Маңғыстау ауданының бірқатар аулы мен аудан орталығы Шетпе аулының кейбір шағын аудандарындағы шетін мәселе – ауызсу. Нақты айтсақ, аудан орталығынан шалғайдағы Тұщықұдық, Шебір ауылдарының тұрғындары іргесіндегі Көңдіқұдық жерасты суына қол жеткізе алмай келген еді. Бұл мәселе ауданның экономикалық-әлеуметтік мәселелерін шешіп, әлеуетін көтеретін «Маңғыстау ауданы серпіні» жобасынан тыс қалған жоқ.
Ауданда ауызсу тапшылығын болдырмау, орын алып келген мәселелерді еңсеру бағытында көңілге қонымды жаңа жобаларды жүзеге асыру жоспарланып, бірқатар сумен жабдықтау желілерінің құрылысы басталған еді. Жуырда Маңғыстау ауданында сумен жабдықтау желілерінің жоспарланған құрылыс жұмыстары таныстырылды.
«Көңдіқұдық-Тұщықұдық» су құбырының құрылысы – маңызды жобалардың бірі. Арақашықтығы 14 шақырымға жететін Көңдіқұдық жерасты суы құдығы мен Тұщықұдық ауылдарын жалғайтын су құбырының басталған құрылыс жұмыстары өз деңгейінде жүріп жатыр. Бұған дейін Астрахань-Маңғышлақ, яғни Қиғаш су құбырымен келетін ауызсуды пайдаланып келген тұщықұдықтық тұрғындардың ерніне жоба іске қосылғанда Көңдіқұдықтың суы тиеді.
Сондай-ақ сумен қамту жұмысының бірінші кезеңі аясында Шетпе ауылындағы Жаңаорпа-2, Ащыбұлақ-1 және Ащыбұлақ-2 шағын аудандарына су құбырларын тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Маңғыстау ауданының әкімі Ғалымжан Ниязовтың айтуынша, 2012 жылы Жаңаорпа-1 шағын ауданында 500 тұрғын үйге су құбыры тартылған болса, былтыр 1 040 үйге шамамен ұзындығы 57 шақырымды құрайтын су құбыры жүргізілген. Аталған жұмыстың екінші кезеңінде «Қарақұдық» кен орнындағы 8 ұңғыманы бұрғылау жұмыстарын бастау, су тазартатын құрылғы мен көлемі 400 текше метр және 2 мың текше метрді құрайтын резервуар құрылыстарын орналастыру жоспарда бар.
– Су – тіршілік көзі. Сондықтан тұрғындарды сумен қамтамасыз ету – кезек күттірмейтін мәселе. Жалпы аудан халқын, яғни аталған шағын аудандарды мөлшерлі деңгейде сумен қамту мәселесі шамамен жыл соңына қарай шешіледі, – деді Ғ.Ниязов.
Су ұңғымаларын қазу да – қиындығы мол жауапты жұмыс.
– Бүгінде қазу жұмыстарын бастап кеттік. Қазіргі таңда он адам жұмыс істеп жатыр, қосымша тағы бірнеше жігіт жұмысқа тартылды. Жерасты суын тарту – күрделі жұмыс, сорғы құрылғылары арқылы жұмыс жүргізіп жатырмыз. Табиғи жерасты ауызсуына қол жеткізу біраз уақытты, үлкен еңбекті талап етеді. Бастама нәтижелі болса, суға қатысты мәселе өз шешімін табады деген сенімдемін, –дейді ұңғыма қазуға жауапты мекеме директоры Асқарбек Сайынұлы.
Сумен қамтамасыз ету жұмыстарында гидрогеолог Автандил Гавашелишвилидің еңбегі зор. Ол жерасты су қорына қатысты ақпаратпен бөлісіп, мәселенің түйткілді тұстарына тоқталды.
– Менің ойымша, Шетпе кентіндегі су құбырларының мәселесі шешілсе, жұмыс жеңілдеуі мүмкін. Бұл мәселе, өкініштісі, бір күнде бітпейді. Алдымен инфрақұрылым реттелуі қажет және мықты мердігерлермен жоспарлы жұмыс істеп, артылған жауапкершілікті жоғарғы деңгейде алып шығуымыз керек, – дейді гидрогеолог.
Маңғыстау ауданындағы тұрғындарды сумен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар мұқият зерделеніп, жан-жақты жоспарланып, тиянақты жүргізіліп жатыр. Өткен жылы ауданның 95 жылдық мерейтойында көңіл көтеретін аста-төк іс-шаралармен емес, халық тұрмысы үшін қажетті әлеуметтік, инфрақұрылымдық мәселелерді, абаттандыру сияқты маңызды мәселелерді шешуімен ерекшеленген ауданның сумен қамту бағытындағы бастамалары да тыңғылықты. Аталған жобалар өз мәресіне жеткен кезде аудан тұрғындары су мәселесіне мазасызданбайды.
Маңғыстау облысы