• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 02 Тамыз, 2024

Жыл басынан бері 250 азамат құтқарылды

50 рет
көрсетілді

Биыл су айдындарында қауіпсіздік ережесін сақтамағандар саны сегіз есе көбейген. Ескертпелерді елемейтіндер Төтенше жағдайлар, Ішкі істер, Көлік министрлігінің бірлесе рейд, патрульдеу жүргізуі барысында анықталды. Олар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 412-бабы бойынша жауапқа тартылып, айыппұл арқалады.

Елімізде шомылу маусы­­­мы әлі жалғасып жатыр. Сондықтан судағы қауіп­сіздікке жауапты Төтенше жағдайлар министрлігі Орталық коммуникациялар алаңын­­да тағы бір мәрте баспасөз мәслихатын өткізді. Брифингте алдымен ТЖМ Азаматтық қор­ғаныс және әскери бөлімдер комитеті төрағасының орынбасары Ақылбек Ахметжанов баяндама жасап, елдегі қазіргі ахуал­ды жеткізді.

– Су айдындарындағы қауіп­­­сіздікті қамтамасыз ету мақ­са­тында Төтенше жағдайлар министрлігі орталық мемлекеттік органдар және әкімдіктермен бір­лесе кешенді дайындық, алдын алу жұмыстарын ұйымдастырды. Елі­міздің барлық құтқарушылары шомылу кезеңінде адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жоғары дайындықта болады. Үгіт-насихат жұмыстары үздіксіз жүргізіледі. Шомылу маусымының басталуына дейін және кезеңінде теледидарда 2 мыңнан астам сюжет, радиода 6 мыңнан астам ақпар, газеттерде 3 мыңға жуық мақала жария­ланды, әлеуметтік желілерде 9 мыңнан астам пост, мессенджер­лер және өзге де платформалар арқылы 726 тікелей эфир ұйымдастырылды. Өткізілген іс-шараларға 9 млн-ға жуық адам, оның ішінде 1,5 млн-нан астам бала қамтылды. Ішкі істер, Көлік министрліктерімен бірлесіп су айдындарында адамдардың қаза болу қаупін азайту мақсатында тыйым салынған орындарда 60 мыңнан астам рейд пен патрульдеу жүргізілді. Анықталған заң бұзушылықтар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 364, 412, 440, 582-бабы бойынша 13 мыңға жуық адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жыл басынан бастап ӘҚБтК-нің 412-бабы бойынша «Судағы қауіпсіздікті сақтамағандары үшін» 905 хаттама толтырылып, бар­­­лығы 23 миллион теңгеден аса айып­пұл салынды, – деді ол.

Сондай-ақ министрлік ай са­йын «Балаларды судан сақтан» республикалық акциясын жүр­гізеді. Одан қалды, 52 мың бала жүзу дағдысына оқытылған. Профилактикалық іс-шаралар кешенін өткізуде 600 мыңнан астам көрнекі оқыту өнімдері таратылды. Десек те, шомылу маусымында 102 адам ажал құшқан. Олардың 35-і – кәмелет жасына толмағандар. Былтырғы статис­тика бұдан да қорқынышты болғанымен, оқыс оқиғалар жер-жерде әлі де тіркеліп жатқанын ескеру керек.

– Шомылу маусымының бас­талуымен су айдындарының қор­ғалмаған бөліктерінде азамат­тар­дың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ТЖМ аумақтық бөлім­шелерінің күштерімен 65 тұрақты, қосымша 150-ге жуық жылжымалы маусымдық құтқару бекеті орнатылды. Суға батып қайтыс болғандардың 85%-ы рұқсат етілмеген, қауіпсіздік қамтамасыз етілмеген су көз­дерінде тіркелген. Негізінен демалушылар келесі себептерге байланысты батып кетеді: өз күштерін асыра бағалайды, балаларды қа­­рау­­сыз қалдырады, көбінесе мас күйін­де шомылады. Қазіргі таңда елімізде 85 мыңнан астам өзен, 48 мың көл бар, оларда әкімдіктердің шешімдерімен 708 рұқсат етілген және 5 мыңға жуық шомылуға тыйым салынған орындар бекітілген. Барлық тыйым салынған учаске ескерту белгілерімен жабдық­талған, мұндай жерлерде шо­мыл­ған адамдар әкімшілік жауап­кер­шілікке тартылады. Жүр­гізілген профилактикалық іс-шаралар ке­шенінің нәтижесінде шомылу маусымының 2 айында еліміздің су айдындарында қаза тапқандардың санын былтырмен салыстырғанда 23 адамға азайту мүмкіндігі туды. Дей тұрғанмен, әрбір құр­ғақ статис­­тиканың артында адам өмі­рі мен жақындарының қай­ғысы тұрғанын ұмытпауымыз керек. Соңғы 10 жылдың өзінде екі мыңнан астам адамның өмірі судан қиылып отыр. Өкінішке қарай, олардың 700-ден астамы – бала, – деді Төтенше жағдайлар министрлігі өкілі.

Тілшілер спикерден статис­ти­калық ақпараттардан бөлек, Түркістан облысында селфи жасаймын деп суға батып кеткен жасөспірімді іздеу жұмыстары қа­лай жүргізіліп жатқанын сұрады.

– Біздің құтқарушылар ондай қайғылы оқиға болған жерге дереу барады. Ағыны қатты болғаннан кейін, суға батқан адам бір орында болмауы мүмкін, ол әрі қарай сумен ағып кетуі ықтимал. Сондықтан бұл жерде іздеудің өзіндік технологиясы бар. Сүңгуірлер белгіленген бір квадраттар бойынша әрі қарай жылжи бастайды. Яғни адам батқан жерді белгілейді де, содан әрі қарай іздестіру көлемін ұлғайтады. Оның үстіне судың түбін көру мүмкіншілігі жоқ, десек те екі топ қарқынды жұмыс істеп жатыр. Қажет болған жағдайда құтқарушыларды тағы тартамыз, – деді ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитеті төрағасының орынбасары.

Жалпы, сала мамандарының жұмысын жоққа шығаруға болмайды. Мәселен, жыл басынан бері 250 отандасымызға дер кезінде көмек көрсетіліп, бір ажалдан аман қалды. Сондай-ақ 63 бала құтқарылды. Кәсібилермен қатар, қарапайым азаматтар да шомылу маусымында белсенділік танытып жүр. Таяуда Бурабайда 43 жастағы кәсіпкер Рүстем Шаймерденов 7 минут бойы су астында қалған қызды тауып, құтқарып қалды.

– Балаларды судың жанында қараусыз қалдырмаңыз, олар­­­дың өздігінен шомылуына жол бер­­меңіз. Тыйым салу белгілері орнатылған және жаб­дықталмаған жерлерде шо­мы­лу­ға немесе суға түсуге болмайды. Жүзу шекараларын бел­гі­лей­тін қалтқылардың артында жүзбеңіз. Осы қарапайым ере­же­лерді ескерсеңіз, сіздің және жақындарыңыздың өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ, – деп түйіндеді А.Ахметжанов.

Айта кетейік, қандай да бір апат болған жағдайда «112» телефоны бойынша көмекке жүгіну қажет.