• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 01 Тамыз, 2024

2022 жылғы конституциялық референдумды қоғамның қабылдауы

146 рет
көрсетілді

2022 жылы 5 маусымда ел тарихында үшінші жалпыхалықтық референдум және Конституцияға түзетулер енгізу бойынша екінші рет конституциялық референдум өткізілді. Осылайша суперпрезиденттік басқарудан президенттік басқару нысанына көшу, билікті монополиядан арылту, қоғамдық-саяси және құқықтық институттарды одан әрі дамыту бағыттары белгіленді.

Оның саяси-құқықтық көрінісі ретінде республикалық референдумда қабылданған 2022 жылғы 8 маусымдағы ҚР заңымен 33-бапқа 62 түзету және 2022 жылғы 17 қыркүйектегі ҚР заңымен 6-бапқа 8 түзету бекітілді. Әрине, конституциялық реформаны референдум арқылы өткізу мәні бойынша елдегі қоғамдық  өмірдің барлық аспектісіне айтарлықтай әсер етті және әлі де ықпалы бар деуге болады.

Осы бағытта, референдум мәселесі бойынша қоғамдық пікірді өлшеу мақсатында 2023 жылы Қазақстан қоғамдық даму институты халық арасында әлеуметтік сауалнама жүргізген (2 400 респондент) еді.

Қоғамдық пікірге жүргізілген сауалнама мынаны көрсетті:

1) Респонденттердің жартысынан көбі (55%) Конституцияға енгізілген түзетулермен таныс, оның 11%-ы толық және 44%-ы ішінара. Респонденттердің 44%-ы таныс емес (1-диаграмма).

Сіз 2022 жылдың 6 мамырында жарияланған және 2022 жылдың 5 маусымында референдумда қабылданған конституциялық түзетулермен таныссыз ба?

Дереккөз:  «2022 жылғы конституциялық реформа және Қазақстандағы делибративті  демократия институтын дамыту туралы» тақырыбындағы талдау баяндамасы

2) Респонденттердің 39%-ы конституциялық түзетулердің маңыздылығын орташа деңгейде бағалап, 29%-ы маңыздылығы жоғары деңгейде деп көрсетті, 25%-ы ғана түзетулердің маңыздылығы төмен екендігін атап өтті.

3) Респонденттердің 40%-ның пікірінше, Конституцияға енгізілген өзгерістер мұқият пысықталып, қоғам шынымен талап ететін ең төтен­ше, ерекше жағдайларда енгізілуі керек, респонденттердің 28%-ы қоғам мен мемлекет дамып келеді, өмір бір орында тұрмайды, Конституция – бұл тірі организм және уақытқа сәйкес келуі керек деген пікірде конституциялық түзетулерге оң көзқараспен қарайды. Тек 17%-ы ғана конституциялық түзетулерге қарсы, олар Конституция тұрақты болуы керек деп санайды, өзгерістерді жиі енгізу мемлекеттің негізін бұзады, биліктің теріс пайдалануына жол ашады деп есептейді.

4) Респонденттердің жартысынан көбі (56%) жаңа Конституцияны қабылдауды қажет деп санаса, 43%-ы мұндай қажеттілікті көрмейді (2-диаграмма).

Бізге жаңа Конституция қажет деп санайсыз ба?

Дереккөз:  «2022 жылғы конституциялық реформа және Қазақстандағы делибративті  демократия институтын дамыту туралы» тақырыбындағы талдау баяндамасы

Халық арасында әлеуметтік сауалнамадан басқа, сараптамалық сауалнама жүргізілді. Оған 30 отандық сарапшы, оның ішінде Ұлттық құрылтайдың 12 мүшесі қатысты. Оларға 2022 жылғы конституциялық реформа, Қазақстандағы кеңесші демократияның жай-күйін бағалау бойынша сұрақтар қойылды.

Сарапшылардың көпшілігі 2022 жылғы конституциялық реформаға толық қолдау білдірді (80%), кейбір сарапшылар түзетулердің көп бөлігін қолдау (13%) және реформаны қолдамайтындығы туралы (7%) айтты.

Ең маңызды түзетулердің ішінде сарапшылар мыналарды атады: 1) президенттік биліктің әлсіреуі (сарапшылардың 70%-ы); 2) сайлау жүйесі мен Парламент Мәртебесін реформалау (сарапшылардың 66%-ы); 3) Конституциялық сот құру (сарапшылардың 36%-ы).

Көптеген сарапшының пікірінше, референдум заңды және ашық түрде өтті. Түзетулер негізінен қоғамдық қажеттіліктер мен өзгерістерге деген сұранысты көрсетті. Сонымен қатар, кемшілігі – түзетулерді зерделеуге қысқа мерзім белгіленгені. Бұл сайлаушылар конституциялық реформаның мәні туралы толық ақпарат алды дегенге күмән тудырады. Сондай-ақ азаматтардан ұсыныстар жинау және оларды өңдеу рәсімі болмады, бұл да уақыттың жетіспеушілігінен туындады.

Жалпы, кез келген конституциялық реформаның негізінде екі негізгі қағидат болуы керек – биліктің өзін-өзі шектеуі және азаматтардың бостандықтарын қамтамасыз ету. Осы тұрғыдан алғанда, 2022 жылы жүргізілген конституциялық реформа алғаш рет жоғарыда аталған идея­ларды бекіту бағытын, яғни  биліктің өзін-өзі шектеуі мен азаматтардың бостандықтарын қамтамасыз етуді белгіледі.

Бүгінде Конституцияның әлеуеті таусылған жоқ және мемлекет істерін басқару тетігін дамыту, Қазақстанның бүкіл аумағында құқық үстемдігін қамтамасыз ету жөніндегі кейінгі жалпыұлттық пікірталастар үшін ол ашық. Конституция тірі организм ретінде өзінің дамуын жалғастырады, бүкіл құқықтық жүйенің, тұтастай мемлекеттің өміршеңдігін қолдайды.

Дегенмен де, шешімді талап ететін мәселелер әлі де бар. Олар – Президенттің өкілеттіктерін мемлекеттік билік тармақтарына одан әрі қайта бөлу, Парламент мәртебесін нығайту және сот билігінің тәуелсіздік кепілдіктерін күшейту. Бұл эволюциялық үдеріс кезең-кезеңімен жүзеге асыруды қажет етеді.

Президент Қ.Тоқаев атап өткендей, «Әділетті Қазақстанды құру үшін өткеннің қателіктерін ескеріп, түзету, жинақталған проблемаларды шешу қажет. Жаңа мемлекеттік саясат, оның сенімі бойынша, келесі үштікке негізделуі керек: «әділ мемлекет – әділ экономика – әділ қоғам». Барлық шешімдер салмақты, ашық және әділ, ең бастысы – азаматтардың мүдделері мен сұраныстарын ескере отырып қабылдануы керек.

 

Риззат ТАСЫМ,

Қазақстан қоғамдық даму институты

Қоғамдық үрдістерді зерттеу орталығының басшысы