• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Айбын 02 Тамыз, 2024

Батырдың өшпес ерлігі

279 рет
көрсетілді

Раджан Батырханов күллі қазақ үшін киелі өр Алтай өлкесіндегі табиғаты таңдай қақтыратын, таза ауасы тынысыңды ашатын шағын ғана Катонқарағай аулында өмір есігін ашты. Бала күнінен шекарашы офицер болуға бекінді. Бұл оның үлкен арманы еді.

1993 жылы мамырда бозбала шұғыл түрде әскерге шақырту алды. Отан ал­дын­дағы азаматтық борышын Күр­шім шекара жасағында өтеген ол бала күнгі арманына осылай қол жеткізді. Бір жыл өт­кенде Тәжікстанда ТМД шекарасын күзететін команда іріктеліп жатқанын естіген Рад­жан тізімге өз еркімен жазыл­ды. Ештеңеден қаймыққан жоқ. Керісінше, туған жерден жырақта бағын бір сынағысы келген Раджан «отты» нүктеге баруды өзіне міндет санады.

Әскери қақтығыс орын ала қалса, қалай әрекет ету керек екенін үйреткен тәжі­ри­белі тәлімгер офицерлер: «Есте сақ­таңдар. Бұл сендерге Пяндж­дағы шекарада қажет бо­лады», деп ескерткен еді. Ауғанстандағы соғыста талайды көрген тісқаққан сарбаздар тәжік жерінде де ахуал оңай емес екенін жақсы білетін.

Үздіксіз жаттығу, жүгіру, атыс алаңын­дағы шеберлік сы­нақтарынан кейін Рад­жанның тобы Душанбе әуежайына табан тіреді. Одан әрі – шекара заставасы орналасқан Калай-Хумб қыстағы. Шығыс Қазақстан топырағынан шық­қан жиырма жастағы ауыл ба­ласы дәл осы жерде шекара шебін қорғауға тиіс.

Оның өмірі әп-сәтте өзгеріп, жаңа жағ­дайдағы қызмет бас­талды. «Қазбат» деп аталған қазақстандық бітімгерлерге өз­деріне бекітілген аумақты күзетіп, түр­лі қауіп-қатерден қор­ғау тапсырылды. Шекара сыр­тындағы ауған содырларын былай қойғанда, ел ішіндегі тәжік кландары да билікке таласып, өзара қырықпышақ болып жатқан. Шекара бойының кез келген тұсында әскери қақ­тығыстар туындап кетуі мүмкін еді.

Оның үстіне Ауғанстан мен Тәжікстан арасында есірткі тасымалы күшейіп, адам саудасы да қызған шақ. Күннің ыстығы елу градустан асатын аймақта біздің сарбаздар келісімшартта көрсетілгендей үш емес, алты ай болды. Сондықтан қай-қай­сысы да үйін қатты сағынды. Рад­жан анасын көп ойға алатын. Ол ұлының қайда екенінен бейхабар еді. Баратын жері туралы тек әпкесіне ғана айтқан. «Үнсіз кеткенім, сізді сары уайым­ға салғаным үшін кешір мені, анашым! – деп Раджан ең жа­қын адамымен ойша сөй­лесетін. – Көп ұзамай ораламын. Шамалы қалды...».

Сол қатерлі күні застава жа­уынгерлері Қазақстанда өз­де­рін ауыстыратын рота да­­йында­лып жатқанын біл­ді. Ендеше бұ­лар­дың үйге қайтатын күні жа­қын. Раджан мен жолдастарының көңілі көтеріңкі. Сарбаздар кешкілік үлкен қазан­ды дайындап, палау басуға келіскен. Алай­да олар­дың алдында үлкен тағдыр сынағы күтіп тұрған еді...

Сол күні Хаким бандасы­ның қарулан­ған 200 жауынгері Висхарв шатқалын­дағы 5 және 6-шекара заставаларының тү­йіскен аумағына басып кірмек болды. Он жүк көлігіне мінген олар Калай-Хумб ауданы­ның орталығы арқылы Хорог бағытына қарай жүрді. Бар мақсаты – Ауған­станға жету. Біздің жауынгерлер Калай-Хумб қыстағынан шығып, олар­ға оқты қарша боратты.

Шекаралық комендатура гар­низоны «Шайқасқа!» деген бұйрықпен өре кө­терілді. Комендант 5-шекара застава­сының жетекшісіне содырлар колоннасын тоқтатуды тапсырды. Шекара зас­тавасы­ның бастығы Безвесельных ко­лон­­наны тоқтатып, қарсы­лас­тармен келіссөз жүргізуге орын­басары, лейтенант Вла­димир Селюкті жіберген еді. Алайда олар офицердің өзіне тап беріп, тұтқынға алды. Сөй­тіп, содырлар колоннаның одан әрі кедергісіз жүруін талап етті.

Шекара заставасының бас­тығы офицерді құтқарып, қыс­тақтағы бейбіт халықтың өміріне қатер төнбес үшін со­дырлардың талабына келі­сіп, колоннаның жүруіне рұқ­сат берді. Бірақ лейтенантты босатқаннан кейін де комендант тапсырмасын орындауды жалғастырды. Содырлардың ізі­не лейтенант Селюк баста­ған шекарашылар тобы түсті. Алагеуім шақ жағдайды күрде­лендіргеніне қарамастан, шекара сақшылары екі топқа бө­лініп шайқасқа дайындықты бастап кетті. Селюк пен Дмит­ришеннің басқаруындағы бө­лім тура жолдың үстінде, ал тең жартысы аға лейтенанттар Федоров және Неждановтың жетекшілігімен жоғары жаққа, жақын маңдағы шоқыға шығуға талпынды. Алайда олар бұл шо­қыда Джума бандитінің позициясы барын білген жоқ.

Кіші сержант Раджан Батыр­ханов тө­менгі жақта бе­тон жол қоршауы тасасында қарсы тарапқа қарай оқ атып тұрған. Ол қарақшылар то­бы­ның жотаны тасалай келіп біз­дің шекарашылардың алдын ора­ғытып, ту сыртынан ша­буылдағы­сы келетінін бай­қап қалды. Дереу автомат­пен оқ жау­дырып, 5 содыр­ды жайратып салды. Батыр­ханов қарақшы­лар тобын бай­қамағанда мұның соңы немен аяқталарын кім білсін?

Ол өзінің тұрған жері қан­ша қауіпті болса да артқа ше­гінген жоқ. Батырханов­тың орналасқан жерін байқаған содырлар да оқты қарша боратты. Раджан артқы жа­ғында ағып жатқан өзенге қарай төменге түсіп, өзін аман алып қалуға да мүм­кін­дігі бар-тын. Бірақ олай істеген жоқ. Батырлық үлгісін көрсетіп, шегінуден бас тартқан кіші сержант сол жерде аяғынан жараланды. Лейтенант Владимир Селюк Батырхановқа жетіп, оқ пен от құрсауынан алып шықты. Өкінішке қарай, кейіпкеріміз аяқтан тиген оқтың салдары­нан көп қан жоғалтып, сол күні есін жимаған күйі көз жұмды.

Раджан Батырханов ерлік жасады. Ол жол­дастарының өмі­ріне қауіп тө­ніп тұр­ғанын біліп, қарақшылардың наза­­рын өзіне аудартып, жауынгер­лік мін­дет­ке адалдық танытты. Шекарашы өзге әріп­тестері­нің амандығы үшін өз өмірін құрбан етті.

Куәгерлердің сөзінше, бұл шайқастың сәтті аяқталуына кіші сержант Батыр­хановтың жау тобына тұтқиылдан оқ жау­дыруы себеп болған. Ол болмаса, шекарашылардың же­ңіске жетуі неғайбіл. Лей­тенант Селюктің тобы қа­рақ­­шылардың қос қапталдан жа­са­ған шабуылына тойта­рыс бере алмас еді. 20-25 минуттан кейін жеткен резервтің өзі тұзаққа түспесіне ешкім кепілдік бере алмайды.

Раджан әскери тапсырма­ны орындау жолында аянып қал­ған жоқ. Комендатура резер­вінің қозғалысы мен оңтайлы орын табуына жол ашты. Ал бұл Хаким содырларының әре­кетіне нүкте қойып, Висхарв шатқалын аман алып қалды. 

Шекарашы кіші сержант Р.Батырханов Президент Жарлығымен ТМД-ның ішкі шекарасын қорғаудағы батыл­ды­ғы мен ерлігі үшін ІІ дәре­же­лі «Айбын» орденімен марапатталды. Шығыс Қазақ­стан облысының Катонқарағай ауылдық клубында бұл орден батырдың анасына табысталды. Тек Раджанның онымен амандықта қауыша алмағаны өкінішті...

Осы шайқас нәтижесінде Хаким қарақ­шыларының тобы талқандалып, 32-сі қаза тап­ты. 1-еуі тұтқындалып, 50-ге жуы­­ғы жараланды. Тәжікстан Қорғаныс министрлігінің әске­ри қызметшілер құрамынан 1994 жылы шілденің соңын­да қарақшылар қолына түскен ­12 тұтқын (олардың қатарын­да мотоатқыштар батальоны шта­бының бастығы, подполковник Крпихун да бар) босатылды. Өкінішке қарай, кінәсіз төрт жүргізуші мен қыстақтың екі тұрғыны құрбан болды.

Кіші сержант Раджан Батыр­хановтың ерлігі ел жадын­да. Батыр-шекарашы тұр­ған, білім алған ауылдағы жал­пы білім беретін мектеп, Катон­қарағайдағы көше және Шы­ғыс Қазақстан облысындағы шекара жасағы бүгінде оның есімімен аталады.