• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Спорт 03 Тамыз, 2024

Бұра тарту – бокстың соры

311 рет
көрсетілді

Францияда өтіп жат­қан Париж жазғы Олим­пиясының жетінші күні мәресіне жетті. Жа­рыс жолына шыққан спорт­шыларымызға бұл күні де жүлде бұйырған жоқ.

Алдымен бокстағы ба­ты­раштық әрекет жа­йында. Ұлттық құ­раманың капитаны Асланбек Шым­­бергеновтің (71 кг) алғаш­қы­ жекпе-жегінде-ақ иордания­лық боксшыға есе жіберуі көп жайт­ты аңғартады. Одан кейін аса ауыр салмақтағы Қамшы­бек Қоңқабаевтың һәм Махмұд Сабырханның (57 кг) да бірін­ші жекпе-жегінде испаниялық қар­сыластарынан аса алмауы орасан сын. Қамшыбек Қоңқабаев 2019 жылы дәл осы испан бокс­шысы Аюб Дриссиді Ресейдің Екатеринбург қаласында өткен әлем чемпионатының екінші айналымында сұлатып түсіріп, нокаутпен жеңген еді. Арада өт­кен бес жыл ішінде қарсыласы өзінің деңгейін қалай көтерге­нін әйгілей алды. 92 кг салмақ дәрежесінде жазғы Олимпия ойындарының ширек финалына жеткен Айбек Оралбайды қаны кубалық Әзербайжан ­боксшысы Домингеске анық есе жіберді деп айтқан артық болар. Жерлесіміз қарсыласын қанша тықсырғанымен де төрешілер қарсыластың ұпайын артық жаз­ды. Басқаны қайдам, ең алдымен боксшы Мұхамед­сабыр Базарбайұлына ауыр тиді бұл қысастық. Өзі жазғы Олимпия ойындарының жолдамасын соңғы іріктеуде иеленді. Ел ішін­дегі «от пен судан өткізген» іріктеуі тағы бар. 63,5 кг салмақта Олимпиада дуына қосылған Мұхамедсабыр Базарбай­ұлы­ның обал-сауабы Олимпия ойындарының төрешілеріне. Боксшымыз іріктеу кезеңін­дегі екі жекпе-жегін де тамаша өткерді, талассыз жеңіске жет­ті. Ал ширек финалда грузин Лаша Гурулидің қабағынан қа­нын сорғалата сабаған. Бірақ төре­шілер «түйені де көрместің» ке­бін келтірді. Қарсыласының қа­бағын жерлесіміз соққысы­мен емес, басымен қағып жарып жіберді дейтіндер де табылды. Бірақ Мұхамедсабыр қасақана «мүйіздесе», рингтегі рефери жекпе-жекті әлдеқашан тоқтатар еді. Амал қанша, бесінші бокс­шымыз жазғы Олимпия додасын орта жолдан аяқтады.

Әлем чемпионы, Афина Олим­пиадасының күміс жүл­дегері Геннадий Головкин бас­қа­ратын Ұлттық олимпиада ко­ми­теті жерлесіміздің жеңі­лі­сі­не себепкер болған төреші­лер­дің үстінен шағым түсіргенін мәлімдеді.

«Ұлттық олимпиада ко­ми­­теті Мұхамедсабыр Ба­зар­­бай­ұлының жекпе-жегіне қа­­тысты шағым түсірді. Біз төре­шілердің шешімімен келіс­пейміз және PBU-дан (Paris boxing Unit) түсініктіме талап еттік. Бұдан ХОК та хабардар. Мұхамедсабыр Базарбайұлы 2024 жылғы Олимпиаданың жартылай финалына жолдама беретін маңызды кездесуде жеңіске жеткені талассыз еді. Өткен жекпе-жектің нәти­жесін қайта қарау мүмкін емес­тігін де түсінеміз. Алайда біз ірі халықаралық жарыстағы төре­лік әділ әрі таза болғанын қа­лаймыз», деді Қазақстан ҰОК бас хатшысы Жанар Өтешева.

Ұлттық олимпиада – коми­тет бұған дейін де боксшы­ла­ры­мыздың жекпе-жегіне қазы­лық етк­ен төрешілердің ше­ші­міне на­разылық танытып ескерту жа­саған еді. Осындай әділетсіздік сал­танат құрғандықтан да бокс жаз­ғы Олимпия ойындары­ның бағ­дарламасынан сызы­лып қа­луы мүмкін деген күмән­нің бұл­ты қоюланып келе жатқандай.

Дзюдо күресінен додаға қосылған Кәмила Берліқаш та (+78 кг) жазғы Олимпия ойындарын алғашқы айналымнан аяқтады. Моңғол балуаны Адиясурен Амарсайханға есе жіберді. Бұл күрес түрінен Париж жазғы Олимпия ойындарына 8 балуан (5 ер, 3 әйел) барған-ды, бұйырған медаль – 1 алтын, 1 қола. Спортшылары­мыз енді командалық тартысқа түседі.

100 метрге баттерфляй әдісімен жүзуде отандасымыз Әділбек Мусин өз тобында 5-орын алғанымен, жалпы нәтижеде 29-сатыға тұрақтап, жар­тылай финалдық кезеңге жетпеді. Әділбек үшін де жазғы Олимпия ойындары аяқталды.

Академиялық ескек есуден Владислав Яковлев Е тобында қара үзіп келгенімен, жалпы есептегі нәтижесінде 25-сатыны місе тұтты.