• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Тарих 02 Тамыз, 2024

Жымпитының ерекше сағаты

114 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысының Жымпиты аулында ерекше сағат пайда болды. Бұл – мектеп түлектерінің туған аулына тартуы.

Ауылдың әрін кел­тіріп, көз тарта­тын тамаша сый­лықты ар­найы жасатып, туған аулына сыйға тарт­қан Қадыр Мырзалиев атындағы мектептің 2004 жыл­ғы түлектері болып шық­ты. Биыл олардың орта мек­тепті бітіргеніне 20 жыл толып жатыр. Жалпы, мектеп түлектерінің туған жеріне осындай ерекше сыйлық жасауы өңірде жақсы дәстүрге айналып келеді.

Ұлттық оюлармен әрі шамдармен безендірілген, күн­діз де, түнде де көз тарта­тын әдемі сағатты оралдық шебер әрі кәсіпкер, «Daryn» шеберханасының иесі Жарас Сүндетов жасаған екен.

 – Жымпиты аулының 1986-1987 жылы туған азаматтары наурыз айындағы су тасқыны кезінде де ерлікке татитын еңбек көрсетті. Әсіресе Ермек Кәкімов, Нұрхан Әми­нов, Әділбек Байралиев, Бекжан Бисенғалиев, Сержан Сиықов, Фархат Тастаев, Ас­хат Нұрмұханов, Сайлан Жұ­банов, Тарас Сәрсенов се­кілді азаматтарға елдің атынан ал­ғыс айтамыз. Бүгінде Қадыр мектебінен 20 жыл бұрын түлеп ұшқан түлектер туған аулына тамаша сый жасап отыр. Мына тұғырдағы сағатқа қарап, талай адам таң­дай қағары анық. Осы игі дәстүр жалғаса берсін! – деген Сырым ауданының әкімі Жұма­гелді Батырниязов аталған жігіттерге Алғысхат табыс етті.

– Біз бір мектепте бес сынып болып қатар оқыған құрдастар едік. Биыл мектебімізді тәмам­дап, үлкен өмірге қадам бас­қа­нымызға 20 жыл толып отыр. Осыған орай туған же­рімізге ерекше бір сыйлық жа­сайық деген ұсынысты дос­тарымыздың көбі қолдады. Әркім қадари-хә­лінше үлес қосып, 5 млн тең­гедей жи­надық. Осы қаржыға ерекше көше сағатын жасатып, тарихы терең Жымпиты кентінің нақ ортасында, Ұстаздар үйінің алдына орнатып қойдық, – дейді ауыл түлегі, кәсіпкер Мұратбек Мұхамбедиев.

Батыс Қазақстан облысы