Биылғы су тасқынынан зардап шеккен халықтың жағдайы елімізде тұрғын үйлерді сақтандыру мәселесіне түрткі болды. БҰҰ мәліметінше, соңғы 20 жылда дүние жүзінде табиғи апаттар, яғни жер сілкінісі, су тасқыны, құрғақшылық пен дауыл саны екі есе өскен. Ел халқының 75 пайызы дауыл, лай көшкіні, сел, су тасқыны, жер сілкінісі, орман және дала өрттері секілді табиғи апаттардың қаупі жоғары аумақта орналасқан. Халықаралық тәжірибеде мұндай табиғи және техногендік апатты аймақтары бар елдерде арнайы сақтандыру қорлары, мемлекеттік бағдарламалар мен міндетті сақтандыру жүйесі жұмыс істейді.
Сенатор Бибігүл Жексенбай залалды өтеудің жаңа тәсілдеріне байланысты өз ұсынысын жария етті.
«Халықтың баспанасын сақтандыруға ықылас танытпайтынын түсіну қиын. Мемлекетіміздің әлеуметтік бағытқа басымдық беретін саясаты осы сегменттің нарық жолымен дамуына кедергі келтіреді. Төтенше жағдай кезінде зардап шеккендерге мемлекет пен қамқор жандардың үнемі қолдау көрсететініне адамдар үйреніп қалған. Мемлекеттің ресурстары шексіз емес. Төтенше жағдай орын алған уақытта Үкіметтің резервтегі қосымша қаржы көздерінің өзі жетпей қалатын кездер болатынын түсінетін кез келді», деген еді сенатор.
Сенатордың айтуынша, шетелдік сақтандыру компанияларында тәуекелдер қайта сақтандырылады. Қайта сақтандыру тетіктерінің көмегімен әлемнің түкпір-түкпіріндегі компаниялар тәуекелдерді өзара бөлісіп, зардап шеккендерге сақтандыру төлемдерінің түсуін қамтамасыз етеді.
«Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, апаттық тәуекелді сақтандырудың барлық сәтті үлгісі ықтимал шығындардың орасан зор көлеміне байланысты мемлекет-жекеменшік әріптестігі қағидаты бойынша жүзеге асырылады», дейді депутат.
Ол түйткілді былай тарқату қажет дейді:
Еліміздегі сақтандыру жүйесін жетілдіру және тұрғын үйлерді міндетті сақтандыру мүмкіндігі бойынша халықаралық ұйым өкілдері, сарапшылардың қатысуымен арнайы ведомствоаралық комиссия құруды қарастыру; Отандық сақтандыру компанияларының төтенше жағдайлар шығынын өтеуге қатысты әлеуетіне сараптама жасалып, олардың жарғылық қорларын көбейту жағдайын зерделеу; Азаматтарға төтенше жағдайлар қаупі туралы алдын ала ұдайы ескертіп, тұрғындардың да жауапкершілігін арттырып, ойға алған шараларды қолдануына барынша жағдай жасауды қарастыру. Президенттің осы орайдағы талабы жеке заңнамалық нормада көрсетілу мүмкіндігін ойластыру. Табиғи апаттар салдарынан келтірілген залалды өтеу тәртібін қалыптастыру үшін тұрғын үйді азаматтардың меншігіне берудің нақты тәртібін реттеу, халықты табиғи апаттардан, оның ішінде су тасқынынан сақтандыру мен қорғауға бағытталған тиісті заң жобасын әзірлеуді қарастыруды ұсынды.2024 жылдың алғашқы екі айында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда мүлікті ерікті сақтандыру шарттары 77,3 пайызға өскен. Сақтандырылған тұрғын үйлер саны бойынша Астана көш бастап тұр. Оның үлесіне жаңа сақтандыру шарттарының жартысы – 50,4 пайызы тиесілі. Алматының үлесі– небәрі 14,85 пайыз. Алайда су басқан аймақтарда жеке мүлікті сақтандыру деңгейі өте төмен – 1 пайыздан да аз.
Сейсмикалық қауіпті аймақта тұрған Алматы қаласында жер сілкінісі үнемі болып тұрады. Жер сілкінісінен сақтандыру үрдісі қалыптаса қойған жоқ. Дегенмен азаматтар жылжымайтын мүліктерін апаттың осы түрінен сақтандырған болса, апат салдарынан тұрғын үйге келтірілген зиянды өтеуге болар еді дейді мамандар. Ресми деректерге қарағанда, біздегі барлық жылжымайтын тұрғын үй нысандарының 2 пайыздан аз көлемі ғана сақтандырылған. Жыл басында орын алған қатты дүмпулерден кейін тұрғын үйді ерікті сақтандыруға өтініш білдіргендер саны артқан көрінеді.
Бұған дейін тұрғын үйді сақтандыру көбіне ипотекалық несиелеу шеңберінде ғана жүргізілетін. Жақында депутаттардың тұрғын үйлерді міндетті сақтандыруға алу туралы бастамасынан кейін төтенше шығындарды өтеу тұрғысынан отандық сақтандыру компанияларының мүмкіндіктеріне талдау жүргізу үшін ведомствоаралық комиссия құрылған еді. Алайда сақтандыру нарығының өкілдері бұл мәселені қолға алмас бұрын тұрғын үй жайын, сақтандыру сомасы мен қандай табиғи апатқа тап болғанын нақтылау керектігін айтады.
Сақтандырушылар қауымдастығының төрағасы Виталий Веревкиннің айтуынша, мүлікті сақтандыру арқылы мүліктен толық айырылу қаупін азайтуға, залалдың орнын толтыруға мүмкіндік бар.
«Негізінен белгілі бір өңірде тұрғын үйді нақты қандай жағдайдан сақтандыру қажеттігін, сақтандыру жағдайы туындағанда қаражатты қайдан алуға мүмкіндік бар деген мәселелерді шешіп алу керек. Өйткені биылғыдай зардап шеккен 13 мың үйге төлем жасауға сақтандыру компанияларының шамасы жетпейді. Елде табиғи және техногендік апаттың салдарын жоюға бағытталған арнайы сақтандыру қорын құру әзірге қажетсіз. Себебі бізде әзірге сақтандыру нарығы дамыған елдердегідей біліктілік жеткіліксіз», дейді В.Веревкин.
Кейбір сарапшылар рұқсат етілмеген жерге құрылыс жүргізіп, кейін мемлекеттен өтемақы талап еткен халықтың шағымы заң шеңберіне сыймайды дейді. Сондықтан бұл жерде тек халық емес, сол үйді рұқсат етілмейтін жерге салуға жол берген жауапты мекемелердің де қызметтерін қатаңдату шарт.