «Астана Опера» репертуарында ұсынылған опералық спектакльдерде тыңдаушыларды тамсандырды.

Академия тыңдаушыларының білім алу барысы қарқынды және түрлі форматта өткен. Мәселен, көкшетаулық баритон Бекұлан Ерболатұлы мен астаналық тенор Нұрсұлтан Әнуарбек әлемге әйгілі альт­шы әрі дирижер Юрий Башмет әртістік директоры болып табылатын XVII Қысқы өнер фестивалі аясында Сочиге оқуға шақырылды. Солистер үздік ұстаздар мен музыка қайраткерлерінің шеберлік сабақтары мен дәрістеріне қатысып, қорытынды концертте өнер көрсетті.

Әлемге әйдік италиялық коуч-пиа­нист әрі дирижер Алессандро Бениньи мен Озимо қаласындағы Вокал академиясының профессоры Алла Симонишвилидің шеберлік сабақтары жылдың ең айтулы оқиғаларының біріне айналды. Маэстролар жас әншілерді Г.Доницеттидің «Қоңырау немесе дәріханашының неке түні» операсының премьерасына, сондай-ақ осы композитордың «Махаббат сусыны», П.Чайковскийдің «Иоланта» қойылымдарына дайындады. Отандық ұстаздар, дирижерлер мен концерт­мейс­терлер де жас әртістердің қалып­тасуы жолында қажырлы жұмыс ат­қар­­ған. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Жұпар Ғабдуллина мен Азамат Жылтыркөзов күн сайын олардың вокалдық шеберліктері мен сахналық өнерлерін ұштап отырды.

Академия тыңдаушыларының жеткен жетістіктері зор. Атап айтсақ, Фируза Рахметова Нұржамал Үсенбаеваның бірінші халықаралық вокалдық өнер бай­қауында екінші орын иеленіп, жүлдегер атанды. Оның әріптесі Лейла Аламанова Әзербайжан астанасы Баку­де өткен Бюль­бюль атындағы IX халық­аралық вокалистер бай­қауында екінші орынға қол жеткізді. Нематилло Зкрул­лаев Грузия астанасы Тбилисиде өткен Отар Тактакишвили атындағы үшін­ші халықаралық «Rondo-Klasika» бай­қауында екінші орын иегері атанды. Өнер жолындағы бұл жетістіктер акаде­мияның жас вокалистері жеткен жоға­ры шеберлік деңгейін көрсететіні анық.

«Бұл жыл мен үшін шынымен ұмы­тыл­мастай болды. Үздік ұстаздардан білім алып, театрдың беделді сахналарында өнер көр­сетуге бірегей мүмкіндік алдым. Акаде­мия жаңа білім беріп, дағдыны қалып­тас­тырды, сондай-ақ өз күшімізге деген сенім­ділікті оятты», дейді сопрано Фируза Рахметова.

Ал хорватиялық баритон Юрица Юра­сич Капун мен Ресейден келген сопрано Анас­­тасия Ремескова аталған жоба опера өне­рін тереңірек түсінуге жол ашқанын атап өтті.

 «Академиядағы оқу бізге опера өне­рін түсіну тұрғысынан жаңа бе­лестерді ашты. Әрбір шеберлік сыныптары, әрбір дайын­дық жаңа, құнды тәжірибе ала келді. Жас дарындарды дамытуда академия маңызды рөл атқарады және де біз осынау үрдістің бөлшегі болғанымызға қуаныштымыз», деді Анастасия Ремескова.

«Astana Opera» халықаралық опера ака­де­­миясының атқарушы директоры Айсұлу Тәни түлектерге өз бағасын беріп, олардың бір жыл бойы жоғары шеберлік пен әртістік деңгейлерін паш еткендерін, олар бұған оқу барысында қол жеткізгенін атап өтті.

«Мен олардың жетістіктерін мақ­тан етемін және солистер опера әле­мінде өз мансаптарын ойдағыдай жал­ғас­тыратынына сенімдімін. Біз осы күзде академистердің жаңа құрамын асыға күтеміз және олар да сон­дай қуаныш пен шабыт әкеледі деген үміт­теміз. Түлектерімізге сәттілік пен жаңа шығар­машылық жеңістер тілеймін», деді Айсұлу Тәни.

Иә, аталған академияның екінші шы­ғары­лымы алғашқы құрам түлек­терінен еш кем емес, талантты әрі зерек болған.

Еске салсақ, «Astana Opera» халық­ара­лық опера академиясы 2019 жылы ашыл­ды. 2023-2024 оқу жылында мұнда елімізден және шетелдерден жас орындаушылар біліктіліктерін арттырды. Екі курстың да түлектері мамандықты сәтті бастап, елімізде сәтті жұмыс істеп жатыр. Тіпті шетелде де сұранысқа ие.