Мұнайлы өңірдегі Индер, Исатай, Құрманғазы ауданында қарақұрт қаптады. Улы жәндіктің зардабы тұрғындарға да, төрт түлікке де тиді. Әсіресе Индер ауданындағы Өрлік, Көктоғай, Есбол және Елтай ауылында жиі байқалған.
Ресейдің Астрахан өңірімен шекарадағы Атырау облысының Құрманғазы ауданының тұрғыны қарақұрт шаққанын білмей қалған. Оны аман алып қалу үшін Балқұдық ауылындағы дәрігерлер Астрахан облысының дәрігерлерін шақыртуға мәжбүр болды.
«Балқұдық ауылындағы аурухана дәрігерлері Харабалы аудандық ауруханасына хабарласты. Ондағы емдеу мекемесіне 1970 жылы туған жергілікті тұрғын жәндіктің шағуынан кейін токсикалық уланумен түскен. Жергілікті тұрғынды қарақұрт шаққаны жөнінде болжам жасалған. Ер адамға шұғыл мамандандырылған медициналық көмек қажет болды. Мұндай көмек көрсете алатын Балқұдық ауылына ең жақын орналасқан медициналық мекеме – Харабалы аудандық ауруханасы. Балқұдық ауылына реанимация бригадасы аттанды. Зардап шеккен тұрғын аудандық аурухананың жансақтау бөліміне жедел жеткізілді», деп хабарлады Астрахан облысының денсаулық сақтау министрлігі.
Харабалы аудандық ауруханасының дәрігерлері науқасқа қажетті емнің бәрін жүргізді. Екі күннен кейін атыраулық науқас жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырылған. Қазір оның өміріне төніп тұрған қауіп жоқ.
Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, облыстық ауруханаға түскен 13 адамды қарақұрт шаққаны анықталған. Науқастардың төртеуі аурухананың жансақтау бөліміне жатқызылып, толықтай ем-дом шарасын алып шыққан. Ал 9 адамға қарақұртқа қарсы екпе салынып, амбулаторлық ем алуға жіберілді. Облыстық балалар ауруханасына 3 бала түсті. Оның ішінде 2 бала жансақтау бөліміне жатқызылып, дәрігерлердің бақылауына алынып отыр. Бір балаға қарақұртқа қарсы екпе салынған.
«Аудан орталықтарында қарақұрт шаққан үш жағдай анықталды. Оның біреуі – Индер, екіншісі – Исатай, ал үшінші дерек Қызылқоға ауданында тіркелді. Дәрігерлерге жүгінген пациенттерге алғашқы амбулаторлық көмек көрсетілді», деп мәлімдеді басқарманың баспасөз қызметінен.
Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының ресми өкілі Ақтілек Нұроллаеваның айтуынша, биыл қарақұрт көбейіп отыр. Әсіресе тұрғындардың иелігіндегі Ойсылқара тұқымына «жаудай» тиді.
«Облыс аумағында маусым-шілде айларында 485 түйені қарақұрт шақты. Соның салдарынан 90 түйе шығын болды. Симптоматикалық емдеу шараларының нәтижесінде 306 жануар сауықты. Ал 89 түйеге әлі де емдеу жүргізіліп жатыр. Қарақұрт шаққаннан өлген малдың иелеріне 65 млн 211 мың теңге төленді», деді А.Нұроллаева. Оның мәліметіне сүйенсек, улы жәндіктердің шағуының алдын алу, емдеу және өлген жануарларға өтемақы төлеу бюджет қаржысы есебінен қарастырылмаған. Алайда соған қарамастан жергілікті ветеринарлар улы жәндік шаққан малды емдеу шараларын күнделікті жүргізіп жатыр.
«Улы жәндіктерді жоюды бюджет қаржысы есебінен атқарылатын іс-шаралар тізбесіне қосу жөнінде шаралар қабылдау үшін Ауыл шаруашылығы министрлігіне хат жолданды. Мал иелеріне улы жәндіктер көп тараған жайылымда түйе, жылқы және сиырды жаюдан бас тартуды, ауру белгілері білінген жануарлар туралы жедел түрде ветеринарларға хабарлау, сондай-ақ емдеу шаралары жүргізіліп жатқан жануарларды күтіп-бағу ережелерін қатаң сақтау ескертілді», деді А.Нұроллаева.
Атырау облысы