• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Спорт 01 Тамыз, 2024

Сәтсіздікке толы сейсенбі

178 рет
көрсетілді

Сейсенбіде Париж Олимпиада­сында тағы бірнеше жүлде жиын­тығы сарапқа салынды. Өкі­нішке қарай, бұл тәулікте де Қазақ­станның қоржынына бірде-бір медаль түспеді. Әсіресе біз дзюдошы Абылайхан Жұбаназар мен Есмигүл Куюлова және жүзуші Әділбек Мусиннің жолына үмітпен қарадық.

Аттилаға Абылайханның әлі жетпеді

Олимпиадалық рейтингтің 81 кг салмақ дәрежесінде ТОП-ондықты түйіндеп тұрған 24 жас­тағы Абылайхан Жұбаназар Аттила Унгваримен күш сынас­ты. 35 жастағы Мажарстанның марқасқасы кезінде Еуропа ойын­дарында бір рет, Еуропа чемпионатында екі мәрте қола медальды иеленді. Десек те қазіргі кезде оның жолы оңғарылмай жүр. Соңғы рет Унгвари былтыр наурыз айында Ташкентте ұйымдастырылған Гранд-Слэм турнирінде бас жүлдені олжалады. Содан кейін 20-дан аса жарысқа қатысқанымен, барлығынан құр қол қайтты. Соның салдарынан үздіктер тізімінде 20-орынға сырғып түсті.

Аттилаға қарағанда Абылай­ханның жағдайы әлдеқайда жақ­сы. 2023-2024 жылдар аралығын­да ол бес бірдей дүбірлі додадан олжалы оралды. Тарқатып айтсақ, Тбилисидегі Гранд-Слэмде күміс алды, Ұланбатыр, Дюссельдорф және Астанадағы Гранд-Слэмдер мен Ханчжоудағы Азия ойындарында қола жүлдені еншіледі. Бірақ бұл еңбектің барлығы бекер кетті. Төртжылдықтың басты додасында Жұбаназар білгені­нен жаңылды. Ол рейтингте өзінен ­10 саты төмен тұрған және 11 жас үлкен, «шау тартқан» спортшы­ға голден-скорда жол берді.

Аталған салмақтағы айқаста Таканори Нагасэ айқын басымдық танытты. Тіптен, соңғы үш әлем және Еуропа чемпионаттарында ешкімге дес бермеген грузиялық Тато Григалашвилидің өзі оған жарытып қарсылық көрсете алмады. Финалдық сайыс негізгі уақытта «иппонмен» аяқталды. Осылайша, орда бұзар 30 жас­тағы Жапонияның жұлдызы Токиодағы нәтижесін қайталап, екі дүркін Олимпия ойындарының жеңімпазы атанды. Одан бөлек, Нагасэнің Рио Олимпиадасының қола жүлдегері, дүниежүзінің үш дүркін чемпионы және екі дүркін қола жүлдегері деген атақтары тағы бар. Қола медаль оңтүстіккореялық Ли Жоонхван мен тәжікстандық Сомон Маха­мадбековке бұйырды.

63 кг салмақта өнер көрсет­кен­ 22 жастағы Есмигүл Куюлова был­тыр Ханчжоудағы Азия ойын­дары ­мен биыл Гонконгтағы құрлық чем­пионатында қола медальды мойнында жарқыра­тып, жанкүйерлерді бір қуант­ты. Алайда осы нәтиженің өзі оған Олимпиадаға бару үшін жеткілік­сіз болды. Бірақ Есми­гүлдің жо­лы болғыш екен. Азия құрлығы­на бөлінген санаулы ғана квота­ның бірі қазақ қызына бұйырды. Сөйтіп, дүниежүзілік рейтингте 37-орында тұрған Куюлова Парижге жол тартты. Тұсаукесер кездесуде оның жолы жастар ара­сындағы ­­Еуропа чемпионы (U-23), Гранд-Слэм турнирлерінің екі дүркін жеңім­пазы, аустриялық Лубьяна Пио­везанамен қиысты. Бұл тартыс Еуропа өкілінің пайдасына шешілді.

Негізі әйелдердің 63 кг салмақ дәрежесін «словениялықтар­­дың салмағы» деп айтуға болады. Ор­талық Еуропада орналасқан не­бәрі 2 миллионнан аса халқы бар шағын ғана мемлекеттің тата­ми шеберлері осыған дейін­гі Олим­пия ойындарында алты жүлде жеңіп алған екен. Соның төрте­уін олар дәл осы салмақта иеленді. Атап айтсақ, 2004 жылы Афинада Уршка Жолнир қоланы қанағат тұтса, 2012 жылы ол Лондонда ал­тыннан алқа тақты. 2012 жылы Тина Трестняк алдына жан салмаса, 2021 жылы Токиода күміспен күптелді. Міне, енді Па­рижде Сло­­венияның үшінші ал­ты­ны мен жетінші жүлдесін 27 жас­тағы Андрея Лешки олжалады. Ақтық сында ол есімі көпшілікке бей­мәлім Приска Гуадалупе Авити Алькарастан айласын асырды. Бұл – Мексика дзюдосы тарихын­да­ғы тұңғыш жүлде. Үшінші орында – франциялық Кларисс Агбенье­ну мен косовалық Лаура Фазлиу.

Енді жарыс жолында екі дзю­дошымыз ғана қалды. 100 кг сал­­мақтағы Нұрлыхан Шархан бү­гін әлем чемпионатының күміс және қола жүлдегері, Еуропаның екі дүркін чемпионы, Еуропа ойын­дарының қола жүлдегері, бель­гиялық Тома Никифоровпен ай­қасады. Қай жеңгені әлем және құр­лық чемпионы, Азиада мен Мас­терс турнирінің жеңімпазы, өзбек Мұзаффарбек Торобоев­қа тап болады. Ертең +78 кг сал­мақ­тағы Кәмила Берліқаш Азия ойын­дары мен құрлық бірін­шілі­гінің жеңімпазы, моңғо­лиялық Амар­сайханы Адияа­суренмен белдеседі. Одан кейін біз аралас команда­лық жарысты тамашалаймыз.

Әділбек әлсіздік танытты

Еркін тәсілмен 100 метрлік қашықтыққа жүзушілер сайысына Әділбек Мусин шыққанда демімізді ішке тартып отырдық. Қанша дегенмен, осы спорт түрін серік еткен қандастарымыз тым сирек. Оның үстіне 24 жастағы сайыпқыранның аяқалысы да жаман емес. Ол бірқатар халық­аралық жарыста жақсы нәтиже көрсетті. 2021 жылы Коньяда Ислам ынтымақтастығы ойында­рының жеңімпазы атанып, Дү­ниежүзілік Универсиадада үшін­ші орынға тұрақтады. 2018 бен 2023 жылдардағы Азия ойындарында төрт рет үздік үштікті түйіндеді. Осы жағдайдың бар­лығы Әділбекке деген сенімді нығайтты.

Шыны керек, Францияның астанасындағы жарыста Мусин 2016 жылы Рио Олимпиадасында айды аспанға бір-ақ шығарған Дмитрий Баландиннің ерлігін қайталай алмаса да, біраз жерге дейін баратын шығар деп үміт­тендік. Бірақ ол іріктеу сынын­да өз жанкүйерлерін жерге қара­тып, 8 адамның арасынан мәре­ге ең соңында жетті. Енді қанда­сы­мыз 2 тамызда өтетін баттер­фляйшілердің 100 метрлік бәсе­кесінде өнер көрсетеді. Бәлкім, сол жарыста Әділбектің бағы жанар.

Стенд атушылардың (трап) ірік­теу сайысында Ма­рия Дмит­риен­ко 73 ұпай жиып, төртінші орын­ға тұрақ­тады. Отандасы­мыз­­дың келесі кезеңге өтуі үшін осы көрсеткіш жеткілікті болды. Енді Дмитриенкоға финалға жолдама алу үшін осы межеде үздік алтылықтың қатарынан көріну қажет. Ал садақ атудан сынға түс­­кен Ильфат Абдуллин 1/32 фи­­нал­да әлем чемпионатының кү­міс,­ Панамерика ойындарының қо­ла жүлдегері, канадалық Эрик Пи­терске 4:6 есебімен есе жіберді.

Нұрбек әзер жеңді, Сәкен айқын ұтты

Сейсенбіде қос боксшымыз шаршы алаңға көтерілді. 80 кг салмақтағы Нұрбек Оралбай аустралиялық Каллум Питерспен жұдырықтасты. 21 жастағы жасыл құрлық өкілінің бағындыр­ған пәлендей белестері болмағаны­мен, соққысы өте жойқын екен. Техникалық арсеналы да мол. Екінші раундта ол қазақтың ұлын бір мәрте есеңгіретіп тастады. Десек те дер кезінде ес жиған әлем чемпионы Питерстен ұпай санымен басым түсті. Дәл сол салмақта Қытайдың намысын қорғаған әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия ойындарының жеңімпазы Тоқтарбек Таңатқан Доминикан Республикасының өкілі Кристиан Хавьер Пиналесті екінші раундта нокдаунға жіберді. Бірақ төреші қазақтың емес, қарсыласының қолын көтерді.

51 кг салмақ дәрежесіндегі Сәкен Бибосынов түркиялық Сәмет Гумушпен қолғап түйіс­тір­ді. Талай дүрмекте ысылған Мыр­зағали Айтжановтың төл шәкірті 2023 жылғы Еуропа ойындарының финалисі, 2024 жылғы Еуропа чемпионын еш қиналмай-ақ ұтты.

Ширек финалда Нұрбек Орал­­бай әзербайжандық Мұрад Аллах­­вердиевпен айқасса, Сәкен Бибосынов Өзбекстанның мақ­танышы Хасанбой Дусматов­пен күш сынасады. Бұл бәсекелер 2 та­мызда өтеді. Ал оған дейін біз Махмуд Сабырхан (57 кг) мен испаниялық Хосе Кильес, Ва­лен­тина Хальзова мен (75 кг) пана­малық Атейна Байлан, Назым Қызайбай мен (50 кг) бра­зи­лиялық Каролине Барбоса де Ал­мейда, Айбек Оралбай (92 кг) мен әзербайжандық Лорен Алфонсо Домингес, Мұхамед­сабыр Базарбайұлы (63,5 кг) мен грузиялық Лаша Гурули және Карина Ибрагимова (57 кг) мен пуэрторикалық Ашлейян Лосада Мотта жекпе-жектерін тамашалаймыз.

Кеше жарыс жолына үш­сайысшы Екатерина Шабалина, нысана көздеушілер Ислам Сат­паев пен Константин Малинов­ский (50 метрден үш қалыпта ату), стенд атушы Мария Дмитриенко (трап), боксшы Махмуд Сабырхан (57 кг) мен Валентина Хальзова (75 кг), үстел теннисшісі Кирилл Герасименко (жекелеген сайыс, 1/8 финал), спорттық гимнасшы Милад Карими (көпсайыс, финал) сынды саңлақтар шықты. Олардың қалай өнер көрсеткені жайында газетіміздің келесі санында баяндаймыз.