• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Спорт 02 Тамыз, 2024

Бас бапкерге зор сенім жүктелді

71 рет
көрсетілді

Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында көкпардан ұлттық құрама мүшелері екі бірдей додаға кіреді. Көкпардан тартысқа түсетін жігіттер қырғыздың көкбөрі сайысынан да бақ сынайды.

Төрткүл дүние назарын аударатын этно­спорт аламанын­да қазақ пен қырғыздың көк­пар тартысын асыға күту­шілер көп. Себебі үнемі итжығыс түсіп, бір-бірінің тақымындағы серкені алма кезек өңгеріп кетіп жүр. Әлем чемпионаты, халықаралық турнирлерде, Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында бас жүлде үшін тартыс екі елдің көкпаршылары арасында өрбитіні заңды да.

Көкпардан еліміздің ұлт­тық құрамасында бас бап­кері ауысты. Бұған дейін көк­паршыларды әлемдік до­да­ларға баптап қосқан бі­лік­ті бапкер Қуанышбек Құра­маевтың орнына Ақылбай Манкеев тізгін ұстады. Ақыл­бай көкпаршының есім-сойы аталғанда, көпшіліктің есіне буллит сериясы оралатыны белгілі. Ұлттық құрама сапында, елішілік көкпар додасына қатысқанда Ақылбай Манкеев көбіне буллитте қарсыласынан басым түсетін. Тәжірибелі спортшыға ұлттық құраманың бас бапкері лауазымы зор сеніммен тапсырылды.

«V Дүниежүзілік көшпе­лілер ойындарына көкпардан ұлттық құрама мүшелерінің оқу-жаттығу жиыны Алматы облысындағы Олимпиадалық даярлау орталығында өтіп жа­тыр.  Орталық басшылығы көк­пар алаңын даярлап, бар­лық мүм­кіндікті тудырып отыр. Әзірге фи­зикалық да­йындықты, аттарды көкпар тәртібіне бейімдеп келеміз. Жалпы, көкпардан ұлттық құраманың өзіне тиесілі аттары болмайды. Әр өңірдегі атбегілерден жалға алып, жүй­ріктерімізді түгендедік. Балуандар бірнеше аймақтан жеткізілген 40 атты додаға үйретіп жатыр. Жаттығу жиынына 29 шабандоз келді. 12 спортшы көкпардан, яғни шеңберге салым салу сайы­сы бойынша алаңға шықса, қалған 12 балуанымыз қырғыздың көкбөрі додасынан тартысқа түседі. Көкпарға қатысқан шабандоз көкбөрі бойынша тар­тысқа шықпайды. Бір айдан аса уақытымыз бар, жаттығуды әлі де пысықтай түсеміз», дейді көкпардан ұлттық құраманың бас бапкері Ақылбай Манкеев.

Маман көкпардан Дүние­­жүзілік көш­пелілер ойын­дарында топ жаруды көз­дейтінін жеткізді. Ал көкбөрі сайысында қырғыздың шабандоздары да, аттары да тегеурінді екенін алға тартты.

«Төл спортымыз көкпар­дан өз жерімізде өтетін Дүние­жүзілік көшпелілер ойындарында чемпион атануға ба­рымызды саламыз. Ал көк­бөріден негізгі қарсылас қырғыз балуандары оңайдан олжа ұстатпайды. Оның үстіне біз­дің құраманың белді аттары саналған «Намыскөк», «Лазер» сынды үстіндегі көкпар­шының ойын айтқызбай ұғатын, есті жүйрігіміз жоқ. Аймақтан жинап әкелген аттарды жек­пе-жек сынына, буллит­ке, жалпы, көкпардың ере­же­сіне сай даярлауға аз күш кетпеді. Ел чемпионатында, басқа да турнирлерде көк­­пар­шылардың мінген ат­та­рының әлеуетін саралап ірік­тедік. Негізінен Жамбыл об­лысының «Әулиеата» көк­пар командасының аттарына назарымыз ауды. Көк­паршылар астындағы атын өзінің ыңғайына икемдеп бейімдеп жатыр. Қырғызстан көкпар құрамасына шақырту алған шабандоздардың да тізімі белгілі. Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына көр­шімізден кімдердің ке­летіні анық болған соң, біз де бас­ты бәсекелес құраманың мү­шелеріне қарсы әзірлікті кү­шейттік», деді А.Манкеев.

Оқу-жаттығу жиынына шақырту алған спорт­шы­лар­дың басым көпшілігі Дү­ниежүзілік көшпелілер ойындарына алғаш рет қосылмақ.