• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Отбасы 02 Тамыз, 2024

Әулет мерейі

63 рет
көрсетілді

Тұтас ел көлемінде дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан «Мерейлі отбасы» байқауы – отбасы құндылықтарын айшықтаған айтулы жоба. Биыл мегаполисте байқаудың қалалық кезеңі аяқталып, Қапыш әулетінің мерейі үстем болды.

Бұл әулеттің өмір өрнегі теміржол саласымен астасып жатыр. Үш ұрпақтан 26 адам қиын да күрделі теміржолшы маман­дығын таңдаған. Олардың бар­лығының теміржолдағы жал­пы еңбек өтілі 826 жылды құрайды. Тамырын тереңге жай­ған өнегелі әулеттің өкілдері өнер­ден де құр алақан емес. Сайыс­қа қатысуға өтінім біл­дірген 235 отбасының ішінен оқ бойы озып шыққан Қапышевтар енді қыр­күйек айын­да Астанада өтетін рес­пуб­ли­калық кезеңде бақ сынайды.

«Төккен тер, еткен еңбек жеміс беретініне көзіміз жетті. Біздің әулеттің тарихы шо­йынжол бойындағы қиын да қызық саланың тарихымен қатар өріледі. Осы бір шарапаты мол мамандық бізге әкелерімізден мирас болды, біздің ұрпағымыз да ұрпақтар сабақтастығын жалғап, ел үшін еңбек етіп жүр. Бәсе­келестік үлкен болды. Енді Астанада өз қаламыздың және теміржолшылар әулетінің намысын қорғау үшін мұқият дайын­даламыз. Теміржолға де­ген сүйіспеншілік – біз­дің қанымызда. Осының нәти­жесінде біз жеңіске жеттік. Біз өз мамандығымызды шын жүректен жақсы көреміз», дейді Мұрат Қапышев.

Мұраттың әкесі теміржолшы болған, ол 1932 жылы осы салаға келіп, 1968 жылы зейнетке шыққан. Жұбайымен бірге олар сегіз бала тәрбиелеп өсірді. Олардың барлығы әке­сінің жолын қуып, теміржол саласында жұмыс істеді. Мұрат Қапышевтың кіндігінен тараған үш баласы да теміржолда жұ­мыс істейді.

«Мерейлі отбасы» бай­қауы­ның басты мақсаты – адам­гер­шілік мұраттарын жаңғырту, отбасы мен некені құрметтеуге тәрбиелеу, сондай-ақ отбасылық құндылықтар мен қазақстандық отбасының оң имиджін көрсету және кеңінен насихаттау.

 

АЛМАТЫ