• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Мәдениет 01 Тамыз, 2024

Шолпы сыңғыры

89 рет
көрсетілді

Астана қаласынан бес шақырым жерде орналасқан Бозоқ археологиялық ескерткішінің аумағында «Бозоқ аруының шашбауы» атты республикалық этнографиялық фестиваль өтті. Салтанатты іс-шара аясында «Шолпы тағу» рәсімі көрсетілді.

Әлқисса, Нұра және Есіл өзен­де­рінің алаптарында орналасқан ортағасырлық қалаларды зерттеу ХХ ғасырдың басынан қолға алына бастаған. Соның нәтижесінде 1998 жылы археолог Кемел Ақышев Алтын Орда дәуіріндегі қыпшақ қаласының орнын тапты. «Топографиялық зерттеу барысында Бозоқ қалашығына Есілден су тартылғанын аңғар­дық. Каналдың ұзындығы бес шақырымға жетеді, ені екі метр­ден асады. Қалашықтың қорғаныс жүйесі де жетік болған секілді, сыртқа шығатын және көрші бөліктерге баратын есік орны бар. Бұл жердің рухани, мәдени орын болғаны айдан анық», деп айтқан болатын заманында археологтің өзі. Бұл – көшпелілерде қала мә­дениеті болмаған дейтін жүйе­сіз тұжырымдарға қарсы дәлел.

Қала туралы алғашқы мәлімет­тер топограф, патша әскерінің офицері И.П. Шангиннің жазба­ларында кездеседі. Ол бас штаб­тың тапсырмасымен Арқа дала­сының жер-суын зерттеу жұмыс­тарын жүргізген. Сондай-ақ өз күн­делігінде Ақмоладан алыс емес жерде ескі қаланың орны бар екен­дігін жазған.

Дәл сол орында шамамен 700 жыл бұрын өмір сүрген, «Інжу» атанып кеткен әйелдің сүйе­гі та­был­ған. Оның жанынан темір қан­жар, найза сияқты қару-жа­рақ­­тары, оң қолының тұсынан күміс кесе табылған. Бұл заттар оның кезінде атқа мініп жауға шапқан ержүрек жауынгер болғанын дәлелдейтінін ға­лымдар айтып жүр.

Іс-шарада алғашқы болып құт­тық­тау сөзін сөйлеген Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Күміс Сейітова да көне мәдениет­тің көркем үлгісін көрсеткен Бо­зоқ­­тың ұлттық танымдағы орны мен қыпшақ қыздарының сән-сал­танатын айрықша атап өтті.

«Біздің басты құндылығымыз – бабалардың бай дәстүрі. Оған тереңдеген сайын халқымыздың әйел затына аса құрметпен қара­ға­нын байқаймыз. Әсіресе оны әшекей бұйымдарының көз тартар әсемдігі айтып тұра­ды. Шолпы мен шашбау – қыз баланың ар-ұятының бедерлі бейнесі. Оны қайтадан жалпы­ха­лықтық қолданысқа енгізу – ұлт мәдениетінің жаңғырған көрінісі болары анық», деді ол.

Осы орайда құрметті қонақ­тардың ішінде болған фольк­лор­танушы, мифолог Зира Наурыз­баеваның аталған әшекей­лерге қатысты пікірін ұсын­ғымыз ке­леді: «Қазақ тұрмысында келін­нің жақын құрбылары күйеуінің қарындастары болады. Бұл бай­ланыс үйлену тойы үстінде-ақ бас­талып кетеді. Беташар рәсімі ке­зінде сәлем салғанда шашындағы әшекейлер ыңғайсыз болмауы үшін қайын сіңлілері жеңгесінің шашбауын көтеріп, демеп тұратын болған. Осыдан ел ішінде біреудің сөзін сөйлеп жақтасса, намысын жыртысса «шашбауын көтерді» деген тіркес қалыптасқан».

Ал Парламент Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі Айгүл Қапбарова көне қаланы қалып­қа келтірудің ұрпақ санасына әсері туралы ой сабақтады. «Қазақ халқының салт-дәстүрлері өске­лең ұрпақты тәрбиелеудің негізіне айналды, өйткені оларда ғасырлық тәжірибе қалыптасқан. Мың­жылдық бойы бізге жеткен құндылықтарды құрмет­теу және түсіну, сондай-ақ ұмы­тылған дәстүрлерді жаңғырту халқы­мыздың жалпы тарихи кон­текстегі рөлін түсінуге мүмкіндік береді», деді.

Бозоқ культі тек ғалымдардың ғана емес,шығармашылық өкіл­­дерінің де назарын аудар­ған. Мәселен, жазушы Шәрбану Бейсенова «Бозоқ аруы» кітабын шығарса, компози­тор жауынгер аруға арнал­ған музыкалық шығарма жазды. Ал қарымды Қылқалам шебері, Қазақстанның еңбек сіңір­ген өнер қайраткері Камиль Муллашев аталған тақы­рып­та «Інжу» атты картинасын жазып шық­қан. Оның бұл туындысы фести­вальдың басты нышаны болды. «Картинаны салу барысында қыпшақ мәдениеті хақында жазылған еңбектерді қарастырдым. Олар­дың тұрмысы, киім үлгісі мен бет-әлпетінің бейнесін басты назарға алдым. Тұрақты ізденіс нәтижесінде осындай картина дүниеге келді. Бозоқ аруының бойынан мінезін, бекзаттығын көр­сеткім келді. Сонымен қатар орта ғасырдағы қыпшақ қала­сының озық мәдение­тін кенеп кеңістігінде көрсетуге тырыстым», деді автор.

Құттықтау сөздерден кейін көрме қонақтары назарына ұлттық әшекей бұйымдарынан дефиле ұсынылды. Дефиле барысында мойын-самай әшекейлері, сыр­ға­лар, білезіктер мен шашбау, шолпы секілді бұрым әшекейлері көр­сетілді.