Апта басында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов елордадағы М.Жұмабаев, К.Әзірбаев көшелерінің бойында салынып жатқан Студенттер үйлерінің құрылысымен танысып, мердігер компаниялардың басшыларымен кездесті.
«Біздің министрлік 2022 жылдан бастап жатақхана мәселесін қолға алды. Жыл сайын он мыңнан астам төсектік орынға арналған жатақхана құрылысын бастап жатырмыз. Былтыр 10 343 төсектік орынға арналған 43 нысан тапсырылса, биыл жыл соңына дейін 27 нысан өткізіледі. 10 500 аса төсектік орынға негізгі тапшылық – Астана мен Алматы қаласында. Бірақ келесі жылы елордада бұл мәселе толық шешіледі деп отырмыз. Міне, Еуразия ұлттық университетінің 2700 төсектік орынға арналған жатақханасы тапсырылып жатыр. Оның 300 және 400 орынға арналған жатақхана құрылысын бірден бастап кеттік. Мың орынға арналған жатақхана құрылысы келесі жылы енгізіледі. Сондықтан бұл мәселе – министрліктің ұдайы бақылауында», деді Саясат Нұрбек.
Сондай-ақ Ғылым және жоғары білім министрі былтыр субсидиялық нормативтер өзгертілгенін айтты.
«Біздің қаржы орталығы арқылы жекеменшік мердігерлер жатақхананы салғаннан кейін алты жылдың ішінде ақшаны қайтарып беретін арнайы механизм бар. Биыл оның үстіне қайта жабдықтауға субсидиялық нормативтерді өзгертетін боламыз, яғни бұрыннан салынған қонақүй, хостел немесе бизнес орталықтарын үкіметтің көмегімен оларды жатақханаға айналдыруға мүмкіндік береміз. Сондықтан Астана, Алматы және еліміздегі өзге де ірі қалалардың кәсіпкерлеріне үндеу тастағым келеді. Бұл мемлекетке де, студенттерге де, өздеріне де пайдалы әрі үлкен көмек», деді ол.
Жаңа оқу жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті студенттері үшін қуанышпен басталмақ. Аталған жоғары оқу орны оларды жатақханамен толық қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Жаңадан салынып жатқан 4 Cтуденттер үйінің құрылысына жеке инвестиция тартылған. Соның бірі биыл пайдалануға беріледі. Университет екі жыл ішінде Студенттер үйінің санын көбейтіп, 5 мыңнан аса орынды пайдалануға бермек. Биыл Мағжан Жұмабаев көшесінде бой көтеріп жатқан заманауи жатақхана студенттерге есігін айқара ашады.
«Қазіргі таңда мемлекеттік қолдаудың арқасында инвесторлар Студенттер үйінің құрылысына айрықша қызығушылық танытып отыр. Оқу жылының алдында жаңа Студенттер үйі пайдалануға беріледі. Бүгін біз осы бағытта тағы да үш Студенттер үйінің құрылысын салуға белсенді жұмыс істеп жатырмыз», деді университет ректоры Ерлан Сыдықов.
Еуразия ұлттық университетінің жаңа Студенттер үйін «AEK Munai» ЖШС салып жатыр. Қазір 2 блок, 6 қабаттан тұратын ғимарат құрылысы қарқын алған. Жатақхананың жалпы ауданы 4,5 мың шаршы метрден асады.
«Биыл біздің компания өз қаражатына студенттер жатақханасын салуды шешті. Біздің алғашқы жобамыз – Еуразия ұлттық университетінің Студенттер үйі. Алты қабатты ғимаратта 170 бөлме, 400 орын қарастырылған. Құрылыс жұмысы жыл басында басталды. Енді 7 айда аяқтағалы отырмыз. Жатақхана жайлы әрі заманауи. Бірінші қабатта студенттер үшін коворкинг аймақ орналасады. Біздің компания бұған дейін Астана қаласында «Айсафи», «Аружан», «Шыңғыс-1», «Шыңғыс-2» тұрғын үй кешенін салды», деді «Bastau Damu KZ» ЖШС директоры Арман Халелов.
Айта кетейік, былтыр Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Астанада Студенттер жатақхана құрылысының жобалық кеңсесі құрылды. Осы бағытта Ғылым және жоғары білім министрлігі, Астана қаласы әкімдігі, «Қаржы орталығы» АҚ және инвесторлар мен жоғары оқу орындары арасында ынтымақтастық туралы меморандум жасалды.
Құрылыс жұмысын жүргізіп жатқандардың ішінде «Integra» компаниясы да бар. Олар үш блок, бес қабаттан тұратын 2 656 орындық Студенттер үйін салып жатыр.
«Қазір құрылыс жұмысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Студенттерге жылы әрі жайлы болу үшін бар күшімізді саламыз. Құрылыста 450 адам істейді. Біз салып жатқан Студенттер үйінде оқу залы, коворкинг аймақ, компьютерлік сынып секілді жастарға қажетті барлық дүние қамтылады», дейді «Integra» компаниясының бас директоры Данияр Рахымтаев.